Жаңалықтар

Алматы әкімдігі тұрғындарға үндеу жасады

pixabay

Басқармасы өкілдері қала тұрғындарынан арықтарға, нөсер ағындары мен каналдарға қоқыс тастамауды сұрады.

20-22 наурыз аралығында Алматыда ауа райы нашарлап, нөсерлі жауын-шашын болады деп күтіледі. Осыған байланысты қалалық коммуналдық қызметтер дайындық жұмысын бастады

Ведомство мәліметінше, қазір 36 жұмысшы мен 89 арнайы техниканың күшімен арық желілерін, арық өткелдерін және қоқысқа айналған жерлерді тазалау жұмыстары жүргізілуде.

«Оңтүстіктен солтүстікке қарай орналасқан негізгі меридиандық арықтарды тазарту аяқталды. Көлденең арық желілерін жинау жұмыстары жалғасуда. 18 наурыздағы мәлімет бойынша 640 тонна қоқыс, сазды балшық, лай және мұз шығарылды», - делінген хабарламада.

Басқарма өкілдері жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу үшін мотопомпалармен және шанц құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылатынын мәлімдеді. 2,3 мыңнан астам қап құм дайындалды.

«Аудандық әкімдіктерде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылатын болады.

Ауа райының нашарлауына байланысты тұрғындарға тауға барудан бас тартуға, жүргізушілерге ағаштардың құлау қаупі мен электр желілерінің үзілуіне байланысты көліктерді жол жиегіне қоймауға кеңес беріледі», - деп ескертті ведомство өкілдері.

Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы өкілдері су басуды болдырмау үшін қала тұрғындарынан арықтарға, нөсер ағындары мен каналдарға қоқыс тастамауды сұрады.