Жаңалықтар

Талдықорғанда Ұлттық киім күніне орай көрме ұйымдастырылды

Sputnik / Тимур Батыршин

Көрмеде жұрт назарына ұсынылған ұлттық киім үлгілерін жетісулық қариялар мен ақжаулықты аналар көрсеткен күнделікті киіп жүр.

Ұлттық киім күніне орай Талдықорғанда ғасырлар бойы қалыптасқан Қызай мәдениетінің көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бір анадан тараған бірнеше буын ұрпағы ер азаматтардың тақиясы мен қалпағын, аналардың кимешегі мен түскиіз өрнектерін осы күнге дейін бірізділікпен сақтап келеді.

Qazaqstan арнасының мәліметінше, Қызай қалпағы төрт бөлікке бөлініп тігілген. Мұнда төрт құбыла тең болсын деген мағына жатыр, - дейді зерттеушілер. Сол сияқты кимешек пен түскиізде де осыдан бірнеше ғасыр бұрын салынған ою-өрнектер қазір де қоллданылып келеді. Көрмеде жұрт назарына ұсынылған ұлттық киім үлгілерін жетісулық қариялар мен ақжаулықты аналар көрсеткен күнделікті киіп жүр.

«Қызай қалпақтың екі ғасыр бұрын, бір ғасыр бұрын тігілген нұсқасы бар. Шылауыштың да, түскиіздің де. 50-60 жыл алдында тігілген нұсқасы бар. Қысқасы осы жерде қызайдың қалпақ, шылауыш, тақия, түскиіз өнері сол 500 жылдың алдында біздің Қызай анамыздың тапқырлығы болса, сол тапқырлық бес ғасыр бойынша өзінің өлшемін жоғалтқан жоқ», – деді жазушы-өлкетанушы Қажет Андас.

Кимешек – аналардың алтын тәжі

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Кимешек – аналардың алтын тәжі» атты көркем-этнографиялық көрме ұйымдастырылды. Мұнда 19-20 ғасырларда қазақ аналары киген кимешектің 11 түрі қойылған. Олардың пішініне, ою-өрнегіне қарап қай жастағы адамға тиесілі екенін білуге болады. Мысалға, көрмедегі ең көне кимешектің екі ғасырлық тарихы бар. Оны қала тұрғыны тапсырған. Берген мәліметінше, Семей губерниясының Тобықты руынан шыққан әжесіне тиесілі болыпты. Бұл жас әйелге арналған бас киім, өте ашық, қанық түстерге бай. Қошқар мүйіз оюы, сондай-ақ өсімдік өрнектері бар.

«Ұсынылған әр кимешектің осындай ерекшелігі, тарихы бар. Дені этнографиялық зерттеулер барысында жиналған. Жалпы кимешекті әйелдер ана мәртебесін алғаннан кейін киген. Кәдімгі бас киім болғанымен, оның мәні мен мағынасы терең. Бұл тектілік пен даналықтың символы», - дейді зерттеушілер.