Еуроодақ қорғанысын күшейтеді
Еуроодақ қорғанысын күшейтеді
Еуроодақ әскери жоспарлау және қауымдастықтың әскери емес миссияларын басқару орталығын ашады. Ол Еуроодақ Әскери штабы жанынан құрылады деп хабарлады 24.kz.
Бұл шешім Кәрі құрлық елдері сыртқы істер министрлерінің Брюссельде өткен Кеңесінде қабылданды. Еуроодақтың жаңа әскери құрылымы жалпыеуропалық қорғаныс пен қауіпсіздік саясатын жүргізіп, Еуроодақтың әскери емес миссияларын басқармақ. Мысал үшін Сомали, Мали және Орталық Африка Республикасында жүргізілген миссияларды келтіруге болады. Дегенмен, сарапшылар Еуроодақ қорғанысының шоғырлануына сырттан төнген лаңкестік қауіп себеп деп отыр. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Федерика Могеринидің айтуынша, қорғаныс орталығының жұмысына Еуроодақтың қарымта күштерінің әскери топтары мен барлау құрылымдары жұмылдырылады. Ал Еуроодаққа мүше елдер орталық бюджетін еуропалық қорғаныс қоры арқылы қаржыландырады.
Федерика Могерини, Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:
- Бүгін мен Еуроодаққа мүше 28 елдің сыртқы істер және қорғаныс министрлеріне Әскери жоспарлау мен басқару орталығын құруды ұсындым. Оның құрылатыны туралы шұғыл шешім де қабылдадық. Бұл орталық жүргізіліп жатқан оқу әскери миссияларды бірыңғай әрі тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл еуропалық әскер емес, дегенмен сондай қауесет тарап та үлгерді. Бұл таяуда біз қолға алатын әскери қорғаныстың тиімді қадамдарының бірі болмақ.
Майкл Фэйлон, Ұлыбританияның қорғаныс министрі:
- Сонымен қатар мен әскери құрылымдардың қайталануына жол бермеу үшін Еуроодақты НАТО-мен тығыз байланыста болуға шақырамын. Жаңа қауіп-қатерлерге жол бермеу керек, оның ішінде киберқауіпсіздікке мән беру қажет. Еуроодақ елдерінің Кәрі құрлықтың қорғаныс өнеркәсібін жұмыла қаржыландыруы 20 пайызды ғана құрап отыр. Бұдан ары әр елдің жарнасы өсе ме, жоқ па - әзірге белгісіз. Жаңа еуропалық әскери құрылым өз жұмысын осы көктемде бастамақ.