Жаңалықтар

120 жыл бұрын жасалған бесік көрмеге қойылды

24.kz

Талбесік құба талдан иіліп жасалған.

Амал мерекесіне орай Алматыдағы Орталық музейде «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» ІІ Халықаралық ғылыми форумы ашылды, деп хабарлады turkystan.kz.

24KZ сайтының мәліметінше, ауқымды іс-шарада этнограф ғалымдар, музей қызметкерлері түркі дүниесіне ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттауда өзара іс-қимылдарды ортаға салды.

Форум аясында Қазақстан Орталық музейінің қорындағы бесік жинағы алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Форум қонақтары алдымен бесік көрмесін тамашалады. Мұнда музей қорындағы әр жылдарда жасалған 15-ке жуық бесік қойылған. Арасында жасалғанына 120 жыл болған бесік бар. Төрт ұрпақтың балалары жатқан деген мәлімет бар. Ол этнографиялық экспедиция барасында Қызылорда өлкесінен әкелінген. Ал кейбірінің жасалған жылы, шыққан жері, иесі беймәлім.

Көрмедегі ең назар аудартатын көне бесіктердің бірі – талбесік құба талдан иіліп жасалған. Бір ерекшелігі, бұл бесікті жасағанда ешқандай шеге қолданылмаған. Талдың жас шыбықтарын иіп, арқанмен бекіткен. Зерттеушілердің айтуынша, бұл бесіктің қай кезде жасалғаны әзірге белгісіз. Бұл бесікті музейдің қорына биыл ғана фотосуретші-саяхатшы Таймас Нұртаев тапсырған.

Бесік – қазақ үшін қасиетті ұғым. Көшпелі дәуірде баланы алып жүруге ыңғайлы болған бұйым ретінде ғана емес, тәлім-тәрбиенің, ұрпақ жалғастығының белгісіне айналған. Бос бесікті тербетпеу, бесікті жабусыз қалдырмау сияқты ырымдар содан қалған, – дейді ғалымдар. Көрмеде бесіктің шығу тарихының әріде екенін дәлелдейтін жәдігерлер бар.

«Дәстүрлі қазақы ортадағы ең көне бесік осы болып табылады. Дегенмен орта ғасырлардағы археологиялық қазба барысында Тараз қалашығынан, Сарайшық қалашығынан осы бесіктің негізгі құрамдас бөлігі, түбектің табылғандығын дәлелдейтін археологиялық материалдар да осы біздің көрмеден өзінің орнын алған», – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бас қор сақтаушысы Үміт Әшімова.

Форумға Ресейден, Түркиядан, Қырғызстаннан келген ғалымдар Наурыз мерекесінің тойлану тарихы, көшпенділер мәдениетіне қатысты зерттеулерімен бөлісті.

 «Іс-шараға жалпы Қазақстанның көптеген өңірлерінен, 70-тен астам музей мамандары қатынасып отыр. Бұл біздің жалпы тарихи мұраларды жинақтайтын да, насихаттайтын да музейлер болғаннан кейін біз алғашқылардың бірі болып, Мемлекет басшысының Наурызнама іс-шарасын қолға алып, насихаттауды бастап кеттік», – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова.

Ғылыми форум аясында музейлік тәжірибе алмасу шаралары өтеді. Ал Бесік жинағы көрмесі 15 сәуірге дейін жалғасады.