Наурыз жаңаша тойланады
Биылғы жылдан бастап Қазақстан бойынша Наурыз мерекесін жаңа форматта тойлаудың мәні не, онда қандай шаралар жүзеге асады десек, енді Наурыз мейрамы біртұтас онкүндік мерекеге айналып отыр. Яғни, енді жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өтеді. Бұл орайда Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, ол еліміздің барлық аймақтарында бірдей қолданылатын болады.
Наурыз мерекесі 1988 жылы елімізге араға 62 жыл салып қайта оралды. 1926 жылы Кеңес өкіметі діни мейрам деген сылтаумен халықтық дәрежеде тойлауға тыйым салынған бұл мейрам Ұлы Далада ғасырлар бойы тойланып келген, халқымыздың жаңа жылды қарсы алу дәстүрі болатын. Сондықтан жаңа дәуірде қайта оралған, 36 жылдан бері халқымыздың жыл сайын қуана күтіп алатын Наурызы көңілдерге қуаныш сыйлайтын, салт-дәстүрімізді еске түсіріп, әдет-ғұрпымызды жандандыратын рухани құбылысқа айналды.
Жалпы, белгілі бір мәні бар, қалыптасқан түрі бар өзге мейрамдарға қарағанда Наурыз мерекесінің аясы кең, жан-жақты түрлендіре беруге болатын мейрам. Сондықтан кейінгі жылдары бірқалыпты пішінге түсіп бара жатқан Наурызды елімізде тойлаудың жаңа концепциясы жасалып, ел басшылығы көктеммен бірге келіп, көңілдерді көріктендіретін мейрамды жаңаша мерекелеудің жобасын бекітті.
Биылғы жылдан бастап Қазақстан бойынша Наурыз мерекесін жаңа форматта тойлаудың мәні не, онда қандай шаралар жүзеге асады десек, енді Наурыз мейрамы біртұтас онкүндік мерекеге айналып отыр. Яғни, енді жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі өтеді. Бұл орайда Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, ол еліміздің барлық аймақтарында бірдей қолданылатын болады. Тарихи кезеңдерде жаңа жылды тойлау он шақты күнге жалғасып, ол «Наурызнама» деп аталған. Бұл жайында Махмұд Қашғари, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектерінде айтылған. Сондықтан еліміз ендігіден былай сол деректерге арқа сүйей отырып, Наурызнаманы жаңғыртып, жаңаша мерекелейтін болады. Атап айтқанда: 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде күні бүгінге дейін сақталған. Енді халқымыз үшін қастерлі әрі орны ерекше бұл мерекені еліміздің барлық аймақтарында тойлау ұсынылды. 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады. Қоғамға қайырымдылық көрсету мәдениетін сіңіріп, жанашырлық пен өзара қол ұшын беру құндылықтарын қалыптастыру үшін бұл күннің маңызы зор. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. 17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күні ұлттық отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді. 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізіледі. 19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жаңғыртып, еліміздің барлық өлкесінде жаңадан терек-талдар, жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстары, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту турнирлері қарапайым халықтың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік береді. 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халықтың бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады. 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар жүргізілетін болады. Бұл Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы. Енді осы күндердің мән мағынасы туралы айта кетейік. Көрісу күні Наурызнаманың бірінші күні. Көктем наурыз айынан басталатыны белгілі. Шығыс халықтары үшін жаңа жыл көктемде кіруге тиіс. Себебі көктемде суық кетіп, күн жылына бастайды. Жер жаңарып, өсімдіктер әлемі тіріліп, дүние жаңарады. Жаңа жыл деп аты айтып тұрғандай, жаңа жылда әлем-тірпшілік жаңармаса, оның несі жаңа жыл? Біздің қазіргі ресми жаңа жылымыз қыстың бірінші айында басталады. Ол кезде дүние жаңармақ түгілі жер-әлем қардың астында жатады. Өсімдіктер әлемі мүлде өлі күйде болады. Демек, жаңа жыл көктемнің алғашқы айы − наурызда кіруі заңдылық. Бірақ бізде елдің бір-бірін қазақтың жаңа жылымен құттықтау неге 14 наурыздан басталады? Оның бір себебі, 1918 жылдың 24 қаңтарында В.Ленин «Россия республикасында батысеуропалық күнтізбені қолдану туралы декретін» жариялап, ол бойынша Кеңестік Ресейдің Григориан күнтізбесіне өту жайында құқықтық-нормативтік акт қабылданды. Осылайша, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі бірінші күні ақпанның бірі емес, 14-інен басталғаны мәлім. Содан бері осы күн санау жүйесімен жүріп келеміз. Демек, қазіргі 14 наурызымыз бұрынғы 1 наурыз. Сондықтан 14 наурызда елдің бір-бірімен көрісіп, жаңа жылмен құттықтауы заңдылық деуге болады. Оны амал мерекесі деп атап жүргендерге ғалымдар тарапынан қарсылық бар. Дұрысы көрісу күні екен. Қайырымдылық күні Наурызнаманың екінші күні ретінде алынып отыруында да символдық мән бар. Жаңа жыл басталғанда ол көңілдерге қуаныш сыйласа бір ғанибет. Қоғамда қашанда қайырымдылыққа зәру адамдар болады. Оларды өзгелер елеп-ескеріп, мейірім танытып, қайырымдылық жасап отырса, бұл үлкен адамгершіліктің белгісі. Адамгершіліктің жазылмаған заңдарына әркім бас иіп, бір-біріне көмектесуге дайын тұрса, ол қоғамда әділеттілік сөзсіз үстем болады. Наурызнаманың үшінші күні Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болса, оның ұлт, мемлекет үшін зор маңызы бар. Мәдениет ешбір халықтың жеке меншігі емес әрі ол кең ұғым. Ұлттық мәдениет әр халықтың болмысын, рухани әлемін көрсетіп тұратын құндылық. Қазақ халқының мәдениеті оның салт-дәстүрлерінде, әдет-ғұрыптарында. Сондықтан оны сақтау, қолдану, қадірлеу өте маңызды. Демек, бұл күн қазақ мәдениетін дамытуға арналғандықтан, оны да ерекше қуанышпен атап өткен дұрыс. Наурызнаманың төртінші күні − Шаңырақ күні − отбасы құндылықтарына арналған күн. Қазақ отбасыларының өз құндылықтары бар. Ол үйдің үлкеніне құрмет, кішілеріне ізет көрсету, сыпайы болу, сыйластықта өмір сүру. Бізде жасы үлкендердің орны ерекше, олардың айтқан ақылы, көрсеткен өнегесі жасы кішілерге жол-жоба, бағыт-бағдар саналады. Қазақ ұрпағын әрдайым жаман істен жиренуге, жақсыға сүйінуге, қуануға, қолдауға тәрбиелейді. Өтірік айту, ғайбаттау, алдау сияқты теріс әдеттерден сақтандырады. Наурызмананың бесінші күні − Ұлттық киім күні де ұлтымыз үшін маңызы бар күн деуге болады. Қазақтың ұлттық киімдері бірегей, еш елге ұқсамайтындығымен ерекшеленеді. Ұлттық киімді құрметтеу, оны киіп жүру де өз халқыңа деген сүйіспеншіліктің белгісі. Бүгінде тақия киген ер адамдар мен камзол киген қыз-келіншектердің көбеюі де ұлттық киімге деген ерекше құрмет, өзіңнің қай ұлттың өкілі екеніңді танытып тұратын қасиет. Демек, ұлттық киімді заманға сай жаңғыртып, тұтынып отырсақ, онкүндік наурызнама күндері бәріміз де ұлттық киім киіп жүре алсақ, ол да өз тегіңе деген мақтаныш сезімін оятады. Наурызнаманың алтыншы күні – Жаңару күні ағаш отырғызу дәстүрін жаңғыртуға арналған. Бұрында көктемде әр үй ауласына тал отырғызып, жеміс ағашын егіп жататын. Бұл біздің табиғатты аялау сезімімізді оятатын, адамзатқа оттегін бөліп тұратын өсімдіктер дүниесіне деген құрметтің көрінісі. Жер шарында орманы аз елдер көп, біздің ел де солардың қатарында. Сондықтан жаңару күнінде еліміздің әр тұрғыны ауласына не көшесіне, сондай-ақ орман өсіруге болатын алқаптарға тал-терек егіп жатса, ол да бір ғанибет. Орманы көп елдің ауасы таза, осыны естен шығармау керек. Наурызнаманың жетінші күні Ұлттық спортқа арналған. Қазақта ұлттық спорттың түрлері көп, бірақ қолданып жүргеніміз аз. Ат жарысы, көкпар мен қазақша күрес қана танымал. Қалғандарын жұрттың көбі біле бермейді. Дегенмен кейінгі жылдары садақ ату дамып келеді. Бұрында мергендікке баулитын жамбы ату, күш-қайратты көрсететін аударыспақ деген ұлттық ойын түрлеріміз болған. Ұлттық спорт күнінде сондай халықтық спорт түрлерін дамытуға себіміз тиіп жатса, ол тек қана қуанышты жағдай болар еді. Наурызнаманың сегізінші күні ынтымақ күні деп белгіленген. Ынтымақтасу мемлекет үшін де, халық үшін де маңызы бар құбылыс. Бір елде әртүрлі халық өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі қашаннан бар. Адамдар нәсілі, діни сенімі, тілі, әдет-ғұрпы жөнінен әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оларды біріктіретін адамгершілік қасиеттер. Адамдардың бір-біріне түсіністікпен қарауы, бір-бірінің сенімін, салтын сыйлауы халықтың бірлігі мен мемлекеттің бүтіндігі үшін ең керекті фактор. Демек, ынтымақ күні саяси тұрғыдан да, адамгершілік жағынан да өз мақсатына жетіп жатса, ол үлкен жетістік. Наурызнаманың тоғызыншы күні – 22 наурыз, жыл басы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, халқымыз ежелден көктемнің келуін жаңа жыл деп қабылдаған. Мұндай түсінік бізден басқа көптеген халықта да бар. Шығыс халықтары есте жоқ ескі замандардан бері жыл басын наурыз деп санап келеді. Біздің ата-бабаларымыз да солай санаған. Демек жыл басын қуанышпен, жаңа арман-үміттермен қарсы алуға үйренуіміз керек. Бүгінде қаңтардың бірі күні қарсы алып жүрген жаңа жылдың көңіл күй бірте-бірте наурыздың 22-сіне қарай бұрылса, біз табиғи түрде келетін жаңа жылды күтіп алуға әдеттеніп, табиғатпен үндес өмір сүруге үйренетін боламыз. Наурызнаманың соңғы күні – 23 наурыз. Бұл алғашқы тоғыз күннің қорытындысы іспеттес. 14 наурыздан басталған «Наурыз-базар» сауда, жәрмеңке күндерінің соңы осы күнде аяқталады. Әрине, жәрмеңке дегенді жыл бойына өткізе беруге болады, бірақ он күнге созылатын наурыз жәрмеңкесінің орны бөлек. Онда адамдар өздері көптен бері сатып алсам деп ниеттеніп жүрген нәрсесін базардан тапса, оның бағалары да қолжетімді болса керемет емес пе? Наурыз-базар жәрмеңкесінде бәрі табылуға тиіс. Кім не қалайды, бәрі болғаны жақсы. Сондықтан еліміздің барлық жерінде жыл бойы осы Наурыз-базарға дайындық жүріп, онкүндік Наурызнаманы ерекше етіп өткере білсек керемет болар еді. Онда ол әлемге қазақ базары деген атпен танылып, осы күндері елімізге өзге елдерден туристер ағылар ма еді. Ол дегенің керемет қой. Демек Наурыз-базарды қазақтың ұлттық ЭКСПО-сы қылуға мүмкіндік бар! Қазаққа алпыс екі жылдан кейін қайта оралған Наурыз мейрамы бүгінде елімізге, халқымызға рухани ләззат, шабыт сыйлайтын мерекеге айналды. Дегенмен Наурызды жаңаша тойлау − Наурызмана жобасын жүзеге асыру біздің мемлекеттің саяси өмірінде орын алары сөзсіз.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ