Бесқалада күрес туын көтерген
Шорабек Мұстафаев туралы бір үзік сыр
Үлкен армандар қияндағы ауылда өскен талай қазақтың жүрегін аласұртып, талай биікке талпындырған. Бірақ сол арман биігінен көріну оңай емес, ал оған қол жеткізу сертіне берік, ұстанымынан айнымайтын жандардың ғана маңдайына жазылған. Кеудеде намыс оты шалқып тұрғанда арлы жігіттің қашанда бәсі биік, арманы асқақ. Аралдың бергі жағында туып, арғы жағынан бақыт тауып, бала күнгі мақсаттарына қол жеткізген, бір елде самбо күресінің негізін салып, талай байрақты бәсекеде жеңімпаз болып атой салған, жүздеген палуандарға ұстаз болып, бір елдің абыройын аспандатқан қазақ баласы Шорабек Мұстафаевтың ғұмыр жолына көз тіккенде, оның ұрпаққа үлгі болар тағылымын, өшпес өнегесін көресің. Көресің де сүйсінесің, қарайсың да қуанасың.
ЕҢБЕК ШЫҢДАП, ӨНЕР ӨСІРЕДІ
Осыдан тура сексен жыл бұрын Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген Шорабектің ғұмыры тақтайдай түзу жолға бірден түсіп, тірліктің даңғылымен қиындықсыз зырлап кеткен жоқ. Әкесі Әли Екінші дүниежүзілік соғысқа кеткеннен оралмады. Қан майданда қаза тауып, Украина жерінде мәңгілік дамыл тапты. 1943 жылы соғысқа алынғанда Әлидің алды енді ғана 10 жасқа толған төрт баласы бар еді (Жәли, Анарбек, Қанабек, Әскербек) және әйелінің аяғы ауыр болатын, оған Әлидің соғыстан хат жолдап «ұл болса атын Шорабек қойыңдар» деген өтінішімен нәресте жарық дүниеге келгенде Шорабек атанды. Сөйтіп, тумай жатып тағдырдан теперіш көрген балалардың анасы Зиба Омарқызының қажыр-қайратының арқасында бес баланың бәрі де жастайынан еңбекпен шыңдалып, нанын маңдай терімен адал табуға тәрбиеленді. Арал қаласында 6-сыныпты оқып бітірген соң Шорабектің отбасы 1957 жылы Қарақұм совхозына қоныс аударды. Шорабек сол жерде 7-сыныпты бітірген соң совхоздың токарына көмекші болып жұмысқа орналасты. Анасына қайтсем қолқанат боламын деп, қабырғасы қатпаған кезінен еңбекке араласқан оның жолы болды. Токарь атанып, темір жону үшін шеберлікпен бірге үлкен шыдам керек. Станоктарды зырылдатып, совхоздың техникасына қажет нәрсенің бәрін жасайтын алғыр бозбала таңның атысы мен күннің батысына дейін жонылған металдардың қолқаны қабар иісін елемей, маңдайдан тер тамшылатып жататын Шорабектің несібесі мол болды. Ол кезде токарьдың айлық жалақысы совхоз директорының айлығынан артық болатын. Осылай отбасын табысымен қуантқан ол білім мен өнерді ойынан шығарған жоқ, жұмыстан соң кешкі мектепке қатынап, орта білім алды. Бала жасынан ел ішіндегі өнерпаздарды көріп өскен оның бойында өнерге деген бейімділік бар еді. Совхоз клубында өнерпаздарға жетекшілік жасады, байқауларға қатысып, бұл басқарған өнерпаздар ұжымы облыс орталығы – Қызылорда қаласында өткен жарыстарда жүлделі орындардан көрінді. Талантты жастың талабын ұштау үшін совхоз басшылығы оны 1959 жылы көркемөнер училищесіне оқуға жіберіп, Шорабек ол жерден баян аспабында ойнайтын музыкант және хор маманы болып оралды. Сөйтіп, дипломды өнерпаз енді ауылдың талантты жастарына музыкалық білім беретін ұстаз деңгейіне көтерілді. Қазақ «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой, ол бойындағы білімі мен талантын ұштап, үнемі қабілетін дамытып жүретіндерге айтылған болса керек. Токарь станогын ұршықша айналдыратын, ән салып, музыка аспаптарын безілдететін музыкант жігіттің бойында спортқа деген қызығушылық та орасан еді. Күші бойына сыймай жүретін бұла жас ауыл стадионында өзгелермен бірге доп тебетін, кір тасын көтеретін, күресетін. Сөйтіп, бірте-бірте спортшы болуға аңсары ауған Шорабек болашағын осы саладан іздеуге бел буды.
СПОРТТАҒЫ ДАҢҒЫЛ ЖОЛ
Елдің туы екі жерде көтеріліп, екі жерде мемлекеттік әнұран шырқалады, соның бірі − бір елдің басшысы екінші бір елге ресми сапармен барғанда жасалса, екіншісі спорт жарыстарында жеңімпаз елдің құрметі үшін жасалатыны белгілі ғой, демек Шорабектің де спортқа келуінің өзі саналылық еді. Аралдың бергі жағынан арғы жағына көз тіккен ұл 1963 жылы Қарақалпақстанға барып, сол жердегі мемлекеттік педагогикалық институтының Дене шынықтыру факультетіне оқуға түсті. Күреспен шындап айналысып, спортшы ретінде шыңдауды қалаған 19 жасар жас жігіт оқи жүріп, Өзбекстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Әминбай Исмаиловтың қол астында жаттығып, еркін күрестің қыр-сырын үйренді. Сөйтіп, алғашқы жылдың өзінде еркін күрестен Қарақалпақстанда бірінші, Өзбекстанда төртінші орыннан көрінді. Бірақ бірінші курсты бітірген соң сол кездің тәртібі бойынша армия қатарына алынды. Ол кезде қазіргідей жоғары оқу орнында оқып жатқаныңа қарамайды, жасың келсе болды, әскери борышыңды өтеу керек деген заң бар. Сонымен Запольярияда әскери борышын өтеп жүрген Шорабектің спортшы екенін білген әскери басшылар оны самбо күресінен полкта өткен жарысқа қатыстырады. Бұрын еркін қазақ күресінен, еркін күрестен тәжірибесі бар оның аз уақытта самбоны жедел игеріп алған, 66 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеген мықты солдаттың болашағын болжаған әскердегі спорт басшылығы оны үлкен жарыстарға қатыстыру үшін Псков қаласындағы әскери қызметке алып қалды. Олардың үмітін ақтаған Шорабек 1965 жылы Саратов қаласында өткен жарыста бірінші орын алып, КСРО спорт шеберіне кандидат нормативін орындады. Бұдан соң Саратов қаласындағы әскери ротада қызмет ете жүріп шеберлігін жетілдіре түскен ол 1967 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында армияның орталық спорт клубы (ЦСКА) біріншілігіне қатысып екінші орын алып, КСРО спорт шебері атанды. Бұл – Қарақалпақстан қазақтары тарихында алғашқы қол жеткен үлкен табыс болып жазылды. Шорабектің талпынысы мұнымен тоқтаған жоқ, 1967 жылы оны тағы бір үлкен спорт бәсекесі күтіп тұрды, сол жылы ол Эстонияның астанасы Таллин қаласында өткізілетін КСРО біріншілігіне қатысуға бел байлады. Мұндай үлкен жарысқа қатысу үшін бір республиканың атынан шығу керек. Ал Шорабекті Қазақстан да, Өзбекстан да өз командаларына қоспады. Тіпті, Шорабектің командирлері Өзбекстанға хат жазып, «Мынадай керемет спортшы студенттеріңіз бар екен, осыны сіздің елдің атынан жарысқа қатыстыруыңызды сұраймыз» деген өтініш жасаса да, селт етпеді. Бәрі «Өз спортшыларымыз жетеді» деген уәжді алға тартты. Бірақ «Ер жігіттің қадірін ағайын емес, жат білер» дегендей, күші тасып тұрған жас жігітті эстондар өз командасына шақырды. Сөйтіп, Аралдың қажырлы қара баласы Эстонияның Тарту университеті атынан мемлекеттік деңгейдегі үлкен жарысқа қатысып, эстон еліне алтын медаль сыйлады. Жарыстан соң Қазақстанның да, Өзбекстанның да спорт басшылары «Мына бала қайдан шықты, мұны неғып білмей қалғанбыз» деп аһ ұрды. Өкінгеннен не пайда, «Ерді кебенек ішінен танымағандар» қолына түсіп тұрған чемпионнан айрылып қалды. 1967 жылы кеудесінде «КСРО спорт шебері» төсбелгісі жарқыраған Шорабек Мұстафаев Нөкіске келіп оқуын жалғастырды. Оқи жүріп, өзі әскерден жоғары деңгейде меңгеріп келген «әскери самбо» күресінен жастарды жаттықтыра бастады. Солайша, айлық алатын штаттағы жаттықтырушы болып, Қарақалпақстанның құрама командасын жаттықтырды. 1968 жылы Самарқанд қаласында өткен Өзбекстан чемпионатында ол бірінші орынды жеңіп алды. Арада тағы бір жыл өткенде Өзбекстан чемпионатында қарсыластарын бет қаратпай жеңіп, финалға шықты. Бірақ финалда орталықтың балуанынан кем өнер көрсетпеген Шорабекке күміс медаль бұйырды. Сөйтіп, ол Өзбекстан құрама командасына алынды. Дегенмен қарақалпақ елінде самбодан өз мамандары болмағандықтан, байрақты бәсекелерде өзгелер тарапынан бола беретін әділетсіздіктерді байқаған Шорабек, қарақалпақстандық мамандарды тәрбиелеп, олардың қатарын көбейтпесе мұндай келеңсіздіктердің бел алып кете беретінін байқап, бұл саланы дамытуға бел буды. Оның бұл тараптағы ұсыныстарын қолдаған Қарақалпақстан Спорт комитеті елде самбо мектебін ашуды қолға алып, студент Шорабекке ел бойынша ең алғашқы «Самбо жаттықтырушысы, ұстаз» деген ресми атақ берді. Сөйтіп, Арал перзентіне ежелгі Бесқала жерінде самбо күресінің негізін салу бақыты бұйырды!
ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС
1971 жылы жоғарғы оқу орнын табысты бітірген талапшаң жас маманның болашағынан үлкен үміт күткен институт басшылары оны Дене тәрбиесі факультетінің оқытушысы етіп тағайындады. Жас оқытушы жас спортшыларды тәрбиелеуге көп көңіл бөлді. Сөйтіп, самбоға қызығушылығы артқан жастар Шорабектің маңына топтаса бастады. Әрине, жетістік өзінен өзі болмайды, оған жету үшін мықты жаттықтырушыдан басқа дайындалатын жер қажет. Бұл мәселелер Шорабектің беделі арқасында жүзеге асып, басшылар қолдан келген көмегін аямады. Шорабаек 1972 жылдан көп жылдар бойы самбо күресі бойынша институттың құрама командасын өздеріндегі спорт залында, республиканың құрама командасын «Мехнат» Дене шынықтыру және спорт қоғамының орталық залында, жасөспірімдердің құрама командасын В.Терешкова атындағы мектептің залында жаттықтыра бастады. Оның бұл еңбегі өте жемісті болып, оның шәкірттері арасында самбодан 20 «КСРО спорт шебері», дзюдодан 3 «КСРО спорт шебері», ұлттық күрестен 24 «Өзбекстан спорт шебері» және елуден аса спорт шеберіне кандидаттар шықты, сондай-ақ халықаралық дәрежеде спорт шебері нормативін орындағандар да бар. Бұл бір жаттықтырушы үшін өте үлкен жетістік. 1976 жылы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты Т.Шевченко атындағы Нөкіс мемлекеттік университетіне айналған соң да Шорабек Мұстафаев Дене шынықтыру факультетінде жұмысын жалғастырып, онда аға оқытушы, Дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі, Дене шынықтыру факультетінің деканы болып табысты еңбек етті. 1990 жылы Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты ашылғанда Дене шынықтыру және химия-биология факультетінің деканы болып сайланды. Осы лауазымда 1995 жылға дейін қызмет атқарған соң атажұртына қоныс аударды.
АТАЖҰРТТА ДА СЫЙЛЫ
Шорабектің Аралдың арғы бетіндегі 32 жылдық ғұмырындағы жетістіктері көп жылдар болды. Бір елде самбо күресінің негізін салушы, тұңғыш жаттықтырушы болды. Талай додада топ жарып, өзі тумаса да туғандай болып кеткен қарақалпақ елінде күрестің самбо, еркін күрес, дзюдо, ұлттық күрес сияқты түрлерін дамытуға көп еңбек сіңірді, жүздеген шәкірт дайындап, олардың жетістігіне марқайды. 1994 жылы педагогикалық институттың 60 жылдығы тұсында Нөкісте Шорабек Мұстафаевтың 50 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланып, самбо күресі бойынша ашық турнир өтті. Сөйтіп, 1963 жылы туған жерінен білім қуып Бесқалаға аттанған бозбала елге көпті көрген ұстаз, талай жетістікке жеткен спортшы, жаттықтырушы болып оралды. Шымкент қаласына көшіп келген соң сол арада жетістігіне сырттай қанық ағайын оның тәжірибесін ескеріп, Қазақстанның құрама командасына қабылданатын облыстың балуандарын таңдайтын комиссияға шақырды. Комиссияда 5-6 адам отырып, спортшылардың шеберлігін сынайды. Сонда Шорабек біреудің ұсынысы мен өтінішіне қарамай, өз таңдауын жасайтын. Жүлдегерлерді өзара күрестіріп, мына бала баруы керек, ана баланың болашағы зор деп өз тәжірибесіне сүйене отырып таңдау жасайтын. Кейін олардың жаттығуын өзі бақылап, ақыл-кеңестерін беріп, өзі дайындайтын. Талай байрақты бәсекеге қатысқан, әділқазылық еткен Шорабектің болжамы далаға кеткен жоқ. Кейін ол таңдаған үш спортшының біреуі жүлдегер, екеуі чемпион болып оралып, облыстың атын шығарды. Облыс басшылығы Шорабектің бұл қызметін лайықты бағалады. Спортқа бөлінген қаржы спортшыларға арналғандықтан, жаттықтырушы мамандарға қаражат бөлудің реті келмеді, бірақ облысты басқарып отырған азаматтар жоғарыдағы еңбегі үшін Шымкент қаласынан оған сый жасап, бір көшеге «Шорабек Мұстафаев көшесі» деп ат берді. Бұл Қазақстанда спортшыларға тірі кезінде жасалған, бұрын-соңды бола қоймаған құрмет болса керек. Кейін Алматы қаласына қоныс аударған соң оны Дене шынықтыру институтына кафедра басқаруға шақырды, бірақ ол қарапайым оқытушылықты қалады. Спортшыларды жаттықтырды. Біраз уақыт еңбек еткен Шорабек кейін бұл саладан біраз демалуды ұйғарды. Сөйтіп, бизнеспен айналысты. Кейін уақыты келгенде зейнетке шықты. Қазір сексен жасқа толған Ш.Мұстафаев Алматының іргесіндегі Абай ауылында балаларының, немерелерінің қызығын көріп, тәуелсіз елінде рақат ғұмыр кешіп жатыр.
ҰРПАҒЫ ЖОЛЫН ҚУҒАН
Білетіндердің айтуынша, адам екі нәрседен: мамандық пен жар таңдауда қателеспеуі тиіс екен. Өйткені ғұмырдағы бар жетістік осы екі нәрсеге байланысты көрінеді. Шорабек – мамандық таңдауда да, жар таңдауда да дұрыс шешім қабылдап, бағы жанған жігіт дер едік. Шорабек 1970 жылы Базаргүл Исаева есімді қызбен бас қосты. Сөйтіп, өзіне жайлы жар тапқан азаматтың 1972 жылы Жәнібек, 1974 жылы Әлібек, 1977 жылы Жұлдыз атты қызы дүниеге келді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халық. Біліп айтқан, әрине. «Атадан бала тумас па, атаның жолын қумас па» дегендей, Шорабектің ұлдары да ата жолын қуған, сол жолда жетістікке жеткен перзенттер болды. Жәнібек 1986 жылы Ташкент қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Өзбекстан чемпионатына қатысып жеңімпаз болды және 14 жасында спорт шеберлігіне кандидат болып, республиканың құрама командасына алынды. Одан соң Гомель қаласында өткен бүкілодақтық жарыста қола медальға қол жеткізіп, Алматыдағы Олимпия резервтері училищесіне қабылданды. 1987 жылы Қарағандыда өткен халықаралық турнирде және Алматыда өткізілген Орталық Азия және Қазақстан біріншілігінде шашасына шаң жұқтырмай Қазақстанның құрама командасына алынды. 1988 жылы Қазақстан чемпионатында ең биік тұғырға көтеріліп, елдің құрама командасы сапында 1989 жылы Ленинградта өткен Олимпия резервтері училищесі арасындағы, Украинаның Харьков қаласында өткен жастар арасындағы одақ чемпионатында, Болгарияның София қаласында өткен халықаралық турнирлерде чемпион болды. Сондай-ақ 1990 жылы Москвада өткен КСРО чемпионатында екінші орын алып, самбодан спорт шебері атанды, Югославияда өткен Еуропа чемпионатында күміс медаль алды. Қазір үйленген, бір отбасының иесі. Балаларына үлгілі әке. Ал Шорабектің екінші ұлы Әлібек жастайынан танылып, самбодан Қарақалпақстан құрама командасы сапында Өзбекстан чемпионатында екі мәрте чемпион болды және бірнеше рет жүлдегер атанды. Бірақ ол осы жетістіктеріне қарамастан кейін боксқа ауысып кетті. Ол салада да елеусіз емес. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, ұлдарының да спорт саласында өз жолын қуып, ұлтының атын шығарғанына Шорабек, әрине, дән риза. Өйткені, тәрбие – тал бесіктен. Жалғанда берген тәрбиеңді алып, ізіңді қуып, жақсы атыңды шығарған перзенттен артық қуаныш бар ма?!.
ЖЕТІСТІКТЕ МӘН БАР
Кейде сәл нәрсені аспандатып айтып, жұртты қызықтырып қоюға болады, ал кейде үлкен жетістіктерді бірқалыпты баяндасаң, оншалық тартымды болмай қалуы да мүмкін. Жетістігін тізіп, төккен терін қанша бағаладым дегеніңмен, өзің әңгімелеп отырған саланы жете білмесең, ол да аяққа тұсау болатын нәрсе. Сондықтан спортты терең танып-түсінбеген біз секілді жандарға оның мәні мен маңызын түсіну қанша қиын десек те, КСРО спорт шебері, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қарақалпақстан Республикасының білім беру саласының үздігі, Қарақалпақстанда самбо күресінің негізін салушы балуан Шорабек Мұстафаевтың өмір жолы мен жемісті еңбегі, жеткен жетістігі жайлы айтқанда бір ерекше дерекке мән бердік. Алдымен самбо жайында айта кетейік. Самбо – орыс тіліндегі «самозащита без оружия» – қарусыз қорғану деген сөздің қысқарған түрі. Оның тарихы Кеңес одағы тұсында, 1938 жылдан басталады екен. Күрестің бұл түрінің ережелерін алғаш қалыптастырған, өткен ғасырдың басында Токиода дзюдодан білім алған Василий Ощепков. Дегенмен самбо 1966 жылы ғана халықаралық дәрежеге жетіп, Халықаралық әуесқойлар спортшылар федерациясының (ФИЛА) тізіміне кірген. Содан кейін ғана халықаралық деңгейде күрестің бұл түрінен жарыстар өте бастаған. Ал біздің кейіпкеріміз самбо халықаралық деңгейде әлі мойындалмаған кездің өзінде бұл күрестен чемпион болып, КСРО спорт шебері атанған, сондай-ақ самбо жеке күрес түрі ретінде халықаралық деңгейде мойындалғанына небәрі екі жыл болғанда Шорабек Мұстафаев студент бола тұра бір елдің құрама командасының басшысы ретінде өзі жаттықтырған шәкірттерін жарысқа алып барып, өзі чемпион, екі шәкірті қола медаль алған. Демек, самбо күресінің дамуына әлемдік дәрежеде Шорабек Мұстафаевтың да салмақты үлесі бар деген сөз. Жаңалықты қабылдау әрқашан қиын, ал оны қабылдап қана қоймай, соны игеріп жетістікке жету үлкен біліктілікті, талантты қажет етеді. Сондықтан спорт тарихына аты алтын әріппен жазылатын тұлғалардың бірі Шорабек Мұстафаев болса, ол елдің мерейі, ұрпақтың мақтанышы.
Ахмет ӨМІРЗАҚ