T-Newspaper

Сейілмеген сел қаупі

Биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұр­ғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су ас­тында қалды.

Қазақстанда өрттен кейін жиі болатын табиғи апат – су тасқыны. Көктем келіп, күн жылып, қар еріген сайын тасқын судың қаупі де күшейе түседі. Биыл еліміздің 10 өңірінде су тасқыны болуы мүмкін. Синоптиктер наурыз айында Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарында және Астана қаласында жауын-шашын мол болатынын айтып, ескерту жасады. Өңірлердегі қар деңгейі нормадан артық. 

Қар еріп, жылғалардан су ақса болды өзен­ге жақын қоныс тепкен аймақтағы ағайын­ның берекесі қашады. Апта басында Се­мейде қар суы аулаларға жайылды. Об­лыс­тық Төтенше жағдайлар департаменті апат се­бебін ауа райына сілтеп отыр. «Семей қа­ла­сында күн күрт жылып, қар тез ерігендіктен кө­­­шелерді су басып қалған», – деп мәлімдеді. Алай­да тұрғындар биыл қар аз болды, сон­дық­тан ауа райынан емес, бұл су бұру жүйе­сінің бақылаусыз қалғанының салдары дейді. Бүгінде қала көшелерінен 1 500 текше метр су сорылған. Жергілікті әкімдік пен Төтенше жағ­дай мамандары елді мекендерге қар суы­нан келген қауіп сейілгенін мәлімдеді.  «Қазгидромет» 9-15 наурыз аралығына ар­­­­налған гидрологиялық болжамын ұсынды. NASA спутниктері суреттеріндегі деректер бойын­ша Қазақстан аумағының қармен жа­былған ауданы өткен аптаға қарағанда 72 пайыз­дан 68 пайызға дейін азайған. Алайда ме­теостансалардағы көпжылдық бақылау нә­­тижелері наурыз, сәуір айларында тәулік ішін­де жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Егер жауын-шашын нормадан асса, су тас­қынының туындауына әкеп соғу қаупі жо­ғары. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі көк­темде 217 елді мекенді су басуы мүмкін деп болжап отыр.  Бүгінде шығыс пен оңтүстіктегі таулы ай­­­мақтар және қары қалың солтүстік об­лыс­тар басты назарда. Апат бола қалған жағдайда зар­дап шеккендерге арналған 3 мыңнан ас­там қабылдау пункті дайын. Сондай-ақ қазір 39 мыңға жуық құтқарушы, 11 мың техника, 400-ден астам жүзу құралы мен 18 тікұшақ тө­те­нше жағдайға дайын тұр. Жылда қайталанатын тасқын маусымына дайын­дық барысы Үкімет отырысында да тал­қыланған болатын. Төтенше жағдайлар ми­нистрі Шыңғыс Әрінов жергілікті атқару­шы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңі­не дайындық бойынша қажетті іс-шаралар ке­шенін өткізгенін айтқан болатын.  – «Көктем» республикалық командалық-штаб­тық оқу-жаттығу шеңберінде басқару ор­гандарының күштері мен құралдарының нақ­ты дайындығы тексерілді. Халықты құ­лақ­тандыру жұмыстары пысықталды, зардап шек­кен азаматтарды жинау пункттері дайын­­­­­далды. Елді мекендерде уақытша бөген­дер салу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сондай-ақ авто және темір жол­дар­да­­ғы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 да­на) нақты түрде жүзеге асырылды. Елді ме­­­кендерден 10,5 млн текше метрден ас­там қар шығарылды. Бірақ жыл сайынғы тә­жіри­бе көрсеткендей бұл жеткіліксіз, – деді ми­нистр.  Қабылданған алдын алу шараларына қара­мастан соңғы үш жылдағы статистика Ақ­мола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақ­стан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қа­зақ­стан облыстарының елді мекендерін жыл сайын су басатынын көрсетіп отыр. Бұл ха­лық­ты су тасқыны қаупінен қорғау мәселесін же­дел және бұдан да нәтижелі шешуді талап ете­ді.  Премьер-Министр бұған дейін өңірлерде су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды са­­палы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырма берген болатын. Алайда мем­ле­­­­кеттік органдар мен әкімдіктер тиісті ша­ра­­лар­ды толық көлемде атқармағаны анық­талды. – 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қа­рауға болмайды. Төтенше жағдайлар ми­нистріне жоспарланған іс-шаралардың орын­далмауына жол берген орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдардың лауа­зымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Ол­жас Бектенов.  Жекелеген өңірлерде қар шығаруға ар­нал­ған қаражат тек ірі қалалар мен облыс ор­талықтарына бөлінеді. Ал ауылдық елді ме­кен­дерде қар шығару жұмыстары назардан тыс қалатыны жасырын емес.  Қостанай облысы Қарамырза ауылы соң­ғы 4 жыл бойы қар суынан зардап шегіп отыр. Қауіптің беті биыл да қайтпай тұр. Сондай-ақ елді мекендерде көшелерді су басу, жолдарды шайып кету деректері тіркелген. Ақмола об­лысында Ягодное, Қостанай облысында Екі­дің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады. Осы мәселе­лер­ді біле тұра әкімдіктердің ешқандай шара қол­данбайтыны – нағыз жауапсыздық.  Су тасқынының алдын алуда жергілікті әкім­діктердің атқаратын жұмысының маңы­зы зор. Арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақы­тылы тазарту, уақытша бөгеттер салу, елді мекендерде топырақ үйінділерімен бе­кіту жұмыстары дұрыс орындалуы керек. Апат орын алғаннан кейін құтқару жұмыс­тары­мен айналысқаннан гөрі жағдайға алдын ала бақылау жасаған әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз екені бесенеден белгілі. Алайда неге екені белгісіз, елімізде су тасқынының ал­дын алу шаралары уақытылы орындал­май­ды. Салдарынан мемлекет көп шығындалады. Мә­селен, былтыр Жол картасында бекітілген жұ­мыстардың жартысы аяқталмаған. Ми­нистрдің айтуынша, биыл да игерілмеу қаупі жоғары.  – Тәжірибе көрсеткендей қарастырылған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі. Мыса­лы, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұр­ғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында – 44 тұрғын үй су ас­тында қалды. Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қа­зақ­стан  облыстарында 46 тұрғын үй тұру­ға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде, Ақ­­­­төбе облысының әкімдігі 24 үй тұрғызса, Батыс Қазақстан облысында – 16 үй  салынды. Жал­пы, 1,3 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын ық­ти­мал қауіп пен үлкен материалдық шы­ғын­ға ұшырағанша, қаражатты күні бұрын ал­дын-ала ескерту үшін пайдалануға болатын еді, – деді министр.   Орталық Азия өңірлік экология орта­лы­ғы­ның есебіне сенсек, Қазақстан эконо­ми­ка­сы су тасқынынан жыл сайын 419 млн дол­лар шығынға батады екен. Дайындыққа бері­летін ақшаның өзіне бірнеше жаңа ауыл салу­ға болады дегенді де естіп жүрміз. Ха­лық­ты эвакуациялау, жанар-жағармай, төбе-төбе құм қаптары, жарылғыш заттар, тамақ сияқ­ты шығындарды қосқанда біраз ақша бөлі­не­ді. Мемлекет қаржысын тиімді игеруді көз­деген Үкімет басшысы су тасқыны зар­дап­тары үшін облыс әкімдері жауап беретінін ескертті.  Жыл сайын көктемде қар суынан қауіп тө­нетін аймақтың бірі – Қызылорда облысы. Ауа райының жылынуына байланысты Сыр­дария өзеніндегі мұз еріп жатыр. Өзенге жа­қын орналасқан елді мекендер тұсына жи­налып қалған мұз су тасқыны қаупін жо­ғарылатып отыр.  Төтенше жағдайлар департаментінің өкіл­дері қауіпті аумақтарды күндіз-түні ба­қы­лауға алған. Табиғи апаттың алдын алу ша­ра­ларына бюджеттен 14 миллион теңге бө­лінген.   – Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіп­сіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті дайын. Күн сайын біздің қызметкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Сырдария өзе­ні бойындағы арналарды аралап, мони­то­ринг жүргізеді. Қазіргі уақытта жағдай ерек­ше бақылауда, – деді Қызылорда облысы Тө­­­­тенше жағдайлар департаментінің басшы­сы Руслан Қайрақбаев. Еліміз бойынша Төтенше жағдай қыз­мет­кер­лері елді мекендерді аралап, халыққа қауіп­сіздік туралы түсіндіру жұмыстарын да жүр­гізіп жатыр. Тұрғындарға қазірден бастап қар суы ағып кету үшін ауланы қардан, арық­тар мен каналдарды мұздан тазарту ұсыны­лып отыр. Қар суынан келетін қауіп сейіл­ген­ше, халықтың да түн ұйқысы шала болатыны анық.   «Сақтансаң, сақтаймын» демей ме? Жауап­тылар  әр мезгілдің мінезіне қарап, қа­жетті кезде қарекет етуді үйренсе, апаттан соң қарманбай, алдын-ала қамданса, бәлкім көктемнен  шығынсыз шығармыз, кім білсін?

А.БИМЕНДИЕВА