Қоғам

Павлодарлық оқушылар Көрісу күнінде 12 түрлі бауырсақ пісірді

«Бауырсақ Fest» фестивалін өткізуге мектептің әжелер кеңесі мен аналар кеңесі мұрындық болды.

Көрісу күні немесе Амал мерекесі – қазақ халқында көнеден келе жатқан мерекелердің бірі болып саналатын. Бұл күннен бастап Наурыз мейрамын тойлау басталады. Павлодарда «Жас дарын» мектеп-лицейі Көрісу күнін «Бауырсақ Fest»  фестивалін ұйымдастыра отырып, ерекше атап өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Pavlodarnews.kz сайтының мәліметінше, білім ордасына облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернаты мен дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушылары қонаққа шақырылды. Мектептің кіреберісінде барлық мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар оларды домбыраның күмбірлеген күйімен, жылы құшақтасумен қарсы алды.

Келген қонақтар дастарханға қойылған бауырсақтың 12 түрінен дәм татты. «Бауырсақ Fest» фестивалін өткізуге мектептің әжелер кеңесі мен аналар кеңесі мұрындық болды. Әр сыныпқа алдын ала бауырсақтың бір түрі берілді.

Дәметкен Жүгенованың екі немересі «Жас дарын» мектеп-лицейінде 6 және 7-сыныптарда оқиды. Олар бірге ши бауырсақтарды дайындаған. Оның сөзінше, әжелер кеңесінің мүшелері әрбір мерекеде қалмай, шараларды ұйымдастыруға атсалысады. 

Оның сөзінше, Көрісу мерекесінің мәні – адамдардың ауызбіршілігі мен татуластығында. 

Лицейдің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айнаш Сырттанованың сөзінше, «Бауырсақ Fest» фестивалі алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. 

Әжелер кеңесінің тағы бір мүшесі Гаухар Кәрібаеваның немересі алтыншы сыныпта оқиды. Олар да ши бауырсақ пісірген.

Іс-шараның соңында екі мектептерге бір-бір қоржыннан сыйға тартылды. Енді №8 лицей-мектебінің оқушылары өздері қарсы алған қонақтардың мектептеріне баратын болады.