Жаңалықтар

Оралда 53 млн теңгені жымқырғандар тергеліп жатыр

«Белый парус» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы М.Карабинов «Инватакси» қызметін көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Орал қаласында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыруға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Белый парус» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы М.Карабинов және Орал қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің лауазымды тұлғалары 2023 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыс орталығы мен оған іргелес кенттік округтар аумағында «Инватакси» қызметін көрсетуге бөлінген жалпы сомасы 53 млн 553,3 мың теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Іс ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысы негізінде тіркелген. Осыған орай істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамсыз етуге бағытталған әрекеттер жүргізіліп жатыр.