Жаңалықтар

Ботай мәдениеті кеңінен насихатталуы керек

«JORYQ» ат спорты федерациясы мен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы арасында меморандумға қол қойылды.

Астанада Ботай мәдениетін насихаттау мақсатында Ботай жылқысына ескерткіш орнату және ашық аспан астындағы мұражай құру ұсынылды.

Астанада 13 наурыз күні республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы мен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы арасында меморандумға қол қойылды.

Құжатқа республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков пен Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов қол қойды.

14 тармақтан тұратын Меморандум екі федерация арасындағы әріптестікті, ынтымақтастықты нығайтуды және ат спортын дамыту мен танымалдығын арттыруды көздейді.

Атап айтқанда, тараптар бірлесе отырып ат спортын тиімді дамытуға бағытталған бастамаларына қолдау көрсетуге, Қостанай және Адай жылқыларының тұқымын, жылқы малының қолға алғаш үйретілген Ботай мәдениетін насихаттау барысында бірлескен жұмыс жүргіуге уағдаласты.

Тараптар Астана қаласының шағын саябақтарының бірінде Ботай жылқысына ескерткіш орнату және қоғамдық кеңістікті сол тақырыпта абаттандыру мен Астана қаласында ашық аспан астында Ботай мәдениетінің мұражайын ұйымдастыру бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды да жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, екі федерация ат спортына үлес қосқан азаматтарды жыл сайын қошеметтеу және марапаттау салтанатты шарасын ұйымдастырып, жоғары оқу орындарымен бірлескен шаралар өткізбекші.

Бұған қоса қазақ жылқысын, оның қазақ тұрмысы мен мәдениетіндегі орнын  насихаттау жолында Астана қаласындағы Жастар театрында арнайы қойылым көрсету бойынша бірлескен жұмыс та қолға алынбақ.