4-5 сынып оқушылары еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз – Жарқынбек Амантайұлы
Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екені белгісіз.
«AMANAT» фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдап, жасөспірімдер мен балаларды зиянды әдеттен қорғауға қатысты мәселе көтерді.
Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда шектеу қойылғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен. Оның үстіне, бүгінде формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынуда. «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралуда.Насыбай – не мәдениетке, не әдепке, не гигиенаға сай келмейтін жиіркенішті қалдықтардан жасалатын зат. Өкінішке қарай, бұрын оны тек үлкен адамдар ататын болса, қазіргі кезде мұнымен балғын жастар, тіпті болашақ ана болар қыздар да әуестенетін болған. Олардың саны жыл сайын артуда. Бұған қоса, ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанын қалай түсінуге болады?! Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен, - деп сөзін дәйектеді депутат.
Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екені белгісіз екен.
Әдетте, оның құрамында химиялық заттар, әк, сексеуіл, арша, тобылғы ағаштарының күлі болады. Уытын арттыру үшін тауықтың саңғыры, түйенің тезегі де қосылады екен. Насыбайды мұқият зерттеген мамандар бұдан бөлек, оған есірткі мен психотропты заттардың да қосылғанын анықтаған. Бұлардың тұтынған адамды тез тәуелділікке ұшырататыны сөзсіз. Швед ғалымдары да бұған зерттеу жүргізіп, насыбайдың құрамынан хром, никель, кадмий, қорғасын, күшәла секілді химиялық заттарды тапқан. Бұлардың барлығы да қалыпты мөлшерден әлдеқайда артық болған. Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген.Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі екен. Олар соңғы кездері насыбайдың салдарынан қатерлі ісікке шалдыққандар арасында жастардың көбейіп кеткенін жеткізді, - дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Сондықтан депутат елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет екенін айтты.
Атап өткеніміздей, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық танытып отырмыз. Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен. Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш қана. Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр. Сондықтан ұлт денсаулығына нұқсан келтіретін, ұрпағымызды улайтын, қазаққа жат әдеттен арылуымыз керек. Арнайы органдар сауда орындарына қатысты шешім шығарып, жас ұрпақты улап отырғандарға қатысты кешенді шара қабылдауы тиіс, - деді ол.