Жаңалықтар

Маңғыстауда мұнай-газ компаниясының басшылары сотталды

Бұл туралы Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

Ақтау қалалық сотында «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қарасты құрылым басшысы мен сервистік компания жетекшісіне қатысты үкім шықты.

Сотта сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденіп, ұрлағаны үшін айыпталған «Ақтау мұнай сервистік компаниясы» ЖШС-нің директоры Б. мен «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның № 3 мұнай-газ өндіру басқармасының директоры С.-ға қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс қаралды.

Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, бірқатар жайттар анықталып отыр. Оның ішінде 2018 жылдың 31 мамырында «ӨзенМұнайГаз» АҚ мен «Ақтау мұнай сервистік компаниясы» ЖШС-і арасында 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болған ұңғымаға сорғыны қысу құбырын электрцентрифугалық сорғыны орнатуға арналған толық жабдықты жалға алу бойынша қызметтер көрсетуге келісім жасалған.

Бірақ шығынға ұшырағысы келмеген сервистік компанияның басшысы Б. шарт талаптарын бұзып, сорғыны қысу құбырын сатып алмағаны белгілі болды.

Сондай-ақ, айыпталушылар Б. және С-ның бiрлескен заңсыз iс-әрекеттерiнiң бойынша 2020-2021 жылдар аралығында «Өзенмұнайгаз» АҚ «Ақтау мұнай сервистік компаниясы» ЖШС-ге 108,4 млн. теңге сомасында 2308 дана сорғыны қысу құбырының қаржысы мен оларды жалға алу үшін 21,7 млн. теңге сомасын ұстап қалмай, толық төлем жасаған.

Осының негізінде күдікті С. «ӨзенМұнайГаз» АҚ-на 130 108 118 млн. теңге көлемде материалдық залал келтіргені белгілі болды.

Сот барысында прокурор екі күдіктіні кінәлі ретінде танып, олардың әрқайсысын 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі прокурордың сұранысына қолдау білдірді. Дегенмен сотта Б. кінәсін мойындаудан бас тартып, ақтау үкімін шығаруды сұрады. Ал екінші күдікті С. кінәсін ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды алға тартты. Сотталушылардың кінәсі тиісті материалдармен дәлелденіп отыр.

Бұдан бөлек «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның азаматтық талап қоюы қанағаттандырылып, сотталған Б. мен С-дан компания пайдасына 130 108 118 млн. теңге өндірілді.

Әзірге қалалық соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.