Роза Рымбаева жолдасы өмірден өткен сәтін айтып берді
Оның сөзінше, күйеуі ұйықтап жатқан кезде инфаркт алып, қайтыс болған.
Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева жолдасы Тасқын Оқаповтың қайтыс болған күнін еске алды. Роза Рымбаева өміріндегі аса ауыр кезең жайлы Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтты.
Өнер иесі екінші перзентіне аяғы ауыр кезде жесір қалған. Оның сөзінше, күйеуі ұйықтап жатқан кезде инфаркт алып, қайтыс болған.
«Әлиді 33 жасымда босандым. 9 жылдан кейін Мәди өмірге келді. Жүктілігімнің 6 айында күйеуім өмірден өтті. Жолдасым ұйықтап жатқанда қайтыс болды. Мен оянған кезде денесі суық болып жатты. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Бірақ оның денсаулығы сыр беріп жүрген. Бірнеше рет микроинсульт алған. Оған аса мән бермеді, дәрігерлерге де қаралмады. Нәтижесінде соңы инфарктпен аяқталды.
Түнде ұйықтап жатқан кезде инфаркт алды. Бұл күнді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен үшін бұл орны толмас қаза. Оның үстіне ол кезде аяғым ауыр еді. Бірнеше рет түсік қаупімен ауруханаға жатып шықтым. Сол қиын кезде Әлиімді, ішімдегі баламды ойладым. Босанып, ұлымды өмірге әкелу үшін бар күш-жігерімді салдым. Сол күннен бері мен өнер үшін емес, екі балам үшін өмір сүріп келемін», - деді өнер иесі.