Алматыдағы екі автобус апаты: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Алматының Алатау ауданында №75 және №102 бағыттағы автобустар соқтығысқан.
Дәрігерлер Алматыда жол апатынан зардап шеккен алты адамның қазіргі жағдайын айтты, деп хабарлады turkystan.kz inform.kz сайтына сілтеме жасап.
«10 наурыз күні №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне бес адам жеткізілді. Барлық зардап шеккендер жан-жақты тексерілді. Төртеуі амбулаторлық емдеуге жіберілді, бір науқас ауруханаға жатқызылды. Жағдайы ауыр, тұрақты. Алтыншы адам Алматының көпсалалы клиникалық ауруханасына жеткізілді», - деп хабарлады қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Алматының Алатау ауданында Бекболат және Новостройка көшелерінің қиылысында №75 және №102 бағыттағы автобустар соқтығысқаны туралы жазған болатынбыз.