Спорт

Қазақ таеквондошылары Қытайдағы жарысқа ерекше шапанмен аттанды

bassport.kz

Отандық таеквондошылар іріктеу турнирі қарсаңында ұлттық стильдегі ерекше шапан мен худиді таңдаған.

Таеквондодан Қазақстан командасы Қытайдың Тайань қаласында өтетін лицензиялық турнирге аттанды. Отандық спортшылар ірі жарысқа ұлттық стильдегі шапанмен жол тартқан, деп хабарлады turkystan.kz Bassport.kz сайтына сілтеме жасап.

15-16 наурыз күндері Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Азия аймақтық іріктеу турнирі өтеді. Бұл аталған спорт түрі бойынша ұйымдастырылатын соңғы лицензиялық жарыс. 

Таеквондодан Париж Олимпиадасына іріктеу додасына Қазақстан құрамасы төрт спортшыны апарды.

Олар: 57 келі: Мария Севостьянова +67 келі: Жансель Дениз 58 келі: Самирхон Абабакиров 80 келі: Батырхан Төлеуғали

Бір қызығы, отандық таеквондошылар іріктеу турнирі қарсаңында ұлттық стильдегі ерекше шапан мен худиді таңдаған. Бұрын-соңды ұлттық құрамада мұндай жаңашылдық болмаған еді. Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Бесбаевтың айтуынша, мұндай қадамға бару арқылы спортшылардың намысын қайрау да көзделген. 

«Жарысқа аттанар алдында спортшылардың формасы жайлы ұзақ ақылдастық. Әрине, бізде Қытай мен Оңтүстік Кореядағы секілді мықты киім фабрикалары жоқ. Аталған елдерге форма тұрғысынан ілесу де қиын. Жігіттерге классикалық стильдегі костю-шалбарды кигізуді де ойладық. Бірақ қыздарымызға бұл нұсқа келе қолмайды. Осы кезде ұлттық шапанымызды жаңғырту туралы ой сап ете түсті. Уақыт аз қалса да, дереу отандық өндіруші барлық тілегімізді тыңдап, тез арада киімді дайындап берді. Шапанда сақ дәуіріндегі бейнелер таңбаланған. Су өткізбейді, ыстықтатпайды. Худиді де еліміздің туындағы  элементтермен толтырдық. Ұшақта, әуежайда бәрі таң қалуда. Егер ұйымдастырушылар рұқсат беріп жатса, Геннадий Головкин сынды шапанымызды даянгке киіп шығамыз. Бұл жас спортшыларымыздың ұлттық рухын көтеруге де әсер етері сөзсіз», - дейді бас хатшы.