Жаңалықтар

Ақмола облысында оқушы қыз жусаннан әтір жасап шығарды

Аталмыш хош иіс «Елім-ай» деп аталады.

Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы Альбина Айдарханова ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Мектеп оқушысының айтуынша, оны ерекше хош иіс жасауға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған.

Оқушы өз жұмысында табиғи ингредиенттерді пайдаланған. Парфюмерия жасаудағы негізгі өнім – туған өлкенің қасиетті жұпарына айналған қарапайым жусан.

Айта кетері, аталмыш хош иіс «Елім-ай» деп аталады. Жас өнертапқыштың айтуынша, әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты. Бесінші сынып оқушысы жақында өткен ғылыми жобалар байқауында өз жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында жүлделі 3 орынды иеленді.