Қоғам

Атырау облысында жол апатынан бір адам көз жұмды

Видеодан алынған кадр

Тәртіп сақшылары жол ережелерін бұзбай, көлікті сақтықпен жүргізуді ескертеді

Атырау облысында екі көлік соқтығысып, өртеніп кетті. Жол апатының салдарынан бір жүргізуші мерт болды, деп жазады turkystan.kz Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәлімет бойынша, оқиға бүгін, 9 наурызда болған.

Бүгін таңертеңгі сағат 07:00 шамасында «Доссор-Құлсары-Бейнеу» тас жолының 74-шақырымы тұсында екі көлік соқтығысты. Бірі – Газель, екіншісі – КамАЗ. Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі автокөлік те өртеніп кетті. Ал, Газель автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Полицейлер жол апатының себебін тексеру үшін «Кибер-Шериф» құрылғысы арқылы автокөліктердің қозғалыс уақытын зерделеді. Сол кезде Газель көлігі жүргізушісінің демалмастан тәулік ішінде Ақтау-Орал, Орал-Атырау бағытында жол жүргенін анықтады. 

Тәртіп сақшылары жол ережелерін бұзбай, көлікті сақтықпен жүргізуді ескертеді. Көлік жүргізу үшін физикалық тұрғыдан дайын болу керек. Ал алыс сапарға шыққанда, жол бойындағы кемпингтерде демалу қажет. Көлік жүргізушілері өзінің және өзгенің денсаулығы мен өміріне жауапты екенін естен шығармауы тиіс, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.