Қазіргілер баласын неге жақсы көрмейді?..

Қазіргілер баласын неге жақсы көрмейді?..

Қазіргілер баласын неге жақсы көрмейді?..
ашық дереккөзі
Бір отырыста апалар мен жасы үлкен аналарымыздың әңгімесін естіп, еріксіз араласуыма тура келді. Ақылгөй  әжелеріміздің сондағы айтқаны мынау: «Қазіргі жастар балаларын жақсы көрмейді.  Безбүйрек боп кеткен. Келіншегімен көңілі жараспаса, балаға да шағаға да қарамайды, шабаданын жинап, ажырасып шыға келеді» дейді. Бұл әңгімеден кейін біраз уақыт ойланып жүрдім. Шынында солай ма? Шындыққа келеді, балаға бола ешкім жолынан қалмайтын болған. Олай болса баласына қымбат ойыншық әперіп, әу дегенін орындап отырғандар ше? Қайта бұрын әке-шеше балаларын бізден сәл азырақ жақсы көрген  сияқты немесе көрсетуге мүмкіндігі болмағандай көрінеді. Біріншіден, тұрмысына байланысты немесе өз әке-шешесінің өтініші бойынша тұңғыш немере ата мен әженің қолында қала берген. Бұл бір жазылмаған заңдылық, ана көңілі қаласа да, ет жүрегі елжіресе де бала ауылда қалады. Екіншіден, кеңестер кезінде қалада тұрған жұмысшы тап баласын үйге қамап, жұмысқа кете беретін. Бұл жайтты қазір жасы 50-60-ты арқалап, ақсақал жасына жақындаған азаматтар мен ақжаулықты ана атанған әжейлерден талай естідім. Үшіншіден көпшілік ата-анасына «ана», «мама», «әке» дегеннің орнына «тәте», «көке», «аға», «жеңеше» деп айтқан. Бұл араны алшақтатып, екі ортаға бір кедергі қоятын сияқты. Ал бүгін... бүгінгінің жөні бөлек. Баласы ауылда, өзі қалада жүретіндер некен-саяқ. Қалада тұратын баласы немерелерді апарғысы келсе де, атасы мен апасы аулақ дейтін жайттар да бар. Тіпті қалада тұрса да өзі жұмыс істеп, немере бақпаймын дейтін ата әжелер бар. Өз бостандығын одан жоғары қоятын ақсақалдар да бар. Немесе баланы «мен үшін туған жоқсың, осылардың әкелерін баққаным да жетеді» дейді кейбірі. Ол да рас. Әділі сол. Олай болса баланы өзің бағып-қағып, өзің жақсы көрмесең, сенің балаң кімге керек? Тапқан-таянғаны баланың аузына, қолындағы телефонға немесе басқа да гаджетке, ең аяғы осы бала үшін үйге интернет орнатылады. Баланың күтушісі иә балабақшасы арзан емес. Оны ай сайын төлеу үшін ата-анаға күні-түні еңбек ету керек. Сонда баласын қазіргі жастар жақсы көрмей ме?! Қазіргі баланың шығынын есептесек, олай деуге ауыз бармайды. Баланы асырайтындай үй жануары емес. Барлығы баласы үшін еңбек етіп жүр. Әдетте қазақ баласының шығыны жоғарғы оқу орнына барғанда есептеледі. Оқу ақысы пәленше, қатынауы пәленше, жатақхана немесе пәтер жалдау пәленше деп шыға келеді. Бірақ оған дейінгі шығын шаш-етектен емес пе? Балабақшаға баратын баланы бағып-қағу студенттерге таяп қалған. Мемлекеттік балабақшаға ай сайын 15 мың теңге төленеді. Оның сыртында бақша фонды, тәрбиешіге сыйлық, канц тауарлар тағысын тағы ай сайын кемінде 4 мың – 5 мың теңге қосымша төленеді. Енді балабақша алыс болса, көлікпен апару, әкелу қатынау шығыны. Ай сайын кемінде бір-екі рет Хэппилонға, циркке, паркке апарасыз. Айта берсең, толып жатыр. Осылардан кейін жылы-жұмсағын баласының аузыеа тосып отырған ата-аналарды баласын жақсы көрмейді деп қалай айтасың?.. Аузы дуалы ақсақал деп жүрсек... «Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады» дейді халқымыз. Ақсақал аз емес, бірақ қариялардың барлығы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, ұлағат білдіріп отыр ма? Мақсат ақсақалды қаралау емес. Жақында ғаламторда бір ақсақалдың компьютерде әлемге әйгілі атыс-шабыс ойын – Контр страйк ойнайтыны отандық баспасөз беттерін түгел шарпыды. Қарияның немелерімен бірге «дота» ойнауын көпшілік қызығушылықпен қарсы алды, өзара бөлісіп, үлгі тұтты да. Жасы жетпісті алқымдаған әлгі кісі: «Бірнеше ай бұрын ойнай бастадым. Біртіндеп қолым үйрене бастады. Генерал болғысы келмейтін сарбаз жоқ. Ойнай бастағалы дәрілерімді де ішпейтін болдым, ғаламтордан өз арнамды ашып қойдым. Онда контр страйк үйренгісі келетіндерге кеңес беремін», - дейді сырын бүкпей.  Ақсақалға атыс-шабысқа қатысуды үйретіп жүрген немелері. Әйелде атасының бұл ойынға қызығушылық танытатынына сенбесе де, үйреткен екен. Зейнеткер алдағы уақытта болатын жарысқа да қатыспақшы. Алдына қойған мақсаты да бар. Бірақ айтпағымыз бұл емес, балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік желіден, теріс ағымдар мен жантүршігерлік жайттарды баяндайтын ресурстардан баланы қорғау басты міндеттемелерді бірі. Ал қариямыз керісінше немерелерімен компьютердегі қатігез ойнайды бірге ойнайды. Өнегелі қарт жоқ жерде, өнегелі бала да жоқ. «Әже» - орамал салған кемпір ме? «Әже», «апа» атаулары республика өңірлерінде «әже» мағынасында қолданыла береді. Қай қайсысының да сөкеттігі жоқ. Осы әже дегенде көз алдымызға кімді елестетеміз? Орамал салған, немересін арқасына көтерген, бесік тербеткен, ақ шашты, сары тісті, ұршық иірген, немересіне ертегі айтып отыратын, бетіне әжім түскен кемпір келетіні өтірік емес. Қазіргі әжелерді де осылай елестетсеңіз қателесесіз. Заманның ілгері жылжуы, адам тұрмысы мен жағдайының жақсаруы адамдарды қартайтпайтын болғандай. Қазір әжелер 40-50 жас шамасындағы әйелдер. Кәрі түгі де жоқ. Бірақ келін алып, немере сүйген, ене атанып, әже болған әйелдер. Олардың басында орамалы, қолында ұршығы, тербететін бесігі де жоқ. Сонымен қоса ерткен немересі мен ұлағатты ертегісі де азайған. Көпшілікке топырақ шашу, әрине ұятты. Бірақ қалада да, ауылда да немере бақпайтын ата-әжелер бар. Оларға неге байқпайсың деп айыптау да орынсыз. Олар өз заманының қиыншылығы мен зобалаңын бір адамдай бастан өткеріп, өз қолы өз аузына жеткені зейнетке шығып отырған осы күні. Десек те қазақтың салт-дәстүрін сақтаушы да, дәріптеуші, жас ұрпақтың бойына сіңіруші әжелердің өздері үшін өмір сүріп, ұрпақ тәрбиесін тәжірибесіз, жас келіннің мойнына жүктей салуы көңілге кірбің ұялатады.