Қазақ әуендерін ситерада ойнайтын венгр қызы
"Қазақ халқын туыс санайтындықтан, олардың төл өнерінен бөлек, ұлттық спортына да қызығушылығым оянды. Әсіресе, бес тас деп аталатын ойынға әуес болдым. Бұйырса, осы спорт бойынша біз үшін дүбірлі дода саналатын Көшпенділер ойынында бақ сынамақпын. Сонымен қатар сол барғанда өнерсүйер қауымның басын қосып, Астанада концерт бергім келеді".
Өткен аптада әлеуметтік желіде венгр қызы Тимеаның мажарлардың ұлттық аспабы ситерада «Әлқисса» күйін орындаған сәті таспаланған видео көп таралды. Видео астында Әлихан Байменов бастаған бір топ азамат жылы лебізін қарша боратып, ризашылығын білдіріп жатса, мажарлар «Бұл неткен туынды?», «Басқа ұлттың композициясын біздің ситерада осылай керемет ойнауға болады екен ғой?» деп таңғалысын жасырмай, жарыса жазып жатты.
Тимеа Янурик Будапешт қаласында өнерлі отбасында туып-өскен. Тимеаның өнерге деген қызығушылығын ерте жастан байқаған балабақша тәрбиешілері анасына оны әнге баулу керек екенін баса айтып, музыка мектебіне ертіп апаруға қолқа салған.
«Балабақшада фольклорлық туындыларды орындап, би билейтінмін. Ондағы тәрбиешілер бір күні анама менің дауысымның жақсы екенін, мені ән өнеріне баулу керек екенін айтыпты. Сөйтіп, жеті жасымнан бастап музыкаға қызыға бастадым. Қызыққаным сонша, күні бойы ыңылдап ән айтатынмын. Содан соң музыкалық мектепке оқуға тапсырдым. Онда он екі жыл білім алып, өнер десе ішер асын жерге қоятын музыкант болып шықтым. Сосын өнер университетінде бакалавриат, магистратура бөлімінде оқыдым. Мен жай ғана музыкант емес, оқытушы болғым келді. Себебі бар білгеніңді өзгемен бөлісу бір ғанибет деп білемін. Мен қазір біздің ұлттық аспап саналатын ситерада ойнауды үйретемін. Одан бөлек, университетте сабақ беремін. Өзімнің де үйренерім көп. Зерттегім келетін дүние көп. Сол себептен қазір докторантура бөлімінің екінші курсында оқып жатырмын. Онда жастарды фольклорлық музыканы тыңдауға қалай бейімдеуге болатынын зерттеп, ғылыми еңбек етіп шығармақпын», – дейді Тимеа академия әлеміне сүбелі үлес қосқысы келетінін баса айтып.
Ел ішінде «Қазір жастардың дәстүрлі әнге деген қызығушылығы азайып барады» дегенді жиі естиміз. Тимеа Венгрия жастарының да қызығушылығы анау айтқандай жоғары емес екенін айтады.
«Өкініштісі сол, мұндағы жастар танымал, хит әндерді тыңдайды. Фольклорлық туындыларға сұраныс аз. Ал мен осы олқылықтың орнын толтырып, мұны кеңінен насихаттағым келеді. Шама-шарқым жеткенше насихаттап, жүрген жерімде бұл туралы айтатыным да сондықтан. Алдағы уақытта мен секілді өнерге жанашыр жандар қатары көбейсе, бұл өнердің болашағы жарқын болады деп сенемін», – дейді жас маман дәстүрлі әннің тұғыры биік болатынына сенім білдіріп.
Оқытушылық, зерттеушілік қызметінен бөлек, Тимеа Түркі жастарының ансамблінде өнер көрсетеді. Былтыр ғана құрылған бұл ансамбль бір жыл ішінде бірнеше елде концерт беріп үлгерген.
«Біздің ансамбль былтыр қаңтар айында құрылған. Онда он бір өнерпаз өнер көрсетеді. Бәріміз де – түркі тектес халықтардың ұрпақтарымыз. Ансамбльімізде қазақ, әзербайжан, түрік, қырғыз және венгр өнерпаздар бар. Бұл ансамбльдің бір ерекшелігі сол – онда әркім өзінің ұлттық аспаптарын тартады. Мысалы, мен ситерада, ұлты қазақ әріптесіміз домбырада, қырғыз кобуста, түріктер баламада ойнайды. Гитарада ойнайтын досымыз және бар. Барлығымыз өз елдеріміздің фольклорлық туындыларын, фольклорлық әндерге негізделген туындыларын орындаймыз. Бәрімізді де біріктірген осы нәрсе – ұлттық өнерге деген ерекше құрмет. Біз Будапештте көп концерт бердік. Словакияға да барып, өнерімізді паш етіп қайттық. Ол елдің венгерлік бөлігі бар екенін білетін боларсыз. Ондағы мажарлар біздің өнерімізге сүйсініп, келіп, концерт беруімізді өтінді. Алдағы уақытта Брюссель мен Ыстанбұлда концерт қоюды жоспарлап отырмыз. Сәтін салса, Қазақстанның бас қаласы – Астананың сахнасында өнер көрсеткіміз келеді», – дейді Тимеа ансамбльмен көп елді аралағысы келетінін айтып.
Будапештте еріктілер негізін қалаған Түркі жастары ансамблінің қызметі біздің ұлттық оркестрдің жұмысымен пара-пар. Тимеаның сөзіне сенсек, ансамбль мүшелері өз Отандарында ел аузында жүрген әндерді шырқаумен қатар, бір-бірінің айтатынын бөлек те орындайды екен.
«Біз қазақ әндерін де айтамыз. Мұны бізге ансамбліміздің белді мүшесі Айбар үйретті. Айбар – кәсіби домбырашы. Осында жастарға домбыра үйретіп, біз секілді өз елінің ұлттық өнерін хал-қадірі жеткенше насихаттап жүрген жанашыр азамат. Негізі, ол – мамандығы бойынша тарихшы. Бұйырса, жуырда магистратурадағы оқуын аяқтайды. Сосын докторантураға тапсырып, білімін одан әрі жетілдіруді көздеп жүр-ау деймін. Айбар оқудан, ансамбльде өнер көрсетуден бөлек, осында венгр тілінен сабақ береді. Ол венгр тілін жетік біледі. Көбімізден жақсы біледі десем, артық айтпаймын», – дейді Тимеа Айбардың мажар мәдениетіне қызығатынын тілге тиек етіп.
Будапештте жүрген Айбардың мажар мәдениетіне қызығушылығы оянса, Тимеаның қазақ мәдениетіне құрметі арта түскенін айтады.
«Қазақтар мен мажарлар туыс халық екенін тарихтан білеміз. Ғалымдардың зерттеулеріне сенсек, венгрлер Карпат тауының алқабына, яғни қазір мекен еткен аймаққа көшіп келмес бұрын қазіргі тіл емес, түркі тілінде сөйлеген. Түркітілдес халықтарға біздің ата-бабаларымызды түсіну қиынға соқпаған. Дәстүрі, салт-жоралғысы да ұқсас болған. Сондықтан біз кезінде ата-бабаларымыз бір-бірін қалай жақын тартса, бүгін де сол дәстүрден жаңылмауға екі елдің арасындағы туыстық қатынас туралы бар білгенімізді айтуға тырысамыз», – дейді Тимеа Венгрияда біздің ұлтты жақын тартатынын әңгімеге қосып.
Жоғарыда Тимеа айтып өткендей, Айбар – Венгрияда ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген магистрант. Бүгінде әлеуметтік желіде кеңінен таралған видеодағы Тимеаның ситерада «Әлқисса» күйін орындауына осы Айбар себепкер болған.
«Біз түркітілдес елдердің туындыларын орындауға тырысамыз. Әлбетте, барлық әнді ситерада орындай алмаймыз. Өйткені ситерада ойнау үшін арнайы техника керек. Сондықтан біз ситерада орындауға келеді-ау деген әндерді таңдап алдық. Айбар YouTube-тан бірнеше қазақ әндерін жіберді. Алғаш жіберген кезде таңырқағаным сонша, Айбарға «Уау, мынау керемет туынды екен!» деп жаза беріппін. Сосын бірте-бірте ситерада ойнауға болатынын таңдап, іріктеп алатын болдық. Сіздер әлеуметтік желіде кеңінен таралған «Әлқиссаны» ғана көрдіңіздер ғой. Ал мен ситерада бірнеше ән, атап айтсам, «Бәрінен де сен сұлу», «Ақ баян», «Әгугай», «Қамажай», «Жалған ай», «Арыс жағасында» әндерін ойнай аламын. Аталған әндердің бәрі жүрегіме жақын, десе де «Әлқисса» күйінің орны бөлек. Себебі бірінші үйренген туындым сол болды. Ал алғашқы нәрсенің ұмытылмайтынын сіз бен біз жақсы білеміз», – дейді Тимеа күйдің құдіретін айрықша сезінгенін айтып.
Күй демекші, Тимеа алғашында домбыраның екі ішегімен қандай әуен шығаруға болатынына таңғалғанын жасырмайды.
«Мен сіздердің ұлттық аспаптарыңыз – домбыраны алғаш рет Ыстанбұлда көрдім. Мен ол кезде сол жақта тұратын едім. Ауызашар кезінде бір қазақ бала домбыра тартып, нақышына келтіріп бір керемет ән орындады. Алғашында «Бұл қалай болғаны сонда?» деп қатты таңғалдым. Себебі ол аспапта екі-ақ ішек бар. Екі ішекпен тұтас мелодияны ойнауға болатын ба еді? Сөйтсем, болады екен. Санама сілкініс жасаған жайт осы болды. Музыкант болған соң, бұрын-соңды көрмеген мұндай аспаптың құдіретіне таңғалдым. Сол кеште әлгі домбырашы менің қызыққанымды байқап, маған домбырада ойнауды үйретуге тырысып-бақты. Сол кезде қазақтардың домбыра тартып отырғанын бақылап, бұл қоңыр үнді үнемі естігім келетінін ұғындым. Кейін Будапештке көшіп, Айбармен танысқан соң, бұл шаруам шешіле кетті. Себебі мен қазір домбыраның үнін жиі тыңдаймын», – дейді Тимеа.
Тимеа ән қоржыны мұнымен бітпейтінін айтады. Себебі Түркі жастарының ансамбль мүшелері үнемі репертуарды жаңа әнмен толықтырып отырады екен. Десе де, бұл оңай шаруа емес. Тимеа «Бастапқыда үйрену қиынға соқты. Алайда көп рет тыңдай берген соң, құлағың үйреніп кетеді. Ақырында бұл қалайша сенің сүйікті туындыңа айналғанын білмей қаласың» дейді.
Будапештте Түркі жастарының ансамблінен бөлек, Түркі жастарының клубы белсенді жұмыс істейді. Дәстүр мен музыканы насихаттауды басты бағыт етіп алған бұл клубта түрлі маман өкілдері бас қосып, өз ойларын ортаға салып, ақырында мұны іске асыруға тырысады.
«Маған түркі елдерінің мәдениеті ұнайды. Қатты қызығамын. Сондықтан олардың өкілдері шақыратын ивенттерден қалмауға тырысамын. Соның ішінде Будапешттегі белсенді қазақ қызы Жанаргүл ұйымдастыратын көп іс-шараға барамын. Жуырда ғана тоғызқұмалақтан өткен сайыстарына барып, қолдап қайттым», – дейді Тимеа алда 8 наурыз мерекесіне орай өтетін тағы бір ивентке қатысатынын айтып.
Тимеа Астанаға келіп, концерт беріп қана қоймай, Көшпенділер ойынында бақ сынағысы келеді екен.
«Қазақстан туралы біраз дерек білемін. Бәрінен бұрын әлем туристері тамсанатын, табиғаты әсем ел екенін білемін. Жетпіс жыл бойы Ресей империясының бодандығында болғанын білемін. Мұның әсері бар екенін қазір де байқап жүрмін. Себебі Будапештке білім іздеп келген қазақ студенттер жетерлік. Екі-үшеуімен танысқанымда олардың тек орыс тілін білетінін байқадым. Себебін сұрасам, елдің солтүстік бөлігінде туып-өскенін желеу қылды. Бұған қатты таңғалдым», – дейді Тимеа орысша сөйлейтін қазақтар өз тілінде сөйлеу білуге тиіс екенін айтып.
«Қыркүйек айында Астанада Көшпенділер ойыны өткізіледі. Жанаргүл асық ату мен бес тас сайысынан үш қатысушыны баптап апармақ. Соның ішінде мен де бармын. Қазақ халқын туыс санайтындықтан, олардың төл өнерінен бөлек, ұлттық спортына да қызығушылығым оянды. Әсіресе, бес тас деп аталатын ойынға әуес болдым. Бұйырса, осы спорт бойынша біз үшін дүбірлі дода саналатын Көшпенділер ойынында бақ сынамақпын. Сонымен қатар сол барғанда өнерсүйер қауымның басын қосып, Астанада концерт бергім келеді. Сіздер де келесіздер деп үміттенемін», – дейді Тимеа сөз соңында.