Лаура Қарабасова: Ғылыми жобалардың тең жартысын жас ғалымдар орындайды
"Студенттердің әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмай отырмыз. Биылдың өзінде 400-ге жуық студенттің оқу ақысына 25 пайыздан 100 пайызға дейінгі жеңілдіктер бердік. Былтыр Мемлекет басшысының біздің университетке арнайы келіп, нәтижелі жұмысымызбен танысып, оң бағасын беруі біз үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік салмағы да еселене түскенін сездік".
Былтыр Мемлекет басшысы Ақтөбе өңіріне сапары барысында тарихы бай, еліміздегі ірі әрі іргелі оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қызметімен танысқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес аталған білім ордасы әлемнің үздік 250 жоғары оқу орнына кіретін Heriot-Watt университетімен маңызды келісімге қол жеткізді. Бүгінде 300-ге жуық студент мемлекеттік грант негізінде, өңір экономикасының сұранысына сай электроэнергетика, компьютерлік инженерия, мұнай-газ және энергоменеджмент мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Оқу орнының ғылым мен білім саласындағы жаңалықтары жайында университет ректоры, PhD докторы Лаура Қарабасовамен әңгімелескен едік.
– Лаура Чапайқызы, сіз ректор болып тағайындалғалы 2 жылдан асты. Осы уақыт аралығында білім ордасында қандай жаңашыл бастамалар жүзеге асты?
– Жұбанов университеті – еліміздегі аса ірі жоғары оқу орнының бірі. Қазақстанның батыс аймағындағы іргелі университетке ректор болып тағайындалғанда білім ордасында маған дейін қалыптасқан дәстүрді, барлық жетістікті сақтай отырып, университетті жаңа кезеңге көтеру мақсаты тұрды. Бұл – министрлік саясатының басым бағыттары академиялық трансформация мен интернационализация еді. Үлкен ұжымды бір мақсатқа жұмылдыру аса жауапты іс. Университетімізде 1 300-ге жуық адам еңбек етеді, 14 мыңға жуық студент білім алуда. Білім алушыларға сапалы білім алуға, ал әріптестеріме қолайлы интеллектуалды ортада еңбек етіп, ғылыммен айналысуға жағдай жасау – басты міндетім.
Бүгінде біздің университет ұлттық деңгейде танымал болып келе жатыр десем, артық айтқаным емес. Ал британдық Heriot-Watt университетімен біріккен жобамыз университетті халықаралық деңгейге көтерді.
Еліміздегі жүзден астам университеттің 18-і ғана мүше Академиялық адалдық лигасына қабылдандық. Академиялық лиганың қатаң сапа талаптарын орындап жатқан оқу орнының бірі – біздің университет. Академиялық сапа талаптарын жоғарылату оқытушылар мен қызметкерлердің біліктілік деңгейін үнемі көтеріп отыруды қажет етеді. Оқытушыларымыздың ғылыми әлеуетін арттыру үшін соңғы екі жылда 200-ден астам әріптесімізге ағылшын тілін тегін үйренуге мүмкіндік жасадық. Бұл мақсатта халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды шақырдық. Бұл еңбегіміздің нәтижесі өз жемісін беріп отыр. Біз дайындаған 18 маман «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тәжірибе жинақтап жатыр. Ұжымдағы 40 оқытушы Астана, Алматы қаласындағы ұлттық университеттер мен өзге де оқу орындарына докторантураға (грант иегерлері) оқуға түсті. Бұл – өңірлік университет үшін үлкен жетістік, тамаша көрсеткіш. Сонымен қатар бұл ғылыми кадрларды үздіксіз даярлаудың алғашқы қадамы.
Қазір университетте 30-ға жуық «Болашақ» бағдарламасының түлегі жұмыс істейді. Олардың арасында PhD мамандар да бар. Мұндай мамандарды өңірге тарту – біз үшін аса маңызды жетістік. Олар өздерімен бірге қаржыландырылатын гранттық жобаларды да алып келуде.
Студенттер қолайлы ортада білім алу үшін материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Оқу орнында кітапхана трансформациясы сәтті жүзеге асуда.
Студенттердің әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмай отырмыз. Биылдың өзінде 400-ге жуық студенттің оқу ақысына 25 пайыздан 100 пайызға дейінгі жеңілдіктер бердік. Былтыр Мемлекет басшысының біздің университетке арнайы келіп, нәтижелі жұмысымызбен танысып, оң бағасын беруі біз үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік салмағы да еселене түскенін сездік.
– Елімізде дарынды жастардың шетелде білім алуы ерекше назар аударатын мәселе. Осы тұста білім беру жүйесін жетілдіруде қандай тетіктерге баса мән беруіміз керек?
– Жаһандық үрдістер білім алуда шекара жоқ екенін көрсетті. Тілді меңгерген дарынды жастар әлемдік деңгейдегі стандартқа сай білім алуға ұмтылады. Мұндай білім мен тәжірибе мансаптық артықшылықтар беретінін жастар жақсы түсінеді. Жастардың елден кетуі де осы себептен.
Мәселені шешудің бір жолы – трансұлттық білім ынтымақтастығы. Жастарға шетелге шықпай, сапалы білім алуға жағдай жасау. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Ұлыбританияның жетекші техникалық оқу орны Heriot-Watt университетінің филиалы ашылды. Қазір бірлескен жоба аясында 300-ге жуық студент мемлекеттік грант негізінде, өңір экономикасының сұранысына сай электроэнергетика, компьютерлік инженерия, мұнай-газ және энергоменеджмент мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Мұндағы студенттердің 35 пайызы – ауыл мектебінің түлегі, 42 пайызы – қолдауға мұқтаж түрлі әлеуметтік санаттағы жастар. Грант жеңіп алған талапкерлердің арасында тек ақтөбеліктер ғана емес, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қаласының түлектері де бар. Британдық іргелі оқу орнының Эдинбург, Дубай, Малайзия және Ақтөбедегі филиалында оқу сапасы жоғары стандартқа сай, оқыту бағдарламалары бірдей.
Екінші мәселе халықаралық деңгейде білім алған жастардың өңірде қалуы үшін еңбек нарығы дайын болуы керек. Сол үшін өңірдегі аса ірі жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қаңтар айында ең ірі компаниялардың бірінші басшыларын университетке шақырып, талантты жастарға тиімді еңбек жағдайларын ұсыну қажеттілігін талқыладық.
– Университетте ғылымды дамыту бағытында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып отыр?
– Жыл басында университетімізде Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе ғылыми қызметтің нәтижелері болды. Жиынға профессор-оқытушылармен қатар Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет Ақтөбе өңіріндегі 40-тан астам ірі жетекші компаниялар мен өндіріс мекемелері қатысты. Кәсіпорын басшыларына мемлекет тарапынан ғылымға көрсетіліп отырған қолдау шаралары мен бірлескен жоба мүмкіндіктерін түсіндірдік.
Ақпан айында өңір кәсіпорындары мен ғалымдардың бірлескен жұмыстарын жандандыру үшін «Бизнес пен ғылымды интеграциялау: коммерцияландыру курсы» тақырыбында диалог алаңы ұйымдастырылды. Диалог алаңына Ақтөбе облысының кәсіпкерлері, компания басшылары, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар, жас ғалымдар қатысты.
– Университет жас ғалымдарды қолдауға қаншалықты көңіл бөліп отыр?
Ғалымдарды қолдау – отандық ғылымды жоғары деңгейге көтерудің бірден-бір жолы. Елімізде ғалымдарды гранттық қаржыландыру арқылы олардың идеяларын қолдап, зерттеу жұмыстарын ынталандыруға, ғылыми әлеуетін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Университетіміздегі ғылыми жобалардың тең жартысын жас ғалымдар орындайды. Мысалы, «Жас ғалым» жобасы бойынша 11 ғалым өз идеяларын іске асыруда. Атап айтар болсам, әріптесіміз Сандуғаш Мыңбаева жасанды интеллектті, ал Гүлжан Күзембаева Ақтөбе өңірінің топонимикасын зерттеуде. Сонымен қатар жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында жыл сайын университеттің ішкі гранттарын үлестіріп отырмыз. Мақсат – жас мамандарымыздың жыл бойы гранттарға өтінім беру үшін көрсеткіштерін жақсарту, тақырыптарын айқындап алу, шетелдік рейтингі жоғары ғылыми басылымдарда мақалаларын жарыққа шығару.
Екі жыл қатарынан университет арнайы «зерттеуші-оқытушы» санатын енгізіп отыр. Осы жоба бойынша нақты ғылыммен айналысуға ниетті әр оқытушы жартылай сабақ беру жүктемесінен босатылып, жалақысына қосымша үстемеақы төленеді. Университетіміздің басты саясаты – жас ғалымдар арқылы әр саладағы ғылыми мектептерді жаңғырту, жаңа ғылыми бағыттарды айқындау, өңірге байланысты бар мәселелерді шешу, әлемдік ғылыми орталықтармен коллаборация орнату.
– Әңгімеңізге рахмет!