T-Newspaper

Ұшқыш Бибіхан

сурет – кейіпкердікі

Адам жанын арашалауға атсалысып жүрген Бибіхан мамандықты ерлерге немесе әйелдерге арналған деп бөлуге болмайды деп санайды.

Авиация – үлкен жауапкершілікті қажет ететін қиын саланың бірі. Бұрын ер-азаматтардың оқуы саналатын авиациялық мамандықтарға бүгінде қыздар арасында сұраныс жоғары. Азаматтық авиация академиясының арулары авиамеханик, авиадиспетчер, логист, авиациялық қауіпсіздік, тікұшақ пен ұшақ басқарушы мамандар ретінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. 

Бибіхан Тұрысбекова Төтенше жағдайлар ми­нистрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» әуе компаниясында екінші ұшқыш штурманның қыз­метін атқарады. Бала кезінен ұшқыш болуды ар­мандаған ару 2016-2021 жылдар аралығында Аза­мат­тық  авиация академиясында білім алады. Оқуын ойда­ғы­дай аяқтаған жас маман мемлекеттік бағдарлама бойынша «Қазавиақұтқару» әуе ком­па­ния­сына екінші ұшқыш болып жұмысқа орналасады. Әуе қатынасы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқанына биыл 3 жыл толады. 25 жастағы ұшқыш қыз бүгінде МИ-8 ауыр тікұ­ша­ғын басқарады. 

– Біз медициналық көмекке, өрт сөндіруге, су апаттарына, жоғалған адамдарды іздеуге, құтқару жұмыстарына барамыз. Көмекке мұқтаж жандардың күтіп тұрғанын сезіну, оларға жәрдемші болып алғашқылардың бірі ретінде жету, көмек көрсетуден артық бақыт жоқ, – дейді Бибіхан.

Төтенше жағдай саласындағы мамандар неше түрлі қиындықтармен бетпе-бет келетін­діктен психологиялық тұрақтылық өте маңызды. 

– Кез келген ұшқыш ең алдымен биіктіктен қорықпауы керек. Сонымен қатар жауап­кер­шілік, стреске төзімділік, эмоционалдық тұрақтылық, қиын жағдайда тез шешім қабылдау маңыз­ды рөл атқарады. Өзім тікұшаққа әр отырған сайын бірінші рет отырғандай әсер ала­мын. Бар уайымымды ұмытып, жауапкершілікті сезінемін. Өйткені бұл жұмыста қобал­жу­ға жол жоқ, – дейді жас маман.

Құтқару жұмыстарына жұмылдырылатын тікұшақтар еліміздің 15 өңірінде орналасқан және олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күнделікті кезекшілікте тұрады. «Қа­завиақұтқару» техникалары мен арнайы жасақтары бүгінге дейін Алматы, Батыс және Шы­ғыс Қазақстан, Түркістан облыстарындағы ірі су тасқыны кезінде зардап шеккен жан­дар­ды су басқан жерлерден эвакуациялап, бірнеше мың адамның өмірін құтқарып қалған.

Адам жанын арашалауға атсалысып жүрген Бибіхан мамандықты ерлерге немесе әйелдерге арналған деп бөлуге болмайды деп санайды.

– Дамыған заманда ер мен әйелдің қоғамдағы орны бірдей. Сондықтан қасаң көз­қарас­тардан арылып, әр адам жаны қалаған іспен айналысса, жетістікке жетеді. Адамды арманы алда­майды. Армандарыңыздан ешқашан бас тартпаңыздар, – деп қорытты ойын Бибіхан.

Ержүрек қызға арманы аласармасын дейміз.