T-Newspaper

Жалаңтөс Баһадүр мен Ялангтуш Ба­ха­дур бір тұлға ма?

сурет ашық дереккөзден алынды

Бүгінде қазақ та, өзбек те «біздікі» деп жүр­ген Жалаңтөс Баһадүр кім?

Тарихи тұлғалар − дәуірлердің жемісі, оларды үлкен тарихи оқиғалар, ғылымның дамуы, т.б. себептер алға шығарады. Кейде ірі тұлғалар түп-тегі  бірнеше халықтарға ортақ тұлға ретінде қабылданады. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи секілді көрнекті тұлғалар түбі бір түркі халықтарының көбіне қатысы бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Бұл орайда, орта ғасырлардағы шығыс елдері «баһадүр» деп атаған Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлының (1576 жыл – 1656 жыл) жөні бөлек.

Қиын-қыстау кезеңдерде елге басшылық жасаған, халқын қырғыннан аман сақтап, жү­ректілікпен, ақылмен іс істеген би-ба­тыр­лардың ұлт тарихында ең ардақты адамдарға ай­налуы − тарихи ақиқаттың көрінісі. Сол ақи­қат Жалаңтөс Баһадүрдің атын тарихқа жаз­ды, бір емес, екі елдің тарихына!

Бүгінде қазақ та, өзбек те «біздікі» деп жүр­ген Жалаңтөс Баһадүр кім?

Қазақ халқының шежірелік деректері оның Кіші жүз (Алшын) тайпасының төрт­қара руынан шыққанын айтады. Кіші жүздің бас биі − Әйтеке би мен Жалаңтөс Баһадүрдің ата­сы бір (екеуі де Сейітқұлдан туады). Жа­лаң­төс Баһадүр Самарқандты билеген. 1581 жыл­ғы аштықтан аман қалу үшін Шығай хан мен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыс­тарымен бірге Бұхараға жақын Нұрата тау­ла­рына қоныс аударған. Жалаңтөс батыр 12 жа­сынан Тамды және Қызылқұм қазақ­тары­ның ханы Дінмұхамедке қызмет ете бастаған. Аты халық арасына кеңінен танылып, сол дәуірдің жоғары дәрежелі «Аталық» атағына ие болған.

Самарқандты билеген Жалаңтөс 1640 жылы қазақ және өзбек жерлеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батурға қарсы қол бастап, оны жеңіліске ұшыратты. 1643 жы­лы Жетісу жеріне баса-көктеп кірген жоң­ғар қалмақтарымен соғысып жатқан Жәңгір хан­ға 20 мың әскерді көмек ретінде жіберіп, ор­тақ жауды талқандауға зор көмек көрсетті. Өз­ге елді билеп тұрса да, өз қазағына әрқашан кө­мектесуге дайын тұрған. Сүйегі қазіргі Са­мар­қанд қаласына 12 шақырым қашық­тық­тағы Дахбед қаласындағы зиратқа қойылған. Бұл қазақ арасында әлі күнге өзгеріссіз айты­лып келе жатқан дерек.

Ал өзбек халқы әспеттейтін Ялангтуш Бахадур кім?

Олардың көрсетуінше, Ялангтуш Ба­ха­дур (Низомиддин Абдукарим Ялан­туш­би Бахардир Бойхожи уғли. Туған-өлген жыл­дары:  1578 − 1656) өзбек әскери басшы­сы, саясаткер, Бұқара хандығының Самар­қанд­тағы билеушісі. Кей деректерде толық аты-жөні Ялангтушби Бахадур Бойхожи ұғ­лы. Тегі өзбектің Олчин (Алшын) руынан. 1612-1656 жылдарда Имамқұл, Надир Му­хам­мад, Абдулазиз хандар тұсында Бұхара хан­дығына қарасты Самарқандты билеген. Сол қа­ладағы Регистан алаңындағы Шердор, Тіл­лә Қари медреселерін салдырған.

Қазақ-өзбек деректерін салыстыра қара­ған соншалық айырмашылық жоқ. Туған-өл­ген жылдары да, билеуші болған тұстағы іс-әрекеттері ұқсас. Бірақ соңғы кезде қазақ Жалатөс Баһадүр, өзбек Ялангтуш Бахадур деп атаған бір тұлғаны әркім өзіне тарту, оған қа­тысты тарихи деректерді бұрмалау сияқты ке­ліспеушіліктер пайда болды. Қазақтар оның тегін кіші жүздің төртқара руынан шық­қанын, оның ұрпақтарының қазақ ішін­де жалаң төртқара атанып жеке аталыққа ай­налғанын айтса, өзбектер оның қазаққа қатысы жоқ, өзбектің алшын руынан шыққан өз адамы екенін айтуда. Шын мәнісіне кел­генде, өзбектердің алшын деп отырғаны да, қазақтардың кіші жүз деп отырғаны да бір нәр­се: қазақта кіші жүзді ежелден алшын бір­лестігі деп атайды.

Қазақ тарихында Самарқандты билеген Жа­лаңтөс Баһадүр қазақ еліне үнемі әскери кө­мек жіберіп, ел басына түскен қиын-қыс­тау шақта үлкен қолдау жасағанын жазса, өз­бектер оны (әсіресе, кейінгі кездерде) Яланг­туштің Бұхара хандығы үшін қызмет етіп, қазақ хандарына қарсы соғысқанын жазып, оны барынша қазақ тарихынан алыс­татуға күш салып жатыр. Бұл әсіресе, өткен жы­лы өзбек режиссері Жахангир Ахмедов тү­сірген «Амир Бахадур Ялангтўш» фильмінен соң үдей түскен тәрізді. Бір қызығы, бұл фи­льм­де Қазақстан мен Қырғыз Республи­ка­сының кино жұлдыздары да рөлдер сомдаған, сон­дай-ақ халықаралық каскадерлер ака­де­миясының «Таурус» сыйлығының иегері Қа­зақстанның Nomad Stants каскадерлар тобы қа­тысқан.

Тарихты бұрмалау кімге керек?

Бір кезде түрік деген бір мемлекетті құ­ра­ған халықтар уақыт өте келе (әсі­ре­се, Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан соң) бірнеше елге бөлшектеніп, әрқайсысы бө­лек ұлт ретінде отау тігіп кетті. Кеңестік ке­зеңнің сұрқия саясаты қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ халықтарын барынша бір-бірінен алшақтатуға тырысып, олардың әліп­биін бір-біріне түсініксіз етті, тарихын әртүрлі қылып жазуға жол берді. Содан келіп, бір ордадан бөлініп, қазақ, өзбек болып, екі ұлт­қа айналып кеткен халықтардың ара­сын­да рухани тұрғыда бөлінушілік болды. Соның соңы міне Жалаңтөс Баһадүрге таласуға дейін жетіп отыр. Таласта әркім-ақ өз мүддесіне сай, қалайда жеңуді көздейді емес пе? Өзбек жа­ғынан Жалаңтөс пен Ялангтушті әртүрлі адам екенін дәлелдеу мақсатында оны Бұхара ха­нына қызмет етіп, сол мүдде үшін қазақтар­ға қарсы соғысушы ретінде көрсететін дерек­тер­ді ұсыну байқалады. Бірақ ол деректердің шынайлығы қандай? Расымен біздің Жа­лаң­төс пен ағайын жұрттың Ялангтуш атап жүр­ген тұлғасы әр басқа адамдар ма? Мұны ға­лымдардың ғылыми тұрғыдағы әділ зерт­теулері көрсетсе керек. Әл-әзір ондай еңбек­тер насихатталмай тұр. Сондықтан біз тарих ғы­лымына өз көзқарасы бар екі ғалымның пі­кірін назарларыңызға ұсынамыз.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

тарих ғылымының кандидаты, Мадрид университетінің профессоры:

Тарихын дұрыс жазбаған елге қатысты дау көп болады

− Жалпы, кімнің өмірбаяны болса да, шы­нын айту керек. Рас, Жалаңтөстің өмір сүр­ген жері қазір Өзбекстанға қарайды. Оның бір себебі, бір кезде Самарқандқа,  Бұ­хара­ға дейінгі кең далада біздің кіші жүздің тай­­палары көшіп-қонып жүрген. Ал ол жер­лер­де бұқарлық дихан халық қоныстана ал­маған, себебі су жоқ жерде егін еге алмайды ғой! Ал қазақтарға мал жаятын жер болса бол­ды, құдық қазып малын суарып жүре бе­реді. Көп шөп болмағанның өзінде құмды жер­лерде өсетін жантақ сияқты тамырын те­реңге жіберетін өсімдіктер болады, солар мал­ға азық. Қазақтар біз айтқан жерлерді емін-еркін жайлаған себебі, ХVII ғасырда қа­зақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрды. Қа­зіргі өзбек жеріндегі Андижан, Жызақ өл­ке­лерін, Ташкентті қазақтар биледі. Сол дәуір­де Жалаңтөс Баһадүр де Самарқандты би­леп тұрды. Қазір ол жерлер өзге елдің құра­мын­да болғандықтан, бұл жайлар Қазақстан тари­хында айтыла бермейді.

Ол тұста Орталық Азияда екі ірі ел − Бұ­хара әмірлігі мен Қазақ хандығы бол­ды. Бірақ Қазақ хандығы жай хандық емес, сипатына қарап толыққанды мемлекет деу­ге болады. Себебі Бұхара әмірлігінде билік әу­леттен әулетке көшетін монархиялық си­пат­та болса, Қазақ ордасында хан  сайланды. Хан­дардың сайлануында әр руды басқарып отырған би-батырлардың қолдауы, қазіргіше айт­қанда, дауыс беруі − кімнің де болса хан болуына әсер етті. Демек, билеушілері сай­ланған Қазақ ордасын хан­дық демей, мемле­кет деп атау шындыққа сай келеді.

Ташкентті Тұрсын хан,  Самарқандты Жа­лаңтөс Баһадүр биледі.  Біздің қазақ жазу­шылары Жалаңтөсті өз кезінде үлкен тай­па­ны билеген, беделді болған, сондықтан Бұ­ха­ра билеушілері оған Самарқандты сыйлаған дегендей әңгіме айтуға әуес. Шын мәнінде, сый­лаған түгі жоқ. Көшпелі қазақ тайпалары қуат­ты жауынгер халық болды. Бұхара хан­ды­ғы олардан сескенді, сөйтіп оларды түрлі жол­дармен өздеріне тартқысы келді, билік бе­ріп өздеріне қаратып, қазақ хандарына қар­сы пайдаланғысы келді. Бірақ Жалаңтөс сияқ­ты тұлғалар ондай қитұрқылыққа  ал­дан­­бады. Оның қазақ жеріндегі жат ел бас­қын­шыларына қарсы соғыстарға әскер жі­бе­­ріп қолдау көрсетуінің өзі соны көрсетеді.

XVI ғасырдың аяғында Тәуекелдің Бұхара әмір­лігіне қарап тұрған Түркістанды, Таш­кент­ті, Ферғананы, Самарқандты басып ал­ға­ны тарихтан белгілі. Демек, Орталық Азия­­­да­ғы екі ірі ел − Қазақ хандығы мен Бұхара әмір­­лігінің арасында үлкен бақталастық бол­­ды. Сондықтан Бұхара хандығы XVII ға­сыр­да қазақ хандарының өздеріне шабуыл жа­сауының алдын алу үшін қазақтың кейбір ірі тайпаларын өздеріне тартты. Сондықтан Са­марқандты Жалаңтөске билетуінде есеп бол­ды. Самарқандты қазаққа билетіп қойсақ, оған ерген қазақтың ру-тайпалары бізге қа­райды, сосын біз оларды қазақ хандарына қар­сы қоямыз деп ойлады. Ал Жалаңтөстің қа­зақ еліне деген көзқарасын, жасаған істері­не қарап оған билік берген Бұхара әмірлігінің арам ниетінің іске аспағанын көреміз.

Жасыратыны жоқ, кейде Бұхара әмір­лі­гі­нің теріс пиғылының іске асқан жер­лері де бар. Мәселен, Тұрсын хан. Ол қа­зақ­тың би­ле­ген атақты Есім ханның туысы. Оның Бұ­хар әмірлігінің азғыруына ергені үлкен тра­ге­дия. Соңы ағайын жұрттың бір-бі­ріне шек­тен тыс қатыгездік жасауына жет­кіз­ген қасірет.

1626 жылы Түркістанда үлкен басқосуда Есім хан «мына жоңғарлар күшейіп жатыр, біз сол жоңғарларға жақында жорық жасауы­мыз керек, сол үшін бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарайық» деген. Оған бәрі ке­ліскен. Атақты тарихшы Әбілғазының жаз­ға­­­­нынан бізге жеткен дерек бойынша, ол жо­рыққа Тұрсын хан бармай қалады. Шама­сы, халық көп тұратын Ташкент аймағын би­леп отырған Тұрсын сұлтан бұхарлық­тар­дың «Сен үлкен жерді билеп отырсың, сон­дық­тан өз алдыңа үлкен хан болуың керек» де­ген сияқты сөздеріне сеніп, ақымақтық жа­саған. Есімхан жорыққа кеткенде қаптаған жоң­ғармен, қытаймен шайқасуға кеткен оны тірі келмейді деп ойлаған болуы керек, ол Есімханның билігі жүріп тұрған Түркістанды шауып алады. 1628 жылы Есімхан жорықтан орал­ған соң Тұрсын сұлтанның опасыз­ды­ғы­на ашуланып Ташкентке барып, Тұрсын сұл­танның басын алып, қапқа салып Бұхар хан­дығына жібереді. Онымен тұрмай Тұрсын би­леп тұрған жердің халқын – қатағандарды қырып салады, оған ердіңдер деп. Ашуға ерік берген Есімханның бұл ісі қазақ тарихындағы тра­гедия болды. Сөйтіп, бұл Бұхар ханды­ғы­ның Қазақ ордасына жасаған үлкен жаман­ды­ғының бірі болды. Ал Жалаңтөс ондайға бар­ған жоқ, керісінше, өзін пайдалануға жол бер­мей, Қазақ ордасына барлық уақытта ба­рын­ша қолдау көрсетті.

Әрине, тарихи деректерде оның қол бас­тап, Бұхар хандығының өзге елдерге жасаған жо­рықтарына қатысқаны айтылады, бірақ оның ішінде қазақтарға қарсы соғысқаны ту­ралы дерек жоқ. Өйткені ол Самарқандты би­леп, сүйегі сол жерде қалса да, өзінің тегін − кіші жүздің әлім тайпасы, төртқара руынан шық­қанын ұмытпаған. Оны енді өзбек ағайындар өзбек қылғысы келіп, қазақтан барын­ша алшақтату үшін Ялангтуш Бахадур өз­бектің алшын руының тумасы, қазаққа қар­сы жорықтарға қатысқан деп жалған де­рек­тер ұсынып, бізді одан жирендіруге әрекет етіп жатыр. Бұлай жалған тарих ұсынудың керегі жоқ, оны хат танитын елдің бәрі біледі.

Жасыратыны жоқ, бізде тарих ғылы­мы тарихи тұлғаларымызға дұрыс баға беріп, ұлт тарихын шынайы көрсете ал­ған жоқ. Абылай ханды, Әбілқайыр ханды өз ор­ны­на қойған жоқ. Бұл солқылдақты өз­гелер де көріп отыр. Сосын Жалаңтөске қа­тыс­ты сияқ­ты даулар шыға бермегенде қай­теді?

Самарқандтағы тарихи ғимараттар әлем­дік өнер туындылары саналады. Сондықтан оларды қазақ салдырған дегенді өзбек ағайын­дар мойындағысы келмейді. Жалаңтөстің тегіне қатысты даудың шығып отыруына бұл да бір себеп. Демек, тарих мәселесін біз шын­дық­­қа арқа сүйеп, шынайы жазуымыз керек.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,

филология ғылымдарының кандидаты:

Жалаңтөс туралы даудың шығуы – өзбек киногерлерінің  қитұрқылығы болса керек

− Біздің тарихшы мамандарымыз, ғалым­дарымыздың дәрменсіздігі соңғы кезде анық байқалып жүр. Қазақ тарихында шетін мә­се­ле­лер өте көп. Соның ішінде, өзге елдердегі қа­­­зақ­қа қатысты мәселелерді қорғап қалу, аны­ғына көз жеткізуде де дәрменсіздік бар, ішкі мәселелерде де сондай жайлар бар. Көп нәр­сені қарсы элетораттың қолына беріп қойып жатырмыз. Осы жағдай өзбек та­ра­пы­нан жақында бұрқ ете қалған, Жалаңтөс мә­се­лесіне де қатысты өзбектер тарапынан ай­тылып жатқан әңгімелер. Әрине, бәрін бір­дей ғайбаттай беруге болмайды, оларда да сергек тарихшылар бар. Мәселен, Ғайбулла Бабаяров деген тарихшы YouTube желісінде қа­зақ тарихына қатысты жақсы пікірлерін біл­дірді. Өкіншке қарай, бізде Жалаңтөс мә­селесіне қатысты дұрыс пікір айтып, шын­дық­ты анықтауға қызмет ететін тарихшы кө­рінбей тұр. Ал өзбек ағайындардың Жа­лаң­­­төске қатысты айтқандарына қарсылық­тар­дың дені «ойбай, батырымызды алып қойды» деген сияқты «қашты-қуды» әңгімелер бо­лып жатыр. Нағыз мамандардың тарихи де­­ректерді екшеген сараптамалық мате­риал­дары жоқ. Сондықтан амал жоқ, біз сияқты та­р­их­шы емес қаламгерлердің араласуына ту­ра келеді.

2008 жылы бұл жөнінде «Әйтеке бидің мұ­расы мен мирасы» деген үлкен тарихи эссе жаз­ған кезімде біраз қаузағанмын. Себебі Жа­лаңтөс – қан жағынан да, тәрбие жөнінен де Әйтекенің атасы. Сондықтан Әйтеке би жө­нінде жазғанымда Жалаңтөске соқпай ке­те алмадым. Сонда байқағаным, бұл кісі жө­­­нінде мәліметтер әртүрлі. Оның лақап аты көп болған сияқты. Бұхардың ханы  Иманқұл Мо­голстанға жорық жасағанда, Жалаңтөстің ба­тырлығына тәнті болып, оған Абдулкерим (Алла­ның сүйген сенімді құлы деген мағы­на­да) деген мадақ есім берген көрінеді. Ал енді бір деректе Самарқандтағы Дахбет зиратында жатқан Жалаңтөстің басына қойылған көк таста «Бойходжи би уғли Абдулкерим» деп жа­зылған десе, екінші бір деректе «Ялангтуш би Бахадур Байходжи би уғли» деп жазылған дейді. Кейінгі болып жатқан дауларда өзбек та­рапынан осыған сүйеніп, Жалаңтөсті Бай­қа­жы би деген баласы деп жатыр. Ал енді та­ғы бір деректе, ертеде хандардың сарайын­да қызмет еткен Махмуд ибн Вали атты ғалым, шайырдың Ташкенттегі әл-Беруни атын­дағы шығыстану институтында сақ­тал­ған «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-aхйар» ат­ты жеті томдық кітабының алтыншы то­мында: «Ялангтушби Аталық батыл ноян, іс­тің көзін білген әмір алшын қабиласының ұлы­сынан шыққан асыл есімі Хатуй Бахадур» де­ген мәлімет бар. Сонда Байқожи, Хатуй де­гендердің мәні не?

Зерттеушілердің айтуынша, қазақ ше­жі­ресінде Жалаңтөстің әкесінің аты − Сейіт­құл. Ал оны сопылар «Синесоф буа» (көңі­лі пәк жан) деген. Бұл оның лақап аты. Демек, Байқажы би деген де Сейітқұлдың ла­қап аты болуы мүмкін дегенді қазақ зерт­теу­шілері жазып жүр. Байқажыби дегенге кел­сек, оның алғашқы буыны − бай дегеннің ма­ғынасы белгілі, ал қажыби деген сөз оның қа­жыға барғанын және би болғанын көр­сетеді. Осыған қарағанда, Байқажы деген есім Сейіт­құл бабамызды Мәуереннахрға кең та­раған танымал лақап аты болса керек. Ал Ха­туйға келсек, ол Жалаңтөстің азан шақы­рып қойған аты болуы әбден мүмкін, бірақ кейін оны Жалаңтөс деген мадақ есім ығыс­ты­рып шығарған болуы да мүмкін. Шежіреге қа­расақ, бұл патронимия (әке есімімен атау). Төрт­қара руында Жалаңтөстің ұрпақтары са­налатындар өздерін «жалаң төртқарамыз» дейді. Оның анық-қанығы әзірге мәлімсіз. Бірақ Сейітқұлдың бәйбішесі Сары кемпірден – Сейтмәмбет, Төлес, Ақшаби, тоқалы Қара кем­пірден − Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Тү­рікмен, Қоян (Қожамқұл) тарайды. Бұлар­ды «сегіз Сейітқұл» деп атайды. Осылардың ішін­дегі Жалаңтөстен «жалаң төртқаралар» та­райды. Меніңше, балаға Жалаң деп ат қою мүм­кін емес сияқты. Ол Жалаңтөстің қыс­қар­тылған түрі болуы, шын аты Хатуй болуы да мүмкін. Ол елден кеткеннен кейін ұмы­тыл­ған шығар.

Жалаңтөс деген есім алуы жайында түр­лі әңгімелер бар. Сейітқұл Нұра­та­ға көшіп кел­геннен кейін тоқалы жүкті кезінде арлан қас­қырдың төсін жеп жерігін бас­қан, содан туған баланың атын Жалаңтөс деп аталған дейді. Тағы бір әңгімелерде бо­ла­шақ әмір киі­мімен туған екен, тек кеудесі − төсі ғана жалаңаш болыпты дейді. Және бір әң­гімеде балуан денелі, апайтөс болуы се­беп­ті киім шы­дамай, кигені кеудесінен айы­ры­лып, жыр­тылып кете берген соң төсі ашылып жү­реді екен, соған орай жұрт оны Жалаңтөс ата­ған дей­ді. Сондай-ақ батыр жауға шап­қан­да сауыт кимей шығады екен дейді. Міне, сол се­беп­терден ол Жалаңтөс атанып, негізгі Ха­туй есімі ел жадынан өшіп кеткен болуы мүм­­кін. Қалайда, Жалаңтөс, бұл жаугершілік за­­манда кім көрінгеннің қолы жете бер­мей­тін атақ. Түркі жұртында бұл атақ жүре-бара ұмы­­тылғанмен, жауға сауытсыз шабатын жан­­кешті батырлардың дұшпанының құтын қа­шырып, үрейін ұшырғаны туралы әң­гі­ме­лер көп.

Енді Жалаңтөс Мәуреннахр жеріне қа­лай барып қалды дейтінге келсек, оның Ақсақ Темір тұсында өмір сүрген ба­ба­сы Ораз қажыны айтуға болады. Біздің та­рих­шылардың айтуы бойынша, Ораз қажы 1299-1385 жылдары өмір сүрген. Сырдың бойын­да оған Ақсақ Темір мешіт қыл деп 16 қа­нат ақ боз үй тіктіріп беріпті, содан ол жер Ақ­мешіттің ауылы атанған көрінеді. Бұл кейінгі Перовск, қазіргі Қызылорда. Сол Ораз қажы Нұратаға келіп, Сейіт қожадан шыққан Мүрсейіт Сейтжан хазіретке мүрид болыпты дейді. Мұнан Сыр бойы қазақтарының XIII ғасырдың өзінде Нұратаға келіп, Самарқанд маңын жайлағанын көреміз. Екінші мәселе, Ораз қажының Шығай ханға қатысты келуі. Шығай хан Сығанақ маңында Адақ дейтін жер­де отырған кезде қырық мың үйлі найза­гер алшынды соңына ертіп, Мәуреннахрға келген. Мәуреннахрдағы Шайбани әміршілер өз иеліктеріндегі жерлерді сыртқы ша­буыл­дан қорғау үшін жауынгер алшын тайпаларын өз­деріне шақырған. Сөйтіп, оларға ойып тұ­рып уәзипа жер береді. Самарқандтың маңайын­дағы Офарикент деген жерді Шы­ғай мен Тәуекелге сыйға берген. Сыр бойын тас­тап келген Шығай Офарикентке қоныс­тан­ған кезде әскери шонжарларға үлес ре­тінде беретін жер есебінен Нұратаны Сейіт­құл бастаған алшындарға беруі мүмкін. Осы­дан соң Жалаңтөс әкесі Байқажыбиге (Сейіт­құлға) еріп Дахбетке келіп, өздеріне бе­ріл­ген жерде тұрғанда өз кезіндегі сопы­лар­дың үлкені − қожа Хошими деген сопыға қол беріп, оны өзіне пір тұтады. Мұны өзбек ғалымы К.Каттаев «Махдуми Аъзам ва Дах­бед» кітабында жазған. Сондықтан біз өзбектің нағыз маман тарих­шы­лары­ның жазғандарына қарасақ, өзбек еліндегі алшындардың бір кезде Сыр бойы­нан келгендерін, Жа­лаңтөстің де солардан шық­қа­нын көрсетіп тұра­ды. Бірақ кейінгі кезде әлде­қан­дай се­беп­термен өзбек пат­риот­тары мұн­дай деректерді елеп-ескер­меуге айналды.

Соңғы дәуірде қазіргі Әй­теке би, Сейітқұл жер­лен­ген жерде XIII  ғасырдан бері қа­зақтардың жерленгені Гүлнар Бай­жанованың зерттеулерінде анық­­талды. Сондықтан мұны на­зар­­да ұс­тауымыз керек. Бүгінгі Тауе­лібай қ­а­зақ­тары ол жерлерге өте ер­те­ден қо­ныс­тан­ғаны дау тудырмаса керек. Сондай-ақ қара­қалпақ еліндегі Топырақ­қала, Аязқала деген қалалардың атауы да қа­заққа қатысты та­рихи шындықты көр­се­теді, яғни ол жер­лер­де қазақтар ежелден қо­ныстан, ғұмыр кеш­кенін танытады. Аязқа­ла атауы ұлттық фо­льклорымыздағы Аязбидің құрметіне қойылғаны анық. Егер ол жерде Аязби отыр­маса, ол туралы аңыз-ертегі қазақ ішіне қай­дан келеді? Сондықтан біз айтқан жерлердегі өмір сүріп жатқан қазақтар өзбек елі үшін диаспора емес, өздерінің атакүлдігінде отыр­ған халық екенін, соның ішінде кіші жүздің негізін құрайтын алшын тайпасының тамыр тартып отырған жері екенін мойын­дауымыз керек.

Ал енді Жалаңтөс мәселесіне қайта орал­сақ, Сейітқұлды бір кезде Самарқанд маңын­да­ғы халыққа басшы қылыпты. Деректерде оның қарамағындағы халықтың ішінде 100 мың үйлі өзбек, 35 мың үйлі қарақалпақ, 40 мың үйлі алшын болғаны айтылады. Ал алшындардың әр отбасында орташа бес-алты жан болды дегеннің өзінде, олардың соны 300 мыңды төңіректейді. Қазіргі өзбек елін­дегі Навои, Бұқара, Хорезм  облыстарындағы, Қарақалпақ еліндегі қазақтардың негізінен кіші жүзге жататынын ескерсе, бүгінде Өз­бек­стандағы 2 миллионға шамалас қазақтар­дың қаншасының алшын екенін шамалауға болады. Демек, өзбек ағайындардың Жалаң­төсті «өзбектің алшын руынан шыққан» деуі шындықтан алыс, ол қазақтың алшын-кіші жүзінен шыққан.

Әйтеке би Самарқандта туып-өскені­мен, оны Ұлықбектің медресесіне бер­ген, ол атасы Жа­лаңтөстің жанында 12 жас­қа дейін жүр­ген. Мұның бәрі дәлелденген нақты фактілер. Сон­дықтан өзбек ағайын­дардың бүгінде дау жоқ жерде дау тудырып жүргендеріне таң­ға­ла­мын. Бұл даудың өршуі өзбектердің Жа­лаң­төс Баһадүр жайлы фильм түсіруіне бай­ланысты ма деймін. Киногер­лер­дің мақ­саты осындай дау тудырып, қол­дан әңгіме шы­ғарып, көрермен жинаудың жо­лы болса ке­рек. Киногерлер (олардың ара­сында өзде­рі­міздікі де бар) тарихи шын­дықты белден басып, ойына келгенін сценарийге енгізе беретін болды. Сондықтан киногерлердің қи­тұр­қысына алданбай, маман тарихшы­лар­ға иек сүйеп, өзбек, қазақ ғалымдарының нағыз ғылымға сүйенген пікірлеріне құлақ қою керек.