T-Newspaper

Әр нөмірі оқылатын газет

сурет – автордікі

"Ел-жер көріп, озық мәдениеттерді зерт­тегенде көзім жеткені – дамыған қоғамның ада­мы газет-журнал оқиды. Мемлекеттік саясатқа ықпал ететін, қоғамдық ойды алға же­телейтін тұжырым, зерттеулер ең әуелі мер­зімді баспасөзде жарық көреді. Сон­дықтан біздің қоғамда газеттің қадірі кетсе, ол газеттің күні өткенінен емес, «бір күн­дікпен» жүріп, құндылық атаулыны ар­зан­датып алған – өзімізден".

Тағдыр иісі

Әлі есімде... Мектепке бармаған кезім, шамасы. Әріп танымаймын. Жексенбі сайын ауылдың пошташы апайы бір бума газет әкеледі. Үйге кірместен, қабырғалары ырсиып тұрған ағаш шарбақтың бір басына сығымдап қыстыра  кете береді. Үйдің майда баласы «Газет келді!» деп тұра жүгіреміз. Газеттің келгені – базардан қоржынын қампайтып әжеміз келгеннен кем емес. Газеттің келгенін кім бірінші көріп, бірінші жетіп, үйге кіргізеді, ең сүйкімді бала – сол. 

Әлі есімде, жүгіріп барып, шарбақтың ба­сындағы газеттерді құшағыма тол­тырып, үйге қарай жүргенде, баспа­ха­на­дан енді шығып, буы бұрқырап тұрған га­зет­тің иісі мұрын жаратын. Мен үшін дү­ние­дегі ең ғажап, ең жұпар иіс сияқты. Шы­дай алмай, тоқтай қалып, бума арасынан бір газетті суырып алып, мұрныма басамын. Ты­нысым кеңіп, бойыма қуат кіреді. Қас-қа­ғым сәт. Жаңа газет үйге кірісімен, қол­дан-қолға өтіп, сәлден соң әлгі иісі ізім-қайым болады. Оған дейін сол бір қас-қа­ғым сәтте ерекше ғажап күйді бастан өт­керу­дің қуанышы бөлек еді...

Кейін, арада жиырма шақты жыл өт­кенде Túrkistan газетінің редакциясында оты­рып, таңертең баспаханадан шыққан нө­мірді оқуға қолыма алдым... Сол-ақ екен... Са­надан өшкен, көңілден ысырылған кө­рі­ніс қас-қағым сәтте көз алдыма оралды. Га­­­зеттің бүктеуін жазбастан мұрныма бас­тым. Сол! Аңқаны қапқан, көңіл сарайын аш­қан, мына жарық дүниені сан бояуға ора­ған жұпар иіс! Жиырма жылда дүние ау­дарылып-төңкерілсе де, дәуір ауысып, за­ман өзгерсе де, газеттің аңқыған жұпар иі­сі сол күйі!

Студенпін. Газетке күнкөріс үшін жұ­мыс­қа тұрғаным болмаса, әлі қайда барып, не істейтінім – бұлыңғыр. Сол күні га­зеттің жұ­­парын иіскеп отырып, тағ­дыр­дың жазуы – қалам екенін мойындадым. Жо­ғалт­қа­нымды қайта тапқандай мәз едім...

Емен үстелдің естелігі

Біз халықаралық Túrkistan газетіне жұ­­­мыс­қа келгенде, әлі студент едік. Біз дейті­нім­ – әлі қаламы төселмеген, бірақ өз қия­лын­да мұқым дүниенің құпиясын сезіп-бі­ліп қойған жас толқын. Бұған дейін рес­пуб­ли­калық басылымдарға мақаласы жа­рия­ла­нып, бір-екі газетте жұмыс істеп, қала­мы­мен өзін асырап жүрген біздерге бәрі оңай көрінетін.

2000 жылдың қарашасы. Túrkistan га­зе­тінің басшылығына Шамшидин Паттеев аға­мыз келіп, реформаторлық идеяларын жү­зеге асыра бастаған кезі. Газеттің бірінші нө­мірінен бастап шығарып келе жатқан «аға толқын» бізді баласына ма, менсіне ме әл­де сүйсіне ме – ол арасын ажыратып жат­қан біз жоқ.

Алматыдағы Бөгенбей батыр мен Сей­фул­лин көшесінің қиылысында «Қазпошта» ме­кемесінің оң жағын ала екіқабатты ескі ғи­марат тұрушы еді. Өңі тайып, бояуы бо­зарғанына қарамастан еңсесін тік ұстаған, өт­кен заманның тектілігін бойына сіңір­ген­дей тәкаппар қарап тұрар еді. Ені жарты қа­рыс ауыр есікті әрең ашып, тура алдың­да­ғы баспалдақпен екінші қабатқа көтеріл­ген­де, екі қанаты ұзыннан-ұзақ дәліз болып жайылып, оның қуыс-қуысы аңғал-саңғалы шық­қан кабинеттерге айналар еді.

Олардың кейбіріне байқамай бас сұғып қал­саң, әрбірінде етегі жайылған емен үс­тел­дің үш-төртеуі сап түзеп, кейбірінің ба­­­сында қарқарадай болып аға тілшілер оты­рар еді. Есіктен сығалаған түріңе қарап, қа­бағын кергенде, аты-жөнін газеттен көріп жүр­ген «аға толқынның» өкілдері – Ди­дах­мет Әшімханұлы, Көлбай Адырбекұлы, Өмір­зақ Мұқай, Жаңабек Шағатай, Қал­дар­хан Қамбар – олардың қайсысы екенін ажы­­рата алмай қалып, «кешіріңізді» сы­быр­лай айтып, тоспасы өмірі май көрмеген сы­қырлауықты сарт етіп жаба салар едің. Оңай құтылғаныңа қуанып, дәліздің қуыс-қуы­сын одан әрі зерттеуді жалғастырар едің.

Әлгі ұзын дәліздің сол жақ қанаты осын­дай болғанда, оң жақ қанаты – біз үшін «Барсакелместің» нақ өзі. Себебі оңға бұрылар бетте маңдайың қара брезентпен қап­талған биік есікке тірелер еді. Бұл – га­зет­тің негізін салған, сол кездегі құрметті бас редакторы, халық жазушысы Қалтай Мұ­­­хамеджанның кабинеті. Оның есігінен сы­ғаламақ түгілі, тұтқасын ұстаудан сес­ке­не­міз. Себебі ауызғы бөлмесінде арқардай бо­лып Қалағаңның хатшысы Айнаш Са­таева отырар еді. Одан ары біз тіпті аттап бас­пайтын «бухгалтерия» дейтін кабинет. Бұл жақ қанатта біз үшін еңсені баспайтын, тайсалмай кіріп, еркін сөйлеуге «рұқсат етіл­ген» бір ғана кабинет бар. Ол – газеттің бас редакторы Шамшидин Паттеевтің ка­би­неті.

Әлгі баспалдақпен көтерілген бетте есігі өмі­рі жабылмайтын бір кабинет бар еді. «Жас­тардың бөлмесі» деп аталатын абажа­дай кабинетте бір-біріне қарама-қарсы тұр­ған екі үстел болушы еді. Оның екі ба­сын­да ағашы сықырлаған екі орындық тұ­рар еді. Жиһаз дегеннен бары осы. Әлде ал­таумыз, әлде жетеуміз – газетке жаңа леп әке­луге тиіс болған «жас толқын» кезек-ке­зек сол үстелдердің басына отырып, мақала жазу­шы едік. Немесе біріміз отырып, қалға­ны­мыз түрегеп тұрып, әңгіменің атын оз­дыру­шы едік. Әйтеуір, «жастар кабинеті» ұлар­дай шулап жататын. Өзімізге қызық еді.

Шамшидин ағаның шақыруымен «жұмысқа» кіріскеніме шамасы екі әлде үш апта. Эйфория. Ой мен қиял ше­­­кара асып кеткен. Газет апта сайын өз қар­қынымен шығып жатыр. Менімен қатар кел­ген жас тілшілер бұрқыратып жазып жа­тыр. Олар тудырған екпіннің арқасында дәл менің әлі күнге жүз жол түгілі бір жол жа­з­бағанымды ешкім байқай қоймады, ша­масы.

Қалам үнсіз.

Әйтеуір, күнде редакцияға барамын, апта сайын «лездемеге» қатысамын. Улап-шулаған «жас толқынның» ішіндемін.

Әлгі екі орындықтың бірі уақытша «еншіме» тиіп, мейманам тасып отыр­ған бір күні кабинетімізге «аға тол­қын­ның» бірі бас сұқты. Күлпара Жұмағали. Атын білгенмен, сөйлесіп көрмегенмін. Жал­пы, сол кезде біз – «жас толқын», олар – «аға тол­қын» болып, бір газет, бір редакцияда жүр­сек те, Балқаштың ащы-тұщыдан тұра­тын суындай арамызда көзге көрінбес перде бар еді. Содан ба, мені «Бері келіп кетші» деп шақырған «аға толқын» өкілінің сөзі өктем көрінді.

Мені ілестіріп, сөз айтпастан, ұзын дә­ліз­дің арғы басындағы кабинетке ертіп кел­ді. Терезесінен түскен жарығы мол, төрт үс­тел қатар тізілген кең кабинеттің есік жақ­тағысын көрсетіп, «Мына орын бос, сен осы­ған орналас» демесі бар ма? Алтау-же­теуіміз ұбап-шұбап жүргенде, оның ішінен ме­ні көздеп танығаны әлде ықыласы түс­ке­ні – бұл арасы өзіме әлі беймәлім. Кейін Күл­­парамен әпкелі-сіңлілідей жақын ара­ла­сып кеттік.

Сөздің қысқасы – мен әлгі кабинетті тұрақ­ты мекен етіп, әлгі емен үстелдің бірін бір­жола меншіктеп алдым. Сол күннен бас­тап «аға толқын» өкілдерінің маған деген көз­қарасы күрт өзгерді. Аяқ астынан «адам» қа­тарына ілігіп, орталарына қосылдым.

Сол күннен бастап қаламыма тіл бітті.

Сол үстелдің басында отырып, талай са­рап­тамалық мақала, талдау, репортаж жаз­дым, сұхбат, контент анализ, шолу жаса­дым. Сол жазғанның көбі кейін «Қайда бар­­саң – саясат» кітабына енді.

Иә, қаламгер қауымның жазу үстелі – ша­быт әлеміне ашылатын қақпа іспеттес.

Қартаң тартса да, тәкаппарлығын тый­маған сол ғимараттың екінші қабатындағы жа­рығы мол кең бөлменің сыры тайған емен үстеліндей шабыт шақыратын үстел кездеспеді содан соң...

Бұл күнде ол емен үстел де, ішектей шұ­батылған дәліз де, есіктері қақыраған ка­бинеттер де, тіпті сол маңғаз ғимараттың өзі де жоқ.

Өмір өтеді – газеттің әр нөмірі бұрқы­ра­­ған иісі басылған сәтте-ақ тарихқа айна­ла­ды.

Ал жазудың ләззатын сезінген, газеттің жұ­мысына жегілген күндер естелік болып, ми қатпарында қаттала береді...

«Қалағаңның қалжыңдары»

Редакцияға 2000-жылдың аяғында кел­ген кезіміз. Бақытымыз – реформатор Шам­­ши­дин Паттеевтің мектебінен өт­ке­ні­міз. Оған қоса тағдыр сыйы – Túrkistan га­зеті­нің алғашқы бас редакторы Қалағаң – Қал­тай Мұхамеджанның көзін көріп, дәмдес болғанымыз.

Әлі есімде, 2001 жылдың 8-наурыз мей­ра­­мы.

Редакцияда жүргенімізге алты айға жуық­таса да, қара брезентпен қап­тал­ған есіктің табалдырығынан аттап көр­ме­ген едік. Ақыры, «Халықаралық әйелдер кү­ні» деген атаулы мерекенің дүмпуімен бұл ка­бинетке де кірдік-ау. Кіріп қана қоймай, ұзын­нан-ұзақ тігілген үстелге жайылған ақ дас­тарқанның мейманы болып, төрде отыр­ған Қалағаңның лебізін тыңдап, бір мар­қай­дық.

Кейін білдік қой, сол көргеніміз – аңыз­ға бергісіз Қалағаңды алғашқы әрі соңғы көруі­міз екен. «Мәскеуге барамын, операция жасатамын» деп отырған еді марқұм. Сол са­пардан оралмады.

Сол дастарқан басында отырып, Таңсұлу Мир­манова «Қалаға, менде бір ой бар. «Әйел әле­мі» деген айдар ашсам ба деп жүрмін. Қа­лай ойлайсыз?» деген. Қалағаң бұл идея­ны ұнатып, жанашыр сөзін айтты.

Кейін Túrkistan газетінің бетінде «Әйел-Әлем» атты айдар тұрақты түр­де шы­ғып тұрды. Сол айдарды көрген сайын Қа­лағаң есіме түсетін...

Расында, Қалағаңның елесі Túrkistan га­зетінде бізбен бірге жүретін. Түскі үзілісте ортаға екі үстелді қоса салып, қалтадағы тиын-тебенді жинап, әупіріммен бес-алты бә­ліш, үш-төрт тоқаш алып, сүтті шайды со­раптап отырғанда, талай әңгіменің тиегі ағы­тылар еді.

Бүгінгі нөмірдің қалай шыққанынан бас­талған әңгіме Астанадағы саясатты бір шо­лып, одан мұхит аралап қайтып, ауыл­дағы ағайынның құлағын шулатып, ең соңын­да өзіміздің редакциямызға оралар еді. Сондай кездері «Қалағаң былай депті» де­ген бір-екі қалжың айтылмай қалмайды. Не­ше рет естісең де бояуы кетпейтін, әркез езу тарттыратын өткір қалжың.

Соның ішінде өзімізше меншіктеп, бас­қа ортада айта жүретін бір-екі ауыз «Қалағаңның қалжыңын» қоса кетейін. Бұл қалжыңды анау-мынау емес, бас редак­тор Шамшидин Паттеевтің аузынан естідік.

Қалағаң газеттің бас редакторы болған ке­зінде оған қаржылық-материалдық кө­мек сұрап келетіндердің қарасы қалың бо­ла­ды екен. Көмек сұрағанның көңілін жық­пайтын жомарттығы да болса керек. Со­дан жалақы мәселесінде қарапайым қыз­меткерлердің жағдайын айтып, есепшіге қара­тып айтқаны ғой: «Сендер ғой, айлықты айына бір-ақ рет бересіңдер. Бірақ біздің үй­дегі балалар, неге екенін білмеймін, күні­не үш рет тамақ ішкісі келеді» дейді екен.

Айлықтан айлыққа дейін әрең жететін біздер әлгі сөзді естігенде, маңдай қыр­ты­сы­мыз жазылып, «Солай-ау, шынымен!» деп бір күліп, жадырап қалушы едік.

«Журналистикада жыныс жоқ!»

Біз журналистикаға енді келген кезде «жақсы журналист болуы үшін жақ­сы жазу керек. Ал жақсы жазу үшін газетте жұ­мыс істеу керек» деген бұлжымас қағида бо­латын. Одан бөлек, газет редакциясында жұ­мыс істеуге қолынан жазу келетіндер ға­на баратын, ал екі ауыз сөздің басын құ­рай алмайтындар амалсыз телеарна, ра­дио­ға кететін.

Бізден ілгері толқын Шерағаң – Шерхан Мұр­таза, Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұлов­тар­дың бас редакторлығын аңыздай айтып отыратын.

Біздің буын да қазақ журналисти­ка­сын­дағы мықты бас редакторлар мектебінен өт­ті. Ол кезде «Жас Алашты» – Нұртөре Жү­сіп, «Қазақ әдебиетін» – Жүсіпбек Қор­ғас­бек, Túrkistan газетін – Шамшидин Пат­теев басқаратын. Әрқайсысы жастарды қол­дап, бағыт-бағдар сілтеп, газеттің әр нө­мірін мазмұнды етіп шығаруда жары­са­тын­дай еді. Сол кезде осы газеттерде қызмет ет­кен тілшілердің барлығы дерлік қазір өз­дері – бас редактор, журналистика фа­куль­тетінде ұстаз, осы салада зерттеуші – әйтеуір, ақпарат, руханият саласының бір те­тігін ұстап жүрген белгілі азаматтар.

Оның ішінде, халықаралық Túrkistan га­зеті жазуда бұғанасы қатпаған талай жас­ты тезге салып, әбден баптап, қатарға қосты. Қа­зақ журналистикасында өзіндік мектеп қалыптастырды. 2000-жылдардан бері жазу-сызудың ар жақ – бер жағында жүрген та­лай мықты дәл осы Túrkistan мектебінен өт­кен.

Газеттің әр бейсенбі күні нөмірі шық­қаннан кейін бас редактордың ка­би­нетіне «лездемеге» жиналамыз. Бүгін шық­қан нөмірді талқылап, келесі нөмірдің жоспарын жасалатын «лездемеміз» лезде бітпейді, әрине. Кейде бір сағат, кейде бір жарым сағатқа созылады.

Газеттің бетінде айтылуға тиіс мәселелер ортаға салынады.

Газеттің бетінде айтылмайтын әңгі­ме­лер де осы кабинетте айтылады.

Кейін білдік, газеттің әр нөмірі шыққан сайын бас редактор Шамшидин Паттеевтің жұ­мыс телефонына сыңғырлап Астана жақ­тан түрлі қоңырау түседі. Тұтқаның ар жа­­­­ғындағы сан қилы дауыс кейде талап етіп, кейде өкпе артып, әйтеуір, бас редак­тор­дың мазасын алады. Газет бетіндегі ма­қа­ланы жоққа шығарып, келесі нөмірде ке­шірім сұрауды талап ететіндер де бар. Ара­сында қоғамдық-саясат тақырыбына жазып жүрген жастардың да аты аталып, тегі түгенделіп жатады. Бірақ сол кезде бұл «қоңыраулардың» бірінің хабарын естіген емеспіз. Ешбірінің қаһарлы лебі біз жаққа қарай соғып көрмепті.

Содан болар, Túrkistan-дағы шығарма­шы­лық еркіндік бізге Мәртебелі демокра­тия­­ның өзі кепілдік беріп қойғандай қа­лып­ты, үйреншікті еді.

Не жазамыз, қалай жазамыз, кімнен пі­кір алып, қай тұрғыда сын айтамыз – бас редактордың тарапынан шектеу де, тыйым да көрген емеспіз.

Жазуымызды өткірлей алмасақ, таң­даған тақырыпты аша алмасақ, тек өз шы­ғар­машылық қабілетімізге сын еді.

Қазір журналистиканың кәсіби стан­дарт­тары түсіп кеткені туралы пікір айты­лып жүр. Шығармашылық еркіндікке тұсау түскен жерде, ой қамалады, қапастағы ой­дан жақсы материал тумайды.

Túrkistan-ның төл мектебінен өткеннен түй­ген өз тұжырымым – шығармашылық топ­тың қарым-қабілетін толық ашу бас ре­дакторға тікелей байланысты. Өресі биік, ойы озық бас редактор әр лездемеде жур­на­листердің ойын өткірлеп, шығарма­шы­лық қиялын шыңдап, кәсіби ізденісін ба­ғыттап отырады. Біз көрген бас редактор осын­дай еді. Біз көрген лездемелердің әр­қай­сысы «ликбез» еді.

Шамшидин Паттеев бас редакторлықты Қа­лағаңның батасымен бірге қабылдап ал­ған соң газетті мазмұндық тұрғыда жаң­ғырт­ты. Саясат, еларалық қатынастар, қо­ғам­дық мәселелер, мемлекеттік тіл, ру­ха­ният – өзекті тақырыптардың қай-қай­сы­сы­на да жазылған материалдар жұрт ау­зын­да жүретін. Салыстырмалы түрде тиражы аз болса да, сөзі салмақты болып, діттеген же­ріне дөп тиіп жататын.

Кейін «Túrkistan-ның қыздары» атан­ған әлекедей жаланған журналист қыз­дар сол кезде газеттің әр нөміріне ма­қа­ла жазып, өзара бәсекеге түсуші еді. Көші-қон мен тіл саясатын қаузап жазатын Есен­­­­гүл Кәп­қызы, қаржы-экономикалық сарап­та­ма­сымен Нәзия Жоямергенқызы, діни та­қы­рыптағы зерттеулерімен Кәмшат Тас­бо­лат­қы­зы, рухани тақырыптағы сұхбаттарымен Гүл­зина Бектасова, әлеуметтік мәселелерді тол­ғаған мақалаларымен Динара Мың­жа­сар­қызы, экономика тақырыбындағы тал­дауларымен Гүлнар Мұқанова және Ақниет Ос­панбай – «Túrkistan-ның қыздары» атан­ған топтың «негізгі құрамы» осылар еді.

Дегенмен дәл осы тіркесті өз басым жақ­­тыр­маушы едім. Осындайда марқұм Ди­­дах­мет Әшімханның, қайран Дида­ғаң­ның сөзі есіме түседі.

Бір күні лездемеде аяқ астынан қып-қы­зыл дау туды. Әлде өткен нөмірдегі қате, әл­де алдағы нөмірдің жоспары – әйтеуір, Ди­дағаң бастап, қалғанымыз қостап, әркім өз пікірін дұрысқа салып, абыржыдық та қал­дық. Шығармашылық орта емес пе, эмо­циясын жасырып қалған адам сирек.

Сонымен, лездеме аяқталды. Әркім өз ка­бинетіне барып, ой жинақтап болғанша, Ди­дағаң есіктен бас сұқты да: «Қыздар, ай­тыңдаршы, осы!» деді бәрімізге қарап.

«Иә, Дидаға?» дедік жамырап.

«Осы журналистикада жыныс бар ма, жоқ па?».

«?!».

Бізде үн жоқ. Не сұрақ? Қайда апаратын со­қ­пақ?

Дидағаң өз сұрағына өзі жауап берді.

«Журналистикада еркек-әйел деген бол­май­ды!». Есікті тарс жапты да кетіп қалды.

Бізде әлі үн жоқ.

Кейін редакциямыздағы «дәстүрлі» шай дас­тарқанында отырып, осы пікірді де тал­қыға салдық.

Дидағаң, шамасы, жиналыс үс­тін­де «Ар­тықтау кеттім бе, ауыр сөйледім бе?» деп уайым­даған сияқты. Де­ген­мен сол сөзі кейін талай жағ­дайда біз­ге қамшы бо­ла­тын.

Ұлт, тіл, діл, мемле­кет мүд­десі туралы тай­­­­сал­май жазу үшін, атағы­нан ат үр­­­кетін тұлға­лар­дан «қадал­ған жер­ден қан алып» сұхбат жазу үшін жүрек те, та­­бан­дылық та, мінез де, парасат та ке­рек. «Túrkistan-ның қыз­­да­ры» сол Дидиғаң айт­қан «Журналис­ти­када тек кәсіпқойлар бар» деген қа­ғи­­дамен өмір сүретін.

Ал әр лездемесі сая­­си лик­безге са­на­ла­тын Шамшидин ағаның, әр мақаланы күзеп, тақырыбын тауып қоятын Дидағаң, әр­қайсысы өз тақыры­бын тереңнен қаузайтын, жазу стилімен өнеге болған аға тілшілер «Túrkistan-ның қыз­дары» атанған топтың қа­лып­тасуына, кә­сіби тұрғыда өсуіне ық­пал етті.

***

Бүгінде біреулер «газет оқылмайды» дей­ді. Одан соң «гаджеттің сан түрі шығып жа­тыр, қағаз газет енді керек емес» дейді.

Túrkistan-нан Британияға оқуға атта­нып, докторлық диссертация жазып жүріп те, газеттен қол үзбедім. Ол кездегі әсерлер мен түйген ойдың біразы газет бетінде жа­рия­ланып, ендігі архивке айналды.

Ел-жер көріп, озық мәдениеттерді зерт­тегенде көзім жеткені – дамыған қоғамның ада­мы газет-журнал оқиды. Мемлекеттік саясатқа ықпал ететін, қоғамдық ойды алға же­телейтін тұжырым, зерттеулер ең әуелі мер­зімді баспасөзде жарық көреді. Сон­дықтан біздің қоғамда газеттің қадірі кетсе, ол газеттің күні өткенінен емес, «бір күн­дікпен» жүріп, құндылық атаулыны ар­зан­датып алған – өзімізден.

Тағы да Дидиғаңнан мысал келтірсем, «Егер бір нөмірде оқылатын бір жақсы ма­те­риал болса, ол нөмір жақсы шыққан» деу­ші еді.

Túrkistan – бұрын да, қазір де – «әр нө­мірі оқылатын газет». Саны аз болса да, сапа стандарты биік газет. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ журналистикасынан өзіне ойып тұрып алған орны бөлек, мазмұны ерек ба­сы­лым.

Қазақ журналистикасында кесек тұл­ғалар туын тіккен газет сол биігінен түс­пе­сін, өрлесін!

Гүлбиғаш Омар,

Túrkistan газетінің

2005-2014 жылдардағы

жауапты хатшысы