Жамбыл облысында су тапшылығы сезіліп отыр
Жамбыл облысында су тапшылығы сезіліп отыр
Жыл сайын Жамбыл облысындағы шаруалар 100 миллион текше метр су тапшылығын сезінеді. Бұл туралы брифингте өңір әкімі Кәрім Көкірекбаев мәлім етті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА.
Тараздағы Достық үйінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 40-тан астам өкілі қатысқан жиналыс өтті, онда отандық ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер талқыланды. «Жамбыл облысы су ресурстарының 80% көршілес Қырғызстанға байланысты, - деді өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев. «Облысымыздың аумағында 117 су қоймасы бар, оның бесеуі республикалық маңызға ие, алайда қанша су жинасақ та, жеткіліксіз болып отыр. Қазір біз ғалымдардың алдына осы тығырықтан жол табуды міндет етіп қойдық. Иә, бізде жобалар бар. Иә, біз Қордай ауданында 25 млн. текше метр болатын тағы да ірі су қоймаларын салғымыз келеді. Қарақоңыз су қоймасының көлемін 8,5-нан 18 млн. текшеге дейін, Қақпатасты 10-нан 30 миллионға дейін ұлғайтқымыз келеді. Жыл сайын 10 миллион текше метрге жуық су тапшылығын сезініп келеміз. Қазір ғалымдар бұл мәселенің шешімін ойластыруда, суды қалайда үнемдеп, мол өнім алу жолдарын қарастыруда»,-деді өңір басшысы. Таразға жиналысқа келген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдарына өңір бойынша жаңа тапсырма берілді.
«Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан - Ферғана, Ош алқаптары егін егіп, жылына үш рет өнім жинайды. Топырақ, табиғат, ауа райы жағынан біздің өңірмен ұқсас. Бізде де сегіз ай бойы күн жылы. Неге бізге де жылына 2-3 рет өнім алмасқа? Қазір ғалымдар Жамбыл облысының қай аудандарынан мол өнім алуға болатынын зерттеп жатыр»,-деді әкім. Жамбылдық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен Аграрлық университет ғалымдарының бірлескен жобалары арасында мал шаруашылығы және жерді пайдалану саласы да аталды. Өткен жылы Жамбыл облысында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 227 млрд теңгені құраға. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 108,1% болып отыр. Өңір басшысы мұны жайлы табиғат жағдайынан ғана емес, ҚазҰАУ ғалымдарымен бірлескен еңбектерінің жемісі деп бағалады.