Сұлулықтың құны қанша?
Jusan analytics сарапшыларының жүргізген зерттеуіне сүйенсек, бүкіл әлемде сұлулық салондары бойынша ең танымал қызметтер – шаш күтімі, одан кейін тырнақ және тері күтімі екен. Елімізде де тура осындай үрдіс байқалады.
«Сұлулық әлемді құтқарады». Достоевскийдің әлемге әйгілі сөзі. Әрине, бұл айтылғанды әркім өзінше түсініп, әрқалай ұғынуы мүмкін, дегенмен эстетикалық көркемдікке деген ұмтылыс адамзатқа тән қасиет екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы ұмтылыс сұлулық индустриясының қалыптасып, дамуына ықпал етіп, әрі қарай үлкен салаға айналуына жол ашты, тіпті кей елдерде экономиканың драйверіне айналған саланың бірі болып отыр.
Алпауыт айналымы бар нарық
Euromonitor International жүргізген есепке сүйенсек, 2021 жылы әлемдік косметика және тері күтімі нарығындағы айналым 500 миллиард АҚШ долларынан асқан. Интернеттегі сауданың және әлеуметтік желінің дамуы да нарықтың өсуіне айтарлықтай әсер еткен.
Косметика өнімдерін ең көп тұтынатын Азия, Еуропа және Солтүстік Америка аймақтары екен. Ал Азиядағы косметика нарығының айналымы 200 миллиард доллардан асады.
Fоrtune Business Insights деректері бойынша 2021 жылы әлемдік сұлулық салондары нарығының жалпы көлемі 201,9 миллиард долларға жеткен. 2029 жылға қарай нарық көлемі 355,4 миллиард АҚШ доллары болады деген болжам бар.
Сұлулық салондары ел дамуының көрсеткіші бола алады
Соның ішінде, осы алып индустрияның бір бөлігі – сұлулық салондарының әлемдік нарығы қарқынды түрде кеңейіп келе жатыр. Алда да өсуін одан әрі жалғастырады деген болжам бар. Әр елдегі сұлулық индустриясында көрсететін қызметке қарай жұмсалатын шығын көлемі де әртүрлі. Бұл экономикалық және мәдени факторларға байланысты екені белгілі. Сонымен қатар ел экономикасы дамыған сайын, адамдар бьюти қызметтерге көптеп ақша жұмсай бастайды деген қызық деректі де көзіміз шалды.
Jusan analytics сарапшыларының жүргізген зерттеуіне сүйенсек, бүкіл әлемде сұлулық салондары бойынша ең танымал қызметтер – шаш күтімі, одан кейін тырнақ және тері күтімі екен. Елімізде де тура осындай үрдіс байқалады.
Отандық нарықта бәсеке қызып тұр
Қазақстанда барлығы 9 000 шамасында сұлулық салоны мен моносалон бар. 1 сұлулық салонына 1 000 адамнан келеді. Бұл ретте сұлулық салондары мен шаштараздар ең аз шоғырланған қалалар Түркістан, Атырау, Шымкент, Қызылорда, Семей және Ақтөбе екен.
Зерттеу нәтижесінде сарапшылар отандық нарықта сұлулық салондары арасында бәсекелестік жоғары екеніне көз жеткізіпті. Бұған сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігі себеп болып отыр деген тұжырым да айтылған. Яғни, сұраныс жеткіліксіз.
Jusan analytics дерегінше, Қазақстанның сұлулық салондары 484 млрд теңгеге бағаланады (шамамен 1 млрд доллар) немесе жан басына шаққанда –14 доллар. Ал Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылы бьюти-индустрия саласында көрсетілген қызметтер көлемі 34 миллиард теңгеден асқан.
Сұлулық салонына кім көп шығындалады?
Әйелдерге арналған бьюти-қызметтерге кететін шығындардың орташа мөлшері 31-35 жас аралығында шарықтау шегіне жетеді екен. Сарапшылар мұны осы кезеңде жалақының біршама жоғары болатындығына және осы жас санатында адамдардың көп екенімен байланыстырады.
Ал ерлерге арналған бьюти-қызметтерге жұмсалатын шығындардың шарықтау шегі 46-50 жас аралығына сәйкес келеді. Өйткені бұл кезеңде ерлер көп табыс табады. Бұл оларға өзін күтуге және сұлулық салондарына баруға көп қаржы жұмсауға мүмкіндік береді екен. Сұлулық салондарында әйелдерге көрсетілетін қызметтердің орташа чегі ерлерге қарағанда жоғары.
Ал 60 жастан асқан әйелдер мен ер-азаматтар басқа жас топтарына қарағанда өзін күтуге аз ақша жұмсайды. Өйткені зейнет жасына шыққан соң, қаржы жағынан тапшылық көре бастайды және ақша көп жағдайда ем-домға жұмсалады деп тұжырымдайды сарапшылар.
Jusan analytics нарықты зерттей келе, ел бойынша сұлулық салондарының орташа чегі 8 700 теңге деген қорытынды шығарған. Бұл ретте, отандық нарықтағы баға әлемдегі орташа бағадан төмен. Global Wellness Institute дерегіне сүйенсек, біздің елде халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ-дегі бьюти-қызметтің үлесі – 0,1 пайыз. «Ел дамыған сайын, халқы сұлулық салондарына жиірек барады» деген әу баста айтқан тұжырымды негізге алсақ, нарықтың дамуы, айналымының кеңеюі жақсылықтың белгісі деп тұжырымдауға болатын сияқты. Дегенмен не нәрседе болсын шектен шығудың зиянды салдары барын да ұмытпаған жөн, әрине.