Өрт сөндіру-құтқару спортының шебері – Айдана
«Көпшілігі өрт сөндіру қызметінде қыздардың ерлермен тең дәрежеде қызмет ететінін біле бермейді. Әлеуметтік желіде «Бұл – ер адамға тән мамандық. Не істеп жүр? Одан да үйде отырмай ма?» деген сынды пікір жазатындар жетерлік.
Айдана Тұрсын – Шымкент қаласының тумасы. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің кадр бөлімінде жұмыс істейді. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Түркістан облысы құрама командасының спортшысы, ұлттық әйелдер құрама командасының мүшесі. Әлем чемпионатында бірнеше рет жүлде иеленген. Қазақстанның абсолютті рекордшысы, «Алтын бұранды» номинациясының алғашқы иегері деген атағы және бар.
«Жақында Өскемен қаласында өткен жарыс өте қызық әрі тартысқа толы болды. Бұл жарыста еліміздің әр өңірінен келген 170-ке жуық әйел, 250-ден астам ер азамат бағын сынады. Түркістан облысы құрама командасынан 7 қыз қатысып, үздік өнер көрсеттік. Мен кедергілері бар, 100 м жолақтан өтіп, 16,86 секундтық көрсеткішке ие болдым. Әйелдер арасында «Алтын бұранды» номинациясы да олжамызды еселеді. Ал ең үлкен жетістіктерімнің бірі – өткен жылы әлем чемпионы атандым. Түркия мемлекеті, Ыстанбұл қаласында өткен жарыста Қазақстан рекордын жаңартып, ІІ орынға ие болдым. Шабуыл сатысына көтерілуде рекордтық уақытым 7,20 секунд болса, 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өтіп жүгіруде 16.41 секунд нәтижені көрсеттім. Ал қоссайыс бойынша нәтиже 23,61 секунд болды. Дүбірлі додаға 17 мемлекеттің спортшылары қатысты. Әр мемлекеттен 10 қыз осы спорт түрі бойынша бақ сынаған едік. Ендігі мақсат – Қытайда өтетін әлем чемпионатында Көк байрағымызды көкке желбіретіп, әлемдік рекордты жаңарту. Қазір сол үшін тынбай еңбектеніп жатырмын», – дейді Айдана Тұрсын.
Айдана өрт сөндіру қызметін таңдағанына мүлде өкінбейді. Оның айтуынша, бұл – нағыз құрметке лайық мамандық.
«Өрт сөндіру қызметі – елімізге ең қажет әрі жауапкершілігі мол қызметтің бірі. Бұл саланы көбісі таңдай бермейді. Себебі күн сайын өз өмірін қатергі тігіп, қызыл жалынмен күресу екінің бірінің қолынан келмейді. Төтенше жағдай болған кезде қандай оқыс жағдай болатынын алдын ала ешкім білмейді. Өрт-құтқару мамандығы – басқа мамандықпен салыстырғанда адам өлімі жиі тіркелетін, қауіпті мамандық. Соған қарамастан Отан алдындағы абыройлы міндетімізді адал атқарып, басқа жандардың өмірін құтқару – біз үшін парыз», – дейді ол.
Айдана мамандықтарды ер мен әйелге тән деп бөліп қарауға болмайды дейді. Оның сөзіне сенсек, өрт сөндіру-құтқару ісіне қызығушылық танытатын қыздардың қарасы көп.
«Көпшілігі өрт сөндіру қызметінде қыздардың ерлермен тең дәрежеде қызмет ететінін біле бермейді. Әлеуметтік желіде «Бұл – ер адамға тән мамандық. Не істеп жүр? Одан да үйде отырмай ма?» деген сынды пікір жазатындар жетерлік. Меніңше, мамандықты олай бөліп қараудың қажеті жоқ. Бастысы – әркім өз сүйікті ісімен айналысса болғаны. Мен өз ісімді қатты жақсы көремін. Өз ісін беріліп істейтін адамға ештеңе қиын емес деп ойлаймын. Оның үстіне, қазақ қыздары табиғатынан қайсар мінезді ғой. Сол үшін бұл сала маған қыз балаларға қиындық тудырмайды. Маған еш қиын емес, керісінше қатты ұнайды. Өрт сөндіру қызметі жақсы достармен табыстырып, білікті әріптестермен жұмыс істеу мүмкіндігін сыйлады. Бүгінде біз бір үйдің баласындай болып кеттік. Одан бөлек, бұл қызмет бойыма сенімділік ұялап, мүмкіндігім мол екенін ұғындырды. Үздік көрсеткіштер үшін көп марапат алдым. Бастысы, мол тәжірбие жинақтап, спорттағы мансабымды шыңдап келе жатырмын. Мақсатым – халыққа қызмет етіп, алғысын алу. Алғысқа бөленген сайын мамандығыма деген құрметім артып, халыққа көмектескім келіп, бұл іске құлшына кірісемін», – дейді Айдана.
Айдана бұған дейін 9 жыл жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысқан. Одан бөлек, ол – садақ атудың шебері. Әрі суда жүзу спортымен де шұғылданған. Ал өрт-құтқару спортымен айналысып жүргеніне 4 жылдай уақыт болыпты.
«Нәзік жан иелері үшін бұл – оңай спорт түрі емес. Күш-жігерді, қажыр-қайратты, төзімді, шапшаң әрі шымыр болуды қажет етеді. Әр спорттың өзіндік талаптары мен қағидалары, ережелері болады. Қыз баласы үшін алғашында бәрі жеңіл болмайтыны сөзсіз. Дегенмен, мен өз саламда үздік болуға әрдайым тырысамын. Жеңіске бірден жету әрине, оңай емес. Жақсы көрсеткіш тынбай жаттығу жасау, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстанудың нәтижесінде ғана келеді. Сондықтан күніне 2 рет жаттығу жасауға тырысамын. Жаттықтырушым – Ирисов Мұзафар Алымбайұлы. Ол кісіге айтар ризалығым шексіз», – дейді спортшы.
Айдана ата-анасы бұл қызметке келуіне еш қарсы болмағанын айтады.
«Ата-анам мені әрдайым қолдап, қанаттандырып отырады. Сол үшін де ата-анамның ақ тілегімен осындай жетістіктерге қол жеткізіп жүрмін деп ойлаймын. Олардың маған деген риясыз махаббаты мен қолдауы мені талай шыңдарға жетелеп, жеңіс тұғырына көтермелеп шығаратынына еш күмәнім жоқ. Сондықтан менің жанашыр жақын жандарым – ата-анама шынайы ризашылығымды білдіремін», – дейді кейіпкеріміз.
Аталған спорт түрі спортшыларға тек жеңіс сыйлап қоймай, көпшілігінің шаңырақ көтеруіне септігін тигізсе керек. Бұл спортпен болашағын байланыстырған қыз-жігіттер осы қызметте өз теңін тауып, жарыс кезінде үйленуге ұсыныс жасайтын көрінеді. Айдананың да болашақ жары дәл осы салада қызмет етеді екен.
Әзірлеген Дариға НЫСАНҚҰЛ
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті