Алматы облысында ер адам төртінші қабаттан секірмекші болған
Көршілердің айтуынша, 35 жасар азамат ішімдік ішіп, пәтерде шу шығарған.
Алматы облысында 35 жастағы азамат төртінші қабаттан секіріп кетпекші болды. Өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматты Алматы облысы төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері құтқарып үлгерді. Бұл туралы turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға бүгін шамамен сағат түнгі 00:55-те Алматы облысы Талғар қаласының жатақханаларының бірінде болған.
Оқиға орнына дереу төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері тарапынан бірден өмір кубы ашылып, жарық мұнарасы орнатылды. Қабылданған шаралармен жатақхананың төртінші қабатынан өз-өзіне қол жұмасамақ болған 1989 жылы туған азамат құтқарылған.
«Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД 7 қызметкері мен 3 техникасы, ҚР ТЖМ РЖҚЖ 5 қызметкері және 1 техникасы, аудандық полиция басқармасының 2 қызметкері мен 1 техникасы шықты», – деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Алдын ала ақпарат бойынша бұл іс-әрекетке отбасындағы жанжал себеп болған. Құтқарылған адам жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне берілді. Көршілердің айтуынша, 35 жасар азамат ішімдік ішіп, пәтерде шу шығарған.