Қоғам

Валерия Шальнованың өлімі: кінәлі адам 22 жылға сотталды

shalnovskiii/Instagram

Сотта кінәлі адам өзінің айыбын мойындамаған.

Валерия Шальнованы өлтірген қылмыскердің ісіне 8 айға созылған тергеуден кейін нүкте қойылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Mangystaumedia.kz сайтының мәліметінше, бүгін Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ақтау тұрғынын 22 жылға қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге кесті.

Қайтыс болған Валерияның анасының сөзінше, сотта кінәлі өзінің айыбын мойындамаған.

«Бұл біздің отбасы үшін трагедия. 8 ай бойы тергеудің нәтижесін күтумен болдық. Судья Досетоваға, облыс прокурорының орынбасарына, қылмыстық полицияның жедел-тергеу бөліміне, адвокатқа қызымның өліміне кінәлі адамның жазалануына көмектескені үшін рахмет айтамын. Сондай-ақ, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға да алғысым шексіз. Айыпты соңғы сәтке дейін өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Тіпті, үкіммен келіспейтінін айтты. Жауапкершіліктен қашып, марқұм қызымды балағаттап, өз-өзіне қол салған деді. Алайда қоғамда үлкен дүрбелең туғандықтан ол жауапкершіліктен құтыла алған жоқ. Сот оған нағыз лайықты жаза кесіп, қатаң режимдегі жазасын өтеуге 22 жыл кесті. Осы жағдай менің өкінішімнің орнын аз да болса толтырады», – деді марқұм Валерияның анасы Светлана Шальнова.

Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бап 2-бөлімінің 3, 10-тармақшалары бойынша «кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алу, басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқаны», 121-баптың 1 бөліміне сәйкес «күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттері» үшін сотталды.

Қазіргі уақытта Валерия Шальнованың өлімі туралы істі тергеуге кедергі келтіруге тырысқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеу шаралары жалғасуда.

Естеріңізде болса, марқұм Валерия Шальнованың денесі 2023 жылдың 2 шілдесінде таңертең Ақтаудағы су жинау каналы ауданында табылған болатын. Тергеушілер жас қыздың өлімінің алдын-ала себебі суицид деп санаған. Кейін қайтыс болған Валерияның туыстарының араласуымен оқиға қылмыстық іс бойынша қайта тергелді. Айыпталушы бір күннен кейін ұсталып, қыздың бұрынғы жігіті екені анықталды.