Жаңалықтар

Үкімет басшысы Алматыдағы жер сілкінісі туралы пікір білдірді

Олжас Бектенов. Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керектігін айтты.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов кешегі Алматыда болған жер сілкінісіне қатысты пікір білдіріп, құзырлы органдарға тапсырма жүктеді, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Төтенше жағдайлар министрлігі, әкімдік және басқа да мемлекеттік органдар болған жағдайға қатысты шұғыл әрекет ете білді. Бұл жолы дабыл мен халықты құлақтандыру жүйесі уақтылы іске қосылды. Қала халқы қабылдау пунктілеріне эвакуацияланды. Бағымызға орай, айтарлықтай зардаптар болған жоқ», - деді Олжас Бектенов. 

Премьер-Министрдің айтуынша, қазір жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керектігін айтты. 

«Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қауіпіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі тиіс», - деді ол. 

Одан бөлек, Олжас Бектенов төтенше жағдайда жедел әрекет ету шараларын қабылдауды тапсырды.