Астана тұрғыны шетелден көлік жеткіземін деп 15 азаматты сан соқтырған
Ол кінәсін мойындап, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.
Астана тұрғыны шетелден көлік жеткіземін деп 15 азаматты сан соқтырған, деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірнеше айдың ішінде Астана тұрғыны Моңғолия Республикасынан көлік жеткіземіз деген желеумен 15 азаматты алдап кеткен.
Алаяқтың қолынан Астана, Павлодар және Қарағанды облыстарының тұрғындары зардап шеккен.
«Транзиттік нөмірлері бар көліктерді автосалон арқылы сатып алуға уәде берген азамат жәбірленушілерден ақша алып, өз қалауы бойынша жұмсап үлгерген. Ол ақшаның бір бөлігін тұтынушыларға көлік сатып алуға жұмсап, ал қалғанын ысырап жасағаны белгілі болған», – делінген хабарламада.
Осылайша полицейлерге Қарағанды облысының тұрғыны хабарласып, көлік сатып алу үшін алаяққа 21 млн 700 мың теңге ақша бергенін айтқан.
Тағы бір жағдайда тұрғын көлік алу үшін 3 миллион 300 мың теңге берген.
«Жедел-іздестіру шараларын ұйымдастыруға жұмылған Алматы аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық қылмысына қатысты деген күдікпен қала тұрғынын ұстаған. Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Ол кінәсін мойындап, полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.