T-Newspaper

Қаражат қалтада кетпесін...

Сурет: mkset.ru

Тозған инфрақұрылым мәселесі өзекті екені анық. Әсіресе, шалғай жатқан ауылдар мен мо­но­қалалардағы жағдай шынымен алаңдатады. Кей­бір аудандардың инфрақұрылымы 100 пайыз тоз­­ған. Оларды, жаңартуға, күтіп ұстауға, қыз­мет­­кер­лердің жалақысын өсіруге де қаражат керек. Дегенмен тұтынушылардан түскен ақша нақты осы мақсатта жұмсала ма? Кім-көрінген­нің қалтасында кетпейтініне кім кепіл?

Осы айда ел бойынша коммуналдық қызмет тарифі өсіп, жарық, жылу құ­ны қымбаттағаны байқалды. Баға өсетіні туралы, бұл – «Тарифті ин­вестицияға айырбастау» атты бағдарлама аясында қабылданбақ шара екені де бұған дейін айтылған еді. Жеті жылға жоспарланған бағ­дар­ла­ма аясында баға жыл сайын осылайша қымбаттай береді. Үкімет осы ар­қылы өңірлердегі тозған инфрақұрылымды жаңартып, ТКШ саласындағы жа­лақыны өсірмек. 

Тозған инфрақұрылым мәселесі өзекті екені анық. Әсіресе, шалғай жатқан ауылдар мен мо­но­қалалардағы жағдай шынымен алаңдатады. Кей­бір аудандардың инфрақұрылымы 100 пайыз тоз­­ған. Оларды, жаңартуға, күтіп ұстауға, қыз­мет­­кер­лердің жалақысын өсіруге де қаражат керек. Дегенмен тұтынушылардан түскен ақша нақты осы мақсатта жұмсала ма? Кім-көрінген­нің қалтасында кетпейтініне кім кепіл?  Жақында ғана Екібастұз қаласындағы жылу электр стансасын жөндеуге бөлінген қаражат та­лан-тараж болып, 1 миллиард теңге жым­қы­рыл­­ғаны анықталған болатын. Оның үстіне, ТКШ инфрақұрылымының көбісі жекенің қо­лында екені тағы бар. Айтпағымыз – халық тө­леуін төлейді, бірақ оның қайда, не нәрсеге жұм­са­латыны қалай тексеріледі? Тексерілсе, оның нәтижесі халыққа ашық бола ма? Жалпы, бағдарлама бізге не бермек?

Коммуналдық қызмет қымбаттап жатыр

Бұрынғы Ұлттық экономика ми­нист­рі Әлібек Қуантыров 30 қаң­тар­­дағы Үкімет отырысының қоры­тын­ды­сы бойынша өткен баспасөз мәсли­ха­тын­да биыл коммуналдық қызмет тарифі ша­мамен қаншаға өсетінін айтқан бола­тын. Ол бағдарлама жеті жылға жоспар­лан­­ғандықтан, жыл сайын баға өсетінін де айтқан еді. – Тариф жыл сайын өседі, өйткені бағ­­­дарлама жеті жылға созылады. Орташа есеп­пен алғанда, кейбір субъектілер мен ТКШ түрлері бойынша тариф шамамен 10-15 пайызға өседі, сонда орташа есеппен 20-30 пайызға қымбаттайды, – деген еді Қуан­тыров. Сонымен қатар министр су бағасын кө­теру себептерін де түсіндіріп өтті. Оның сө­зінше, тариф қымбаттаған сайын аза­мат­тар үнемдеуді үйренеді. – Бұл субъектінің қуатына байла­ныс­ты. Сондай-ақ судың тарифі де өте төмен. Был­тыр мен Батыс Қазақстан облысында бол­дым. Онда судың бір текше метрі – 44 тең­ге. Әрине, осыдан кейін су тиімсіз пай­да­ланылады. Мысалы, сіз моншаға бар­саңыз, онда судың текке ағып жатқанын көресіз. Оны өшіру керек. Өкінішке қарай, үнем­деу жоқ. Өте маңызды ресурс бол­ған­дық­тан, суды үнемдеуіміз керек. Тариф өсе­ді. Бүгінде суға 200-500 теңге төлейміз. Сондықтан тарифті біршама көтеруге болады. Олай істемесек, үнемдей алмай­мыз, – деген еді бұрынғы министр.  Сондай-ақ мердігерлер мен құрылыс ұйымдары бәрін жаңартып үлгеруі үшін тарифтерді біртіндеп көтеру жұ­мыс­тары жүргізілуде. Былтыр да коммуналдық қызмет 30 пайыз­ға қымбаттады. Бұрынғы Үкімет бас­­­шысы Әлихан Смайылов шілдеде та­рифтер қымбаттайтынын ашық айтқан бо­латын. 10 пайыздан 30 пайызға дейін қым­баттату – ұстамды тариф екенін, он­сыз коммуналдық инфрақұрылымның са­палы жұмысын қамтамасыз ету және оны жаңғырту мүмкін емес екеніне де тоқ­талған. – Тариф мәселесінде біз барлық жақ­тың мүддесі ескерілетіндей шешім шы­ғаруы­мыз керек. Яғни, саланы дамыту қа­жет­тілігін де, халықтың мүмкіндігін де ес­керуміз қажет, – деген болатын бұрынғы Пре­мьер-Министр. Әлихан Смайылов стан­салар, коммуналдық кәсіпорындар іс жү­зінде 3 жылдан аса уақыт табыссыз жұ­мыс істегенін, сондықтан жөндеу жұ­мыс­­тарына қаржы салмағанын да алға тарт­қан еді. – Қаражат салынса да, ол қарыз алу ар­­­қылы немесе мемлекет есебінен жүзеге асы­рылды, ал энергия объектілерін жөн­деу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Ме­талл мен құбырлар, арматура мен элек­тро­техникалық бұйымдардың және басқа да жабдықтардың бағасы айтарлықтай өсті. Жалақының аздығына байланысты бі­лікті мамандар энергетика саласынан ке­те бастады. Кәсіпорындар оларға тиімді жұ­мыс жағдайын ұсына алмады, –деп нақ­ты мысал келтірген болатын.

«Қалған 40 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады?»

Дегенмен бұрынғы Үкімет басшысы «ұстамды» деп атаған баға өсімі бә­рі­не бірдей жеңіл тимейтіні анық. Ол та­рифтің қымбаттауы жағдайы төмен от­басылардың табысына әсер етпейтінін, бұл мәселе жан-жақты пысықталатынын сол кезде айтқан. Бұрынғы Үкімет бас­шы­сының айтуынша, жергілікті бюджет қа­ра­жаты есебінен аз қамтылған отбасы­лар­ға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін көмек беріліп отыр. – Ол коммуналдық қызметтерге жұм­са­латын шығыстар отбасының ай сайын­ғы орташа жиынтық табысының 10 па­йы­­зынан асып кеткен жағдайда төленеді, – деп сендірген еді. Кейіннен бұрынғы Эко­номика министрі Әлібек Қуантыров та осы мәліметті айтқан болатын. Дегенмен жақында ғана, бір апта бұ­рынғы Мәжілістің жалпы отырысында депу­тат Құдайберген Бексұлтанов осы әлеу­меттік көмекті халық уақытылы, тіпті мүл­де ала алмай отырғанын айтып, нақты ша­ғымнан үзінді де оқып берген болатын. Депутаттың сөзіне сүйенсек, ел тұрғын­дары­ның көбі «коммуналдық қызмет ақы­сын төлеуге көп қаражат жұмсаймыз» деп шағымданған. Табысы орташадан тө­мен азаматтар, атап айқанда, халықтың әлеу­меттік осал тобына жататын аз қам­тылған отбасылар, зейнеткерлер, мүге­дек­тер, қиналып, көмек сұрап отыр.  – Зейнеткердің хатын оқып берейін. «Мен зейнеткермін. 1 бөлмелі пәтерде тұра­мын. Ол үшін 15 мың теңге сомасында ком­муналдық қызмет үшін түбіртек келе­ді. Мен 56 мың теңге мөлшерінде ең тө­мен­гі зейнетақы аламын. Қарапайым ари­­­фметика бойынша мен табысымның 30 пайызын коммуналдық қызметке тө­леймін. Енді қалған 40 мың теңгеге қа­лай өмір сүруге болады? Дәріге жеткізейін бе, әлде, бағасы аспандап тұрған азық-түлік­ке ме? Құрметпен, Генадий Александро­вич». Міне, уақытында әлеуметтік қолдау көр­сетілмейтін аймақтардағы нақты жағ­дай осындай, – деді депутат. Аталған санатқа жататын азаматтар ком­муналдық қызметке ақы төлеу үшін жүйе­лі негізде мемлекеттен «тұрғын үй кө­мегін» алады. Алайда тұрғын үй көмегін тағайындаудың жаңа қағидаларының кү­шіне енуіне байланысты Министрлік аз қам­тылған отбасыларға әлеуметтік қол­дау көрсету тәртібін өзгертті. Оның сал­дары мынадай болып отыр: – Жаңа ережелерге сай төлем алушы өт­кен тоқсанда тұрғын үй көмегін та­ғайын­дау үшін шотын ұсынады. Яғни, от­басы алдымен шығынды өтеуге тиіс, со­дан кейін ғана тұрғын үй көмегін әр тоқ­санда өтініш берушінің шотын көрсету арқылы ала алады. Салдарынан тұрғын үй көмегін алушылар коммуналдық қызметті уақытылы төлей алмайды, өсімпұл төлеуге міндеттеледі, – деді депутат. Құдайберген Бексұлтановтың айтуын­ша, бір ғана Қарағандының өзінде мұндай төлемді алушылардың саны бірнеше мың. – Осы ережені дайындаған шенеунік не ойлағаны мен үшін түсініксіз. Тұрғын үй жәрдемақыларын алушылардың негізгі са­наты – зейнеткерлер. Олардың «қызмет­ті уақытылы төлей алмаймын» деп алаң­дай­тын егде жастағы адамдар екенін ес­керу қажет еді, – деді ол. Сонымен қатар депутат бұл көмекті алар кезде қиындықтар барын айт­ты. Нақтырақ айтқанда, көмектің осы тү­рін алуға өтініш берген кезде тетік күр­делене түседі, салдарынан бас тартуға не қайта өтініш беруге тура келеді. Мысалы, егер отбасында екі зейнеткер болса, та­ғайын­дауға өтініш берген кезде отбасы­ның басқа мүшесі ЭЦҚ көмегімен өтінішке ке­лісуге тиіс. Тұрғын үй көмегін тағайын­дау жөніндегі уәкілетті орган үшін қа­жет­тілікті, есептерді қалыптастыру көздел­ме­ген және төлеу үшін функция жоқ. Депутат қолданыстағы ережелерге тұр­ғын үй көмегін тағайындау және ұсыну мерзімдерін түзету бөлігінде бұрын «мөл­шері мен тәртібін жергілікті өкілді орган­дар айқындаған» өзгерістер енгізу жә­не аталған мәселелер шешілгенге дейін Ми­нистрліктің осы бұйрығын уақытша тоқтата тұруды ұсынды.

Инфрақұрылым қаншалықты тозған?

Тарифтерді көтергеннен түскен ақ­ша инфрақұрылымды жаңарту­ға жұмсалады. Осылай деген Әлихан Смайылов 2023 жылы 6 мың шақырым ин­женерлік желі жөнделетінін, алдымен оған жаңартуды қажет ететін, әбден то­зығы жеткен инфрақұрылым объектілері кіре­тінін айтқан болатын. – 25 мың шақырымнан астам қарау­сыз жатқан коммуналдық желілер моно­по­листерге беріледі. Олар осы желілерді ретке келтіруі керек. Өзгерістің бәрін азаматтар сезінуге тиіс, – деген еді ол.

Шынында да, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі екенін көріп отырмыз. Оны былтыр Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында болған апаттан да анық байқадық. Апаттың салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстары жарықсыз қалды. Екі өңірдегі ірі өнеркәсіп орындары айтарлықтай зардап шекті. Олардың көпшілігі 2 тәуліктен артық жұмыс істемей тұрды. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты тек үшінші тәулікте іске қосылды. Жел соқса, жарығы жалп ететін ауылдар тұрмақ, жақында Астананың өзі бір кеш бойы тұтас жарықсыз қалды. Өткен жылыту маусымы да шұғыл шешуді қажет ететін проблемалардың көп екенін көрсетті. Инфрақұрылымның көбі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр жылумен жабдықтау саласында 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65 пайыздан асқан. Желілердің тозуы 58 пайыздан 55 пайызға төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 6 кәсіпорын шығады деген жоспар да айтылды. Ал электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорынның тозу деңгейі 70 пайыз­дан асады. Оның ішінде 16 кәсіпорынға инвестициялық бағдарламалар бекітілген. Аталған салаға былтыр 92 млрд теңге инвестиция құйылатыны айтылды. 2023 жылы желілердің тозуы 64 пайыздан 62 пайызға дейін төмендейді деген болжам болды.  Сондай-ақ сумен жабдықтау сала­сында 15 кәсіпорынның тозу деңгейі 70 пайыздан асады. Оның ішінде инвес­ти­циялық бағдарламалар 13 кәсіпорын үшін бе­кітілген. Аталған салаға былтыр 29,5 млрд теңге инвестицияланған.  Су бұру саласында да 26 кәсіпорынның тозу деңгейі 70 пайыздан  асады. Оның ішін­де 23 кәсіпорынға арналған инвес­ти­ция­лық бағдарламалар бекітіліп, 15,3 млрд теңге инвестиция құйылған.  Былтыр KPMG компаниясының халы­қ­­­аралық консультанттары да электрстан­саларына техникалық аудит жүргізген болатын. Энергетика министрі Алмасадам Сәт­қалиев министрлік электрстанса­ла­рының техникалық аудитін аяқтағанын, ха­лықаралық консультанттары барлық электрстансаларына барғанын айтқан бо­латын.  – Біз өткен жылы аудит жобасын аяқ­та­дық, тіпті біздің қатысуымызбен осы мә­селе бойынша ресми баспасөз мәсли­ха­ты да өтті. Онда электрстансаларының тех­никалық жай-күйі, сондай-ақ оларды қал­пына келтіру және одан әрі дамыту жө­ніндегі шаралар туралы, ЖЭО тех­ни­калық аудитінің қорытындылары жайын­да ақпарат берілді. Негізгі міндет Үн­дістандағы әріптестерімізге жүктелді жә­не біз оларды про­цестерді ұйымдастыру тұр­ғысынан қол­дадық, – деді компа­ния­ның баспасөз қыз­меті сұрағымызға бер­ген жауабында.  Техникалық аудит нәтижелері бойын­­­ша энергетикалық қазан­дық­­тардың 62 пайызы, турбиналардың 58 пайы­зы ауыстырылуы керек екені анық­тал­ған. Қуат ауыстыруға қажетті көлем – 2,5 мың МВт.

Қаржыны кім қадағалайды?

Energyprom.kz дерегінше, жалпы, 2023 жылдың екінші тоқсанында бағ­дарламаны іске асыру аясында Ұлттық экономика министрлігі 1 шілдеден бастап та­рифтер мен инвестициялық бағдарла­ма­ларды өзгертуге ТМС-дан 212 өтінімді ма­құлдаған. Сонымен қатар электр энер­гия­сын өндіру тарифінің өсуі (27 пайыз), кә­сіпорын қызметкерлерінің жалақы­сы­ның өсуі (50 мен 100 пайыз аралығында), тауар­лық газдың көтерме бағасының өсуі (12 пайыз) және стратегиялық тауар­лар­дың – көмір, мазут, жағармай және басқа да қосымша факторлар болған. Осы ретте, тарифтің өсімі орынды деп қорытын­ды­лапты сарапшылар. Сондай-ақ қаражатты мақсатты пай­даланудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша нарыққа қатысушылардың қо­сымша міндеттемелерін енгізу мақсатында заң­намаға түзетулер пысықталып жат­қа­нын да жауаптылар айтқан болатын. Мәселен, бұрынғы Экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров қолданыстағы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде Е-монополист электрондық базасы арқылы барлық ин­вестициялық бағдарламаларға мони­то­ринг жүргізіліп жатқанын айтқан еді. Оған жылу, энергия желілері, сумен жаб­дықтау және су бұруға жауапты табиғи мо­нополиялар субъектілері кіреді. Дегенмен сарапшылар бағдарлама ая­сында бөлініп жатқан қаражатты қа­дағалауда барынша қырағылық керек еке­нін айтады. Себебі тариф қаражатынан бө­лек, жыл сайын салаға айтарлықтай көп ақша бөлініп жатыр.

Абзал НАРЫМБЕТОВ, энергетика саласының сарапшысы:

Жемқорлықтың жолы кесілмесе,  мәселе шешілмейді

– Жемқорлықтың жолы кесілмесе, қанша ақша бөлінсе де, тиімсіз жұмсалады. Негізі, жылына 180 миллиард теңге бө­лінеді. Биыл, қателеспесем, 316 миллиард теңге ЖКХ-ға, 180 миллиард ЖЭО-ні жаңарту және модернизациялауға бө­ліп жатыр. Ол ЖЭО-ге онсыз да жылына осынша ақша бө­лі­неді. Оған қоса, 316 миллиард БЖЗҚ қаражатын бөліп жатыр.  Мәселе ақшада емес, мәселе проблемалардың азаймауы, қанша ақша бөлінсе де, ақаудың азаймауы. Жылда қағаз жүзінде модернизация жасадық, ауыстырдық дейді. Дегенмен жылда бір мәселе шығады. Неге? Себебі біріншіден, ақша өзінің мақсатты бөлінген жағына жұмсалмайды, екіншіден, тиімсіз жаратылады, үшіншіден, қағаз жүзінде аяқталды деп ресми құжат жүзінде тапсырады. Ақшаны бақылайтын, қадағалайтын, сапасын тексеретін бір орган болуы керек деп ойлаймын. Ақшаны бөлетін Қаржы министрлігі, Үкімет, оны игеретін жергілікті әкімдіктер, ал тексеретін кім? Міне, осы мәселені назарға алу керек.

Қорыта айтқанда, сарапшылар да, Үкімет те тариф аса қатты қымбаттамағанын, барлығы орынды екенін айтуда. Ал кей азаматтар қалған ақшаға қалай күн көреміз деп бас қатырып отыр, себебі оларға қолдау көрсететін бағдарлама толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Үлкен дүниелер жоспарланып, көп уәде беріліп отырған бағдарламаның айналасында айналып жатқан қаражаттың сұрауы да, есебі де болуы керек екені даусыз.