Жанна Ойшыбаева: Бізге таңертең шай ішіп отырып, газет оқуды дағдыға айналдыру керек
«Литер» газетінің жарық көргеніне биыл 20 жыл толады.
Сонау 2000 жылдары отандық медиа саласы жаңару, даму кезеңін бастан өткерді. Отандық БАҚ саласына жаңа леп әкелген басылымдар қатары көбейді. Солардың бірі 2004 жылы алғашқы саны жарық көрген қоғамдық-саяси «Литер» газеті болатын. Басылымның жарық көргеніне биыл 20 жыл толады. Газет әлі күнге дейін өзінің биік беделін сақтап, оқырмандарын қызықты әрі қоғамдық маңызды мақалаларымен қуантып келеді. Мерейтой қарсаңында біз «Литер» газетінің бас редакторы Жанна Ойшыбаевамен басылымның жетістіктері, редакцияның тыныс-тіршілігі мен тілшілердің қалам тербеп жүрген тақырыптары туралы әңгімелескен болатынбыз.
– Сізді «Литер» газетінің 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бүгінде өзіңіз редакторлық ететін газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай және қандай жаңашыл бастамалары бар?
– Интернет пен imedia саласының қарыштап дамыған заманында ақпараттық сайттармен бәсекеге түсу оңай емес, алайда «Литер» өз брендін сақтап, еліміздегі жетекші газеттердің біріне айналып отыр. Басылым осыдан бес жыл бұрын өзінің 15 жылдық мерейтойының қарсаңында Алматыдан Астанаға қоныс аударды. Сол уақытта мені сүйікті газетіме бас редактордың орынбасары қызметіне шақырды. Көп ойлануға уақыт та болмады, бірден іске кірісіп кеттік. Штат құрамын бекіту, техникалық бөлім жұмыстарымен қатар газетті де шығарып жаттық. Өткен жылдарға шегініс жасайтын болсам, көптен күткен екі республикалық басылым Aiqyn мен «Литердің» Астанаға көшуі Nur Media холдингінің медиа-ресурстарының контент сапасын жаңарту және жақсарту аясында жүзеге асты. Редакциялардың Астананың қақ төрінде, «AMANAT» партиясымен бір ғимаратта, жаңа әрі кең заманауи open space кеңсесіне орналасуы әріптестер үшін ерекше сый болды. Мерзімді басылымдардың Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне қоныс аударуы газеттердің жаңаруымен қатар қызметкерлердің де өміріне үлкен өзгерістер алып келді. Газет үшін бір қаладан екінші қалаға көшу тек мекенжай ауыстыру емес: бұл қадам жаңа мүмкіндіктерге жол ашты және журналистердің шығармашылық қуатын арттырды. Басылымның дамуына жаңаша серпін берді. Көшіп келген қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті, олардың пәтер жалдауына қосымша жәрдемақы төленді. Осылайша, дәстүрлі газет-журналдар жақын болашақта өледі деген болжағыштардың қателескенін «Литер» газеті дәлелдеді. Бұл жерде ең бастысы, әрқашан уақыт ағымына ілесіп, дамып отыру және редакция жұмысына жаңашылдық енгізу маңызды. 2019 жылы біз сұхбаттарды жаңаша форматта жүргізуді қолға алдық. Жаңа жоба – «Литердің» қонақ бөлмесі» деп аталды және оны Миргүл Жылқышинова жүргізді. Карантин мен қашықтан жұмыс істеу кезінде бұл дәстүріміз үзіліп қалды. 2022 жылы газетке бас редактор болып қайта оралғаннан кейін мен аталған жобаны жүргізуді қолға алдым. Біз редакцияға өз мамандығына қоса Қазақстанның көркеюіне ерекше үлес қосып, қоғамға пайдалы іс атқарып жүрген қызықты адамдарды шақыруды жалғастырып келеміз. «Литердің» қонақ бөлмесі» оқырмандарымыздың арасында кеңінен танымал және оларға ұнайды. Жобаның негізгі мақсаты – қонаққа шай үстінде бір емес, бірнеше журналиспен еркін әңгімелесе алатын жағдай жасау. Сұхбат бастан-аяқ камераға түсіріледі. Бұл бұрынғы дәстүрлі ескі журналистиканың шағын көрінісі десек те болады. Бүгінгідей күнделікті қарбалас тіршіліктегі көп стресс пен жан-жақтан қаумалайтын камера алдында кез келген спикер қысылып, сасқалақтап қалады. Ал біз бас ауыртар мәселелерді бір сәтке редакция сыртына ұмыт қалдырып, ақтарыла әңгімелесіп, шын жүрекпен сырласуды ұсынамыз. Өткен жылдың соңында енгізген «Депутаттың бір күні» атты айдарымыз да көпшіліктің көңілінен шықты. Біздің мақсатымыз – Мәжіліс депутаттарының нақты қандай жұмыспен айналысатынын көрсету, халық арасында тараған «депутаттар ұйықтап отырады» деген көзқарасты өзгертуге атсалысу. Жаңа жобаның халықтың жүрегінен жылы орын табуына тілшіміз Миргүл Жылқышинованың жұмыс уақытын толығымен, тіпті кейде артығымен депутаттардың жұмысына арнауы, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, жасаған жұмысын әдемі әрі әсерлі етіп жеткізуі де әсер еткендей. Осындай ерекше мақаласының бірі «Болат Керімбековпен өткен 12 сағат» деп аталды. Ұзақ үзілістен кейін газетімізге қайта оралған шолушымыз Жазира Букинаның келуімен қатар сот тергеуіне қатысты басқа жанрлар қайта жанданды. Жазира көбіне шиеленісті оқиғаларды газеттің әрбір нөміріне бөліп береді және жағдайдың барлық қыр-сырын тәптіштеп жазады. Жалпы алғанда, газетте біз бір мәселе немесе атышулы іске қатысты бір ғана мақаламен шектелмейміз. Басталған істі жан-жақты талдап, жүйелі жеткізіп, істің соңына жеткенше қадағалаймыз және оны оқырмандармен бөлісеміз. Бұл стильде СҚО-дағы тілшіміз Зәуре Жұмалиева мен Павлодардағы Ирина Волкова жақсы жұмыс істейді. Газеттің «Өзекті сұхбат», «Фоторепортаж» және т.б. айдарларының арқасында бүгінде газеттің де өзіндік танымал стилі қалыптасып отыр.
– Сонау 2004 жылы газеттің алғашқы саны жарық көргенде басылымның сол кездегі редакторлық кеңесінің төрағасы Ерлан Бекхожин: «Біздің мақсатымыз – еліміздегі және алыс-жақын шетелдегі жаңалықтардың жаршысы болу» деген екен. Газеттің сол кездегі мақсаты бүгін қалай іске асып жатыр?
– Газет ең алғаш ашылған кезде аптасына 5 рет шығатын күнделікті басылым болды. Сондықтан жаңалықтарға басымдық беруі түсінікті және бұл мақсат орындалды. Қазір газет аптасына 3 рет жарық көреді. Бұл басылымға деген көзқарасымызды өзгертті, құндылықтар мен басым бағыттарды айқындауға ықпал етті. Соңғы 20 жылда әлемдік және қазақстандық ақпарат саласында көп нәрсе өзгерді. Бұрынғы литерліктер өз естеліктерінде (біз нөмір сайын жариялаймыз) 2004 жылдарды ақпараттық нарықтағы бәсекелестіктің қызып тұрған шағы деп еске алады. Интернеттің әлі дамымаған кезі, сондықтан болар әртүрлі бағыттағы сапалы газеттер көп шығатын. Ол кезде газет дүңгіршіктері мен базар жаймаларында газет-журнал толып тұратын. Бүгінде газеттер саны азайды және бізге ақпараттық сайттармен бәсекелесудің еш мәнісі жоқ. Қазір газеттерге жаңалық жаршысы болудың қажеті жоқ. Газеттің ұтар тұсы – ақпаратты кеңейтіп беруде, сараптамада, сарапшылар пікірі мен сапалы сұхбаттарда. Менің ойымша, бізге отбасылық таңғы ас кезінде шай іше отырып жаңа шыққан газетті оқу дәстүрін қайта жаңғырту керек... Былтыр және алдыңғы жылы Еуропаның бірнеше елінде болдым. Сонда газет-журнал сатылатын дүңгіршіктерге қызғанышпен қарағанымның несін жасырайын?! Дамыған елдер газет-журнал басып шығаруды және оны оқуды тоқтатқан жоқ. Біздің елімізде мерзімді баспасөздің нарықтан жоғалуына 2015-2016 жылдары (әсіресе, Алматы мен Астанада) газет дүңгіршіктерінің жаппай жабылуы, карантин, «Қазпошта» желісінің нашар жұмысы әсер етті... Қазір әлемде цифрлық байланыс өз танымалдығын жоғалта бастағанда қызықты тренд пайда болып жатыр. Бірте-бірте адами қарым-қатынас, өз қолыңмен бірдеңе жасау, басқа адамдармен жанды байланыс орнату сәнге айналмақ. Адамдарды ортақ мүдделер, идеялар мен құндылықтар төңірегінде ұйымдастыруда газеттің атқарар рөлі үлкен. Өйткені газет адамның тәжірибесін, эмоциясын жеткізеді. Ол адамның эмоциясы, қабылдауы, есте сақтауы және тактильді сезімдермен байланысты. Басылымдарды онлайн нұсқада оқу ыңғайлы, бірақ адамда газетті парақтау, мұқият сақтау немесе оқи отырып сызу, белгілеу мүмкіндігі жоқ. Оқырмандар газет арқылы ел тағдырына, жерлестер тағдырына жақын бола түседі. Газет жалпы адамзатқа ортақ мәңгілік құндылықтарды насихаттайды, адамды отансүйгіштікке, ұлттық дәстүрді сақтауға, жақсылық жасауға, өзіңнің және жақындарыңның өміріне жауапкершілік алуға тәрбиелейді. Баспа өнімдері және кітаптар – адамзат қол жеткізген ғылым мен мәдениеттің барлық жетістігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін және сақтайтын негізгі құрал. Сол секілді газет те барлық жастағы адамдар үшін білімнің бұлағы, өмірді бағалауға және тануға, қоғамдағы қарым-қатынас заңдылықтарын және табиғат құбылыстарын түсінуге көмектеседі. Адамның әлеуметтік-адамгершілік идеалдарын қалыптастыруда, қоғамдық мінез-құлық нормаларын қалыптастыруда баспасөздің рөлі ерекше. Газеттің кемшіліктерін артықшылыққа айналдыруға болады. Мысалы, газеттің оқырманға дейін жетуінің өзі оқиғалардың маңыздылығын түсіндіреді. Газет үйлесімділік пен тұтастық сезімін сыйлайды. Газеттегі беттер санының шектеулілігі ең мықты мақаланы жариялауға мүмкіндік береді. Осылайша, қағаздың көмегімен әрбір контент өзіндік артефакт түріне айналады.
– «Литер» газеті жарық көрген кезден бастап бірнеше жүлделер мен марапаттарға ие болды. Әсіресе, аймақтағы тілшілердің эксклюзив материалдары жиі талқыланады. Осы орайда газетте жарияланған мақала арқылы халыққа көмектесіп, халықтың батасын алған кездеріңізді еске алып айтып берсеңіз.
– Мұндай мақалалар өте көп болды. Бұл ретте газеттің аймақтағы тілшілерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Аймақтар біздегі жарияланған мақалаларға құлақ асады, тілшілеріміздің ұстанымын ескереді. Меншікті тілшілердің кейбіреуін қоғам қайраткері десек те болады. Мәселен, біздің Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшіміз Зәуре Жұмалиева жергілікті қоғамдық кеңестер құрамына мүше, онда ол халықтың мүддесін белсенді түрде қорғайды, сонымен қатар өз ұстанымынан таймайды және әділ шешімге қол жеткізу үшін сот отырыстарына жиі қатысады. Жақында «Литерде» ондаған жыл бойы партия жұмысы туралы жазып келе жатқан Любовь Подоляктың мақаласы жарық көрді. Мен оның халыққа көмегі тиген мақаласынан нақты үзінді келтірейін: «Литер» – көптеген жылдан бері партияның жұмысын, идеясын, бағытын насихаттап келе жатқан басылым. Партияның бірінші кезектегі міндеті – адамдармен жұмыс істеу және олардың өзекті мәселелерін шешу болып қала береді. Әр сейсенбі сайын партияның қоғамдық қабылдау алаңында әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер азаматтарды қабылдайды. Олардың арасында мәселесі газет бетінде жарық көргендер де, шындыққа қол жеткізу үшін шалғай аймақтардан келетіндер де бар. Кезінде республикалық және елордалық қоғамдық қабылдаулардың меңгерушілері Жұмажан Жүкенов пен Марал Елеуқұлова бірауыздан біздің мақсатымыз қабылдауға келген әрбір адамға барынша көмектесу деген болатын. Қоғамдық қабылдау халықтың сеніміне ие болды және адамдар оларға ең соңғы инстанция ретінде жүгінді. Соның арқасында көптеген мәселе оң шешілді, адамдар кездесуден кейін үйлеріне үміт арқалап қайтатын. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауға Ішкі істер министріне 9 жастағы қыз келді. Оның ата-анасы – Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар, алайда олар көші-қон заңнамасын бұзғандықтан ҚХР-ға қуылған. Қыз Қазақстанда қалып, туыстарымен бірге тұрды. Осы кездесуден кейін қыздың ата-анасына виза алуға және тарихи Отанына оралуға рұқсат берілді. Ұжымдық мәселені шешуге келетіндер де болды. Білім және ғылым министрінің қабылдауына Есіл ауданындағы мектептердің ұстаздары келіп, жалақыларының мардымсыз екенін айтып шағымданды. Мәселе оңынан шешілді. Мұндай оқиғаларды жазу қашан да жаныңа рахат сезімін сыйлайды. Мәселелері шешілген мақала кейіпкерлері кейін қуана хабарласып шын жүректен рахмет айтқанда ерекше қуанып, шабытым шалқып, жұмысымның маңызын терең сезіне түсетінмін».
– Қазір жаңалықтарды бұрынғыдай кешкі уақытта теледидардан күтіп отыратын көрермен жоқ. Газет баспаханадан шығып, оқырманға жеткенше, халық оны әлеуметтік желі мен сайттардан оқып алады. Медиа нарықтағы мұндай бәсекелестік пен өзгерістерге «Литер» газеті қалай бейімделіп отыр?
– Газет редакциясы «Литерді» сапалы етіп шығаруға барын салады. Оқырмандарға не ұсынамыз деген мәселе қашан да өзекті. Бұл тұрғыда біз сараптамалық мақалаларды сапалы фотосуреттер, инфографикалар, коллаждармен көркемдеу арқылы ұтып отырмыз. Егер газет жаңалықты оқырманға басқа БАҚ-тан бұрын жеткізе алмаса, онда әлдеқайда өзекті, маңызды оқиғаларды талдап, сараптап берген дұрыс. Мерзімді басылымдардың тағы бір артықшылығы – сторителлинг, яғни оқиға арқылы ақпаратты жеткізу жанрын кеңейту. Оқиғалар газет үшін өте маңызды, өйткені олар газет беттерін эмоциямен әрлейді. Ал эмоциялар эмпатияға, адамның қуанышы мен қайғысына ортақтасуға әкеледі. Бұл қасиет қазіргі қоғамда тез жоғалып бара жатыр. Егер газет оқырманның эмпатиясына қол жеткізе алса, онда ол қаптаған қызылды-жасылды сайттарға қарамастан газетті іздеп жүріп оқиды.
– «Литердің» еліміздің мәдени, қоғамдық саяси өміріндегі рөлі туралы айта кетсеңіз...
– Шын мәнінде, БАҚ – тек жаңалықтың жаршысы ғана емес, сонымен бірге көпшіліктің үндеуі. Біз қоғамдағы трендтерді ғана емес, елді толғандыратын барлық мәселені қадағалап отырамыз. Өзекті мәселелерді қозғап, «ЛИТЕР-дің қонақ бөлмесіне» сарапшыларды шақырып, танымал қоғам және саясат қайраткерлерінен сұхбат алып, жариялаймыз. Біздің «Президент реформалары», «Президент бастамалары», «Парламент», «Үкімет» айдарларын оқырмандар қызыға оқиды. Біз оны оқырмандарымыздың кері байланысы арқылы біліп отырмыз. 2023 жылы қарашада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев студенттермен және жас ғалымдармен өткен кездесуінен кейін біз «Қазақстандықтар инженер, конструктор, агроном, программистер ұлтына айнала ала ма?» деген мәселе көтердік. «Литер» газеті қоғамдағы жаңа трендтердің дамуына, жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығының артуына үлкен көңіл бөледі. Біз инженерлік білім беру, инженерлерді халықаралық аккредиттеу және т.б. салалар мамандарымен сұхбат жүргізіп, олардың техникалық факультеттер мен жоғары оқу орындарын дамыту туралы көзқарастарын оқырмандарға жеткізіп келеміз. Газет бетінде ақын Любовь Шашкова және жазушы Сәуле Досжанмен Ұлттық Құрылтайдың жұмысы туралы өте терең және қызықты сұхбаттар жарияланды. Мәдениет тақырыбында жарияланған материалдарымыздың арқасында оқырмандар жас отандастарымыздың мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктері туралы біледі және осы салалардағы басты оқиғалармен танысады. Біз әртүрлі спектакльдер, премьералар, көрмелер мен гастрольдер туралы жиі жазамыз. Сонымен қатар мемлекет қайраткерлерімен сұхбаттар жүргіземіз. Мысалы, жазушы Шархан Қазығұлмен болған сұхбаттың арқасында көптеген адам оның «Күлпет» романы туралы біліп, оны оқығысы келді. Хореограф Светлана Кокшинова өз сұхбатында Қазақстанда балеттің пайда болу тарихы туралы айтып берді. Мақаланы оқығандар «қазақтар балетке икемсіз» деген қасаң көзқарастан арылды деп ойлаймын. Қазақ балетке қабілетті болғанда қандай! Сонымен қатар жас жазушы Үнзила Мыңбай газетке сұхбат берген кезінде әлі ешқандай кітабы жарық көрмегенін айтқан болатын, ал қазір екінші кітабы баспаға дайындалып жатыр. Біз талантты жазушының шығармашылық жолында шамшырақ бола алғанымызға қуаныштымыз. Жалпы, «Литер» газеті мәдени тенденцияларды қадағалап отырады. Мысалы, басылым бетінде отандық және шетелдік фильмдер, заманауи әншілер, блогерлер мен инфлюенсерлер туралы мақалалар да жарық көреді. Газетіміздің «Жаңа мәдени толқын» айдары осы бағытқа арналған.
– Бүгінгі оқырманды «ұстап» тұру, қызықтыру оңай емес. Газетті оқылымды ету үшін тілшілер қандай тақырыптарға қалам сілтеп жүр?
– Біз өз оқырманымыздан айрылмау үшін бәрін жасауға дайынбыз. Бәрінен бұрын, редакция ұжымының біліктілігі мен сапасына басымдық беріліп отыр. Ұжымда елімізге танымал журналистер еңбек етеді. Газетіміздің «Экономика» айдарына Қанат Шәймерденов пен Раушан Нұршаева жауапты. Олар танымал «Панорама» экономикалық газеті мен «Рейтер» агенттігінің мектебінен өткен. «Казахстанская правда», «Вечерняя Астана» басылымдарында жұмыс істеген Миргүл Жылқышинова газеттің арнайы жобаларын жүргізеді. АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген Жазира Букина ағылшын тілін еркін меңгерген. Оның мақалалары туралы жоғарыда атап өттім. Редакциядағы өте мықты журналист – бас редактордың орынбасары Жанат Түкпиев. Ол аз жазады, аз жазса да саз жазады. Газет ұжымында жастармен қатар тәжірибелі тілшілер біріге еңбек етсе, жемісті болмақ. Өйткені тісқаққан журналистер өз білгенін жастарға үйретсе, бұл үлкен мектеп болмақ. Газеттің шығарушы редакторы Нұрғали Әбілдаев – нағыз тәжірибелі маман. Ол шенеунік болып та қызметі өрлеген, БАҚ-та да бағы жанған адам. Оның әрбір пікірі журналистика саласындағы оқулыққа дайын мәтін десе болады. Ақпарат бөлімінің жетекшісі Диана Тысымбаева кезінде біздің газеттен тәжірибеден өткен, кейін Санкт-Петербургтегі университетті аяқтап, тілші болып жұмысқа орналасты. Бір жарым жыл ішінде ол өзін жетілдірді, кәсіби тұрғыдан әбден ысылды, пісті, нәтижесінде өзіне лайықты қызметке тағайындалды. Жақында бізге жұмысқа кино саласынан жас маман Мадимит Шүлембаев келді. Бір қызығы, ол газет жұмысына тез бейімделіп, ұжыммен сіңісіп кетті, қазір керемет мақалалар жазып жүр. Мен аймақтардағы тілшілеріміздің қаламының қуаты мен атқарған істері туралы айтып өттім. Олар – редакцияның ядросы. Біз секретарит бюросын, беттеушілерді, дизайнерлерді, корректорларды жоғары бағалаймыз. Өйткені бүгінгі нарықта мұндай мамандарды табу – сабан ішінен ине іздегенмен тең.
– Елімізде жыл сайын журналистика факультетін мыңдаған студент бітірсе де, газетке сараптамалық мақала жазатын жас журналистер аз. Мұның бір себебі газет тілшілерінің жалақыларының төмендігінде емес пе?
– Aiqyn мен «Литердің» негізін қалаған Ерлан Бекхожин бірде маған: «Мен қаламақыға мадақ айтуға дайынмын. Қаржыгерлер журналистерге неге жоғары қаламақы төлейтінімді жиі сұрайды. Мен бұл олардың таланты мен Құдайдың берген ұшқынының ақысы деп жауап беремін. Сонда олар журналистер жалақыны не үшін алады деп тағы сұрайды. Мен олардың жұмысқа келіп, осы газетке қабілеттерін жұмсауға келіскендері үшін жалақы төлеймін деп жауап беремін. Әдетте, мұндай әңгімелерден кейін олар маған редакцияда жұмыс істеп, жалақыға қосымша қаламақы алғылары келетінін айтады. Мен шақырамын, келіңдер, жаза алсаңдар жұмыс істеңдер деп айтамын», – деді. «Отандық журналистиканың беделін көтеру үшін не істеу керек?» деп сұрағанда мен ылғи: «Олардың жалақысын көбейту керек» деп жауап беремін. Басқа салалармен салыстырғанда қалам мен микрофон ұстаған журналистер өз еңбегі үшін аз ақша алады. Жалақының аздығы жалпы жұмыс процесіне әсер етеді, өйткені өмір сүру үшін олар қосымша жұмыс іздейді немесе екі редакцияда жұмыс істейді. Журналистің еңбегіне төленетін қаламақы да біртіндеп жойылып бара жатыр. Алайда мен журналистердің қаламақысы – киелі ұғым деп санаймын. Қаламақы жүйесі жоғалмауы керек.
– Бүгінде мерзімді басылымдардың әрбір әлеуметтік желіде парақшасы бар, тіпті YouTube-арналарын ашып жатыр. Басылымдардың цифрлық медиаға қадам басуы оқырмандарының азаюына, газеттің біртіндеп жоғалуына алып келмей ме?
– Неге екені белгісіз, Қазақстанда газеттерге қатысты басқаша көзқарас қалыптасқан. Дамыған елдердің таңы газетпен басталса, бізде керісінше жабылып жатыр. «Бізге газет керек пе?» деген сұраққа елдің идеологтары жауап беріп, шешім қабылдануы керек. Мерзімді баспасөзге жазылуды қалпына келтіріп, газет дүңгіршіктерін қайта ашса, адамдар газет оқуды әдетке айналдырар еді. Ал біз 100 жылдық тарихы бар «Экспресс К» газетінің жабылғанына куә болдық. Енді «Караван» газетінің қағаз нұсқасы шықпайды. Өкінішті... Бүгінде газет шығару тиімді болмай тұр, өйткені қағаз, баспахана қызметі қымбат және әлі күнге дейін газетті аймақтарға тарату жүйесі оң жолға қойылмаған. Осындай қиындықтарға қарамастан елімізде жарық көретін газет-журналдар саны біршама. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде БАҚ саны жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, 1991 жылмен салыстырғанда 350 есе өскен: егер осыдан 33 жыл бұрын Қазақстанда бар-жоғы 10 республикалық газет пен журнал шықса, бүгінде 3 985 мерзімді басылым тіркелген. Басылымның әрқайсысы қағаз нұсқасында жарық көреді әрі цифрлық нұсқасы да бар. 2024 жылы еліміз бойынша 360 612 жеке 7 687 заңды тұлға газетке жазылған. Осыған қарап мерзімді басылымдардың өз оқырманы бар екенін көріп отырмыз. Бұл да болса көңілге медеу.
– Газеттің бүгінгі оқырманы кімдер және олардың талабы мен сұранысы қандай?
– Газетіміздің негізгі оқырмандары – орта жастағы саяси және экономикалық белсенді азаматтар. Олардың көпшілігі аймақтарда тұрады және көбі «AMANAT» партиясының мүшесі. Өкінішке қарай, жастар біздің газетті аз оқиды. Алайда бұл мәселе барлық мерзімді басылымдарға қатысты деп ойлаймын. Қазіргі жастар ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желіден алады. Жақында редакциямызға елордадағы бір университеттің журналистика факультетінің 10 студенті келді. «Газет оқисыңдар ма?» деген сауалымызға бәрі бастарын шайқады. Міне, біздегі болашақ журналистердің бүгінгі келбеті осындай. Олардың арасында кітап оқитындар да аз деп ойлаймын. Сондықтан бұл бағытта редакциялар ғана емес, қоғам болып бәрімізге көп жұмыс істеу керек.
– «Литер» редакциясы 20 жылдық мерейтойын қалай атап өтуді жоспарлап отыр?
– Ақпан айынан бастап газетіміздің әр нөмірінде бұрынғы литерліктердің жылы естеліктерін жариялап отырмыз. 2005 жылы газеттің бас редакторы болған Расул Шыбынтайдың сұхбатын, 2007 жылы бас редактор қызметін атқарған Асыл Сағымбековтің лирикалық эссесін оқырман назарына ұсындық. Газетіміздің 20 жылдық мерейтойына орай әр жылдары редакцияда еңбек еткен литерліктердің өз естеліктерімен бөліскеніне рахмет айтамын. Ал сәуір айында мерейтойға орай салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылады.
– Литерлік әріптестеріңіз бен оқырмандарыңызға қандай тілегіңіз бар?
– «Литер» газетінің оқырмандарына табандылық тілеймін. Біздің газетімізге деген қызығушылықтарыңыз жоғалмасын. Бізге хат жазыңыз, «Литерді» оқу бұдан да қызығырақ болу үшін кері байланыс орнатайық! Ал әріптестеріме шығармашылық табыс, қомақты қаламақы және қажырлы еңбектері үшін лайықты жалақы тілеймін.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ