Жаңашыл басылым
Газет шығару жалқының емес, жалпының ісі. Aiqyn газетінің өткені мен бүгіні, келешегі тікелей журналистердің, бет қаттаушылардың, өзге қызметкерлердің еңбегіне байланысты екені рас.
Біз журналистік қызметімізді енді бастаған жылдары ақпарат айдынына «Айқын» газеті шыққан. Өзімізден бір курс төмен оқыған әріптес, ініміз Айхан Шәріптің осы газетке қызметке орналасқанын естігенде қызыға да, қызғана да қараған кездеріміз есте қалды. Қызығатын жөніміз бар еді. Өйткені басылым бірден жарқ ете қалды. Көңілге түрлі ой салатын сұхбаттарымен, сапалы сараптамаларымен көзге бірден түскен-ді.
Біз ол кезде университетті енді ғана бітірген жылдар еді. Алдыңғы буын ағалар мен әпкелерге, қарымды журналистерге сүйсіне қарайтынбыз. Ал кілең мықтылар жиналған «Айқынға» оқуды бітіре сала Айханның жұмысқа орналасқанына кәдімгідей қуандық. Жас журналистерді қанаттандыратын оқиға болған-ды. Айхан басылымның Астанадағы қосынында қызмет етті. Әлі сол «Айқыннан» табан аудармай еңбек етіп келеді. 20 жыл болды. Ол енді басқа әңгіме. 2000-жылдардың басы қазақ газеттері көп ашылған кезең ретінде есте қалыпты. Сарыжағал басылымдар да қаптады, әдеттегі стереотиптерді бұзған салмақты газеттер де аз болған жоқ. Отандық медиа тарихында өзіндік із қалдырған талай газет-журналдың кейін жабылғанына да куәміз. Әлбетте, өкінішті жағдай. Алайда «Айқын» медиа нарықта «жайнаған туы» жығылмай келе жатқан санаулы қазақ басылымдарының бірі ретінде ғұмырын жалғастырып келеді. «Сары ауыз балапан» кезімізде өзіміз қызыққан басылымға басшылық жасау біздің де маңдайымызға жазылыпты. Үлкен мәртебе һәм жауапкершілік екенін түсінеміз. Алдыңғы буын ағалардың жолынан жаңылмау дейтін қадірлі міндетіміз бар. Серік Жанболат, Бауыржан Омаров, Нұртөре Жүсіп ағаларымыз басшылық жасаған кездегі «Айқынның» беделін түсірмеу, интернет заманында, гаджеттер дәуірінде қағазға басылатын газетті тартымды ету, оқырманның көңілінен шығу міндеті жүктелді бізге. Негізі, өз басым «Айқын» редакциясына қызметке алғаш 2016 жылы келдім. Мамырдың соңы болуы керек, бірде Facebook-тың мессенджері арқылы Нұртөре Жүсіп ағам хабарласқан. Ол кезде редакция Алматыда, мен Астанадамын. Ағам маған жұмыс ұсынбақ екен. Жөнін айтты. «Сәл ыңғайсыз, сонда да болса сұрайын, қандай қызметке шақырып отырсыз?», –дегенім бар. Сөйтсем, өзіне орынбасарлыққа шақырмақ ниеті бар екен. Сырттай ұстаз тұтатын азаматтың тілегін қабылдадық. Осылайша, «Айқынға» келгенбіз. Кейін газеттің Астанадағы қосынын басқардық. Одан соң өзге қызметке ауыстық, бірақ «Айқынға» бүйрегіміз бұрып тұратын. 2020 жылы сол кездегі бас редактор Нұрмұхамед Байғараның шақыруын қабыл алғанымыз бар. Осылайша, басылымдағы қызметіміз қайта жалғасты. Бұл газет біздің алдымыздағы буын үшін де, өзімізден кейінгі іні-қарындастарымыз үшін де көңіл төрінен орын алған басылым деп білемін. Рас, газет ашылған жылдары интернет кең тарамаған еді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жоқ болатын. Оқырманның газет-журнал, кітап оқу дағдысы азаймаған, заманауи құралдардың сансыз ақпараты санаға шабуыл жасауға қауқарлы бола қоймаған дәуірі еді. Басылымда өткір мәселелердің көтерілуі, бұқараның мұң-мұқтажын дөп басатын мақалалардың жарық көруі оқырманның көңілінен шығатын. Танымдық дүниелер де мол еді. Кейін күллі әлемдегі медиатрендтерден қалыспай біз де заманауи технологиямен бәсекеге түстік. Өзімізден бұрын қызмет істеген әріптестердің игі ісін жалғастыруға барымызды салып келеміз. Газеттегі сараптамалық материалдарды көбейту, әлеуметтік желілердегі парақшаларын жетілдіру біздің буынға жүктелген міндет. Бізден бұрынғы бас редактор Нұрмұхамед Байғара тәуір бастамалар көтерді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Aiqyn-ның аудиториясын ашуға мұрындық болды. Редакцияда конвергентті журналистика элементтерін жетілдіруге көңіл бөлді. Жазылушылар санының кемімеуіне мүдделі болдық. Сөйтіп, 20 жылдық тарихы бар басылымды заман көшінен қалдырмауға барымызды салып келеміз. Әлбетте, ешқашан жалғыздың үні шыққан емес. Газет шығару жалқының емес, жалпының ісі. Aiqyn газетінің өткені мен бүгіні, келешегі тікелей журналистердің, бет қаттаушылардың, өзге қызметкерлердің еңбегіне байланысты екені рас. «Айқын-Литер» ЖШС директоры Талғат Ешенұлының мол тәжірибесі мен білім-білігі басылым болашағын айқындай түсуге де ықпал етіп отырғанын да атап өту керек. Оның қазақ баспасөзіне жаңашылдық енгізе білген тәжірибесі редакция жұмысын жетілдіре түсуге өз әсерін тигізіп жатыр. Ұжым қызметкерлері Гүлзина Бектас, Ботагөз Икрамова, Елдар Қаба, Бауыржан Сабырбек, Наурызбек Сарша, Нұрлан Оразғалиев, Айдана Нұрмұхан, Бердібек Қабай, Кәмила Дүйсенова қатарлы әріптестердің еңбегі де айырықша. Сол себепті Aiqyn алдағы жылдарда да өз биігінде қалады деп сенемін. Әдетте, оқырман газет-журнал шығару ісі журналистердің қажырлы еңбегі мен редакция ұстанған саясатқа тікелей байланысты екенін біледі. Дегенмен газет құрылтайшыларының қолдауы, ұстанған ақпараттық саясаты да басылымның медиа нарықтағы орнын анықтайды. Aiqyn-ның ақпарат айдынынан жағалауға шығып қалмауына мүдделілік танытып отырған «AMANAT» партиясының, NurMedia холдингінің қолдауы басылымның өміршеңдігіне тікелей әсер ететінін жоққа шығармау керек. Бұл ұстаным елдің ақпараттық қауіпсіздігін сақтауға мемлекеттің ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді. Ал Aiqyn медиа кеңістікте Қазақ елінің ақпараттық қауіпсіздігінің сақталуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан басылым. Ол санаға талас жүріп жатқан ақпараттық майданда алғы шепте қала береді.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ