«Айқынның» ақ желкені
Газет шығару – ұжымдық еңбек. Бұл бір оркестр сияқты. «Оркестрдің» дұрыс ойнауы – дирижерге ғана емес, сол оркестрдің әр мүшесіне тікелей байланысты.
Әлі күнге дейін есімізде: «Жақында аптасына бес рет шығатын бір газет пайда болады, соған мықты журналистерді тартып жатыр екен» деген қауесет желдей гулеп шыға келген; «газеттің алғашқы нөмірі Наурыз мерекесі қарсаңында жарық көретін болыпты» деген ақпарат та Алматы редакцияларын кеулеп кеткен; сөйтіп жүргенде 3 наурызда «Литер» басылымы жарқ ете қалды. Іле-шала «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің ең алғашқы саны 2004 жылы 6 наурызда жарық көрді.
Aiqyn – республикалық қоғамдық-саяси газет. Газеттің алғашқы құрылтайшысы – «Литер-Media» ЖШС. Газет осы медиа-холдинг құрамында 2009 жылға дейін болды. Алғашқы бас редактор – Серік Жанболат. Сайдың тасындай кілең мықты журналистерден іріктелген басылым ә дегеннен елдің назарын бірден өзіне аударды. Ол кезде күнделікті шығатын басылымдар саны азайып, негізінен апталық газеттер белең ала бастаған-ды. Өйткені күнделікті газет шығару орасан қаржыны қажет ететін. «Егемен Қазақстаннан» басқа мұндай қауқар еш басылымда жоқ еді... Сөйтіп тұрғанда ақпарат кеңістігін бұзып-жарып Aiqyn шыға келді. Басында «Теміржолдың газеті екен» десті...Көп ұзамай республика көлемінде беделі, ықпалы, таралымы жөнінен жетекші басылымдар қатарына шықты. Aiqyn-ның ә дегеннен дизайны өзгеше болды. Біртіндеп мазмұны жақсарды. Ауқымы кеңейді. Aiqyn араласпаған тақырып жоқ. Ойлы материалдар көбейді. Елдегі олқылықтарды сын тезіне алды. Әлеуметтік әділеттілік туын жоғары көтерді. Шыққанына 1 жыл толғанда, дәлірек айтсақ, 2005 жылы Президент сыйлығын иемденді. Баспасөз тарихында дәл мұндай «Бәйгемді шаппай бер» деген мысал болған емес. Aiqyn 2006 жылы «Қазақ тіліндегі ең үздік республикалық газет» атанды. Қазақстан журналистика академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығын иемденді. Серік Жанболаттан кейін Aiqyn газетінің бас редакторлығына белгілі журналист, ғалым-профессор Бауыржан Омаров келді. Баукең келе сала көптеген жаңа айдар ашты. Кадрларды жаңалады. Редакцияда ішкі тәртіп пен шығармашалық жұмыстарды жолға қойды. Aiqyn-ды Ақордадан бастап ауыл тұрғындарына дейін оқиды. Парламент депутаттары мен басқа да билік құрылымдары және бейресми ұйымдар арасында беделі зор. Мен Aiqyn-да 2008-2019 жылдар аралығында бас редактор болдым. Бұл жұмысқа шақырған құрдасым Сайын Есмағи еді. Ол Ерлан Бекхожин мырзаға мен туралы айтып ұсыныс жасаған екен. «Егемен Қазақстаннан» кейін «Астана хабарына» басшылық етіп жүргем. Астаналық басылым аптасына үш рет қана шығады. Осыған дейін ылғи күнделікті газеттерде жұмыс істеп қалған мен үшін «еңбек демалысына» шыққандай, беймарал жүрген шақ болатын. Aiqyn-ға келген соң баяғыдай күн сайын қауырт жұмысқа араласып кеттім. «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмші Паттеевпен бірге оқығанбыз. Шәкең әрдайым «Күн сайынғы газетті қалай шығарасың?» деп таңырқап отырушы еді. Сонда Шәкеңе «Сіздің орныңызда болсам, аптасына бір рет шығатын газеттің төрт нөмірін бір аптада дайындап, қалған үш апта шетелге барып, демалып жүрер едім» деп әзілдеп те қоятынбыз. 2009 жылы Aiqyn газеті «Нұр-Медиа» холдингінің құрамына өтті. Сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусиннің жетекшілігімен өткен кеңесте Aiqyn және «Литер-Media»-ға қарасты «Литер», «Қазақстан теміржолшысы» газеттері «Нұр Отан» партиясының құрылтайшылығымен құрылған «Нұр Медиа» медиа-холдингінің құрамына толық кірді. Партиялық газетке айналса да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауды назарынан шығарған жоқ. Жазатын негізгі тақырыптар – саясат, экономика, әлеумет, спорт, халықаралық саясат... Әрбір он екі жыл – бір мүшел есебінде. Республикалық Aiqyn газетінде 12 жылға тарта уақыт жұмыс істеппін. Аз уақыт емес. Қазақтың жыл санауы бойынша әр мүшел біткесін жаңа өзгерістер болмай тұрмайды. Сондықтан Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалуымды өзіме артылған үлкен сенім деп білемін. «Сіз жазуды жоғалтып алмайсыз ба?» деп тілшілер сұрап жатады. Міне, қырық бес жылдың бедерінде қазақ журналистикасына қал-қадарымызша үлес қосып келеміз. Жазу – біздің ата кәсібіміз. Жазуды жоғалту – өзіңді жоғалту. Сондықтан қолдағы қалам қызуын суытқым келмейді. Бұрынғыдай жиі жазбасам да жазудан қол үзгенім жоқ. Aiqyn мен «Литер» газеттерінің Астанаға көшуі үлкен оқиға болды. Сол кездегі жетекші партия Төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың тікелей қолдауымен екі редакция Астана төріне қоныс аударды. «Нұр-Медиа» холдингінің директоры Ләззат Танысбай батыл шешім қабылдап, газет тілшілерінің қоныс аударуына жағдай жасады. Журналистер пойызға отырып жатқанда Мемлекет басшысы халыққа Жолдауын жариялаған еді. Вагонда келе жатып, жылдам ақпарат жинау әрекеті жасалды. Бізге тапсырылған тапсырма – «Газет бір күн тоқтамай шығуға тиіс!». Осылайша, көшіп келе жатып та газеттің шығуын тоқтатпай жұмыс істедік... Еліміздегі ең беделді де белді басылымдардың біріне айнала отырып, бұқаралық ақпарат беру кеңістігінде ақ желкенін керіп, өз орнын тауып, өзінің тұрақты оқырманын қалыптастыра білген басылым. Редактор ретінде газетті қызықты және мазмұнды етіп шығару жөнінде ойларымды жиі ортаға салып, қаптаған жиналыстар өткізбей-ақ, тілшілермен қойын-қолтық араласып жүріп-ақ шығардық. Жұмысқа «ойнап келіп, ойнап кететін» жақсы шығармашылық ахуал қалыптасты. «Өлмейтін, ескірмейтін мақалалар жазыңыздар» деп қоятын едім талапты. Aiqyn газетінде жарық көрген материалдар кейін жинақталып, оқырман қолына кітап болып тиіп жатты. Гүлнәр Тәжиеваның «Өмір өткелдері», Ермахан Шайқының «Аққудың сыңары» тәрізді кітаптар оқырман көзайымына айналды. Aiqyn-ның кітапханасы» сериясын әлі де жалғастыруға болады... 2017 жылы «Үздік республикалық баспасөз басылымы» номинациясында «Үркер» ұлттық сыйлығымен марапатталды. Газет шығару – ұжымдық еңбек. Бұл бір оркестр сияқты. «Оркестрдің» дұрыс ойнауы – дирижерге ғана емес, сол оркестрдің әр мүшесіне тікелей байланысты. Сондықтан ұжымдас әріптестерімнің маған қолдау көрсеткеніне, сенім артқанына әрдайым ризашылық білдіремін. Aiqyn мен «Литердің» шыққанына да 20 жыл уақыт болып қалыпты. Республика ақпарат кеңістігі үшін бұл үлкен оқиға. Орайы келіп тұрғанда барша әріптестерімді осы мерейлі мерекемен құттықтаймын. Aiqyn-ның ақ кемесі ақпарат айдынында желкенін кере берсін!
Нұртөре ЖҮСІП