Ағаға қарап бой түзеуші едік...
(Алаштың ардақты ақсақалы, Отырар өңірінің экономикасы мен руханиятының дамуына зор үлес қосқан ардагер, ауданның тұңғыш энергетигі, зерттеуші-өлкетанушы, шежіреші-қаламгер, Отырар ауданының құрметті азаматы Сағындық Қыдырұлы ағамызды еске алу)
Күллі саналы ғұмырын өзінің туған жеріне, туған еліне, туған тіліне адал, абыройлы қызмет етуге арнаған абзал азаматтар болады. Қасиетті Отырар топырағының сондай бірегей перзенті, ел ардақтысы – Сағындық ағамыздың ғибратты ғұмырына бала кезімізден қызығып өстік. Өткен ғасырдың 60-жылдары біздің ауылдан шыққан алғашқы үш интеллигент-инженер Сағындық Қыдыров, Нұрғали Сарыпбеков, Мақашбек Әлімбеков ағаларымыз еді. Үшеуі де Ташкентте оқып, жоғары білім алып, елге келіп қызмет істеді, үлкен жетістіктерге жетті. Біз бала күнімізде сол кісілердей болсақ деп армандаушы едік, соларға қарап көп жастар бой түзедік.
Сағындық аға кешегі сұрапыл соғыс қарсаңында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Іңгәлаған сәби шағынан қазыналы қарттығына дейін кіндік кескен жерінен мүлде ажырамаған атамыздың тағдыр-талайы да, дәм-тұзы да, бақытты да бақуатты өмірі туған топырағымен біте қайнасып жатыр. «Адамзат қауымы жер үстіндегі жолаушы сияқты. Олар бірінің ізін бірі басып, ылғи жол үстінде келеді. Бұл – адамзат жолы, біздің өткен бабаларымыздың жолы, бұл – олардың тарихының жолы» деп қаламгер қарт өзі жазып кеткендей, ғұмыр жолы, жалғандағы жарығы да көне Отырардан басталып, сол топырақта өніп-өсіп, бақиға барар жолын да осы жерге бұйыртқаны Жаратқанның оң назары түсіп, өз қалауымен сүйікті пендесіне жасаған үлкен сыйы шығар, кім білсін! 1957 жылы Арыстағы орта мектепті үздік бітіріп, арман қуып, Ташкенттегі Орта Азия политехника институтына энергетика мамандығы бойынша оқуға түседі. Бес жылдан кейін оқуын қызыл дипломмен аяқтап, еңбек жолын Самарқандағы Орта Азия газ магистралінен бастайды. Екі жылдан кейін жас маман Шымкенттегі ғана емес, Одақтағы алып өндіріс – фосфор зауытына подстанса басшысы болып ауысады. Білікті маманға тез арада қала орталығынан пәтер беріледі. Ол жерде тәп-тәуір қызмет істеп жүре беруіне болар еді. Бірақ ауылда тұратын қартайған әке-шешесінің жай-күйі ой-санасынан кетпей, оның үстіне туған жерінде мүмкіндік бола тұра, білікті мамандар жетіспегендіктен, біртұтас электр желісі қосылмай тұрғаны да қабырғасына батып, Шәуілдірге жұмысын ауыстырып, Ақтөбедегі ата-анасын қолына көшіріп алды. Ол кезеңде Отырар ауданында энергетика саласы енді ғана қарқын ала бастаған-ды. Сағындық ағамыз аудандағы ең алғашқы жоғары білімді инженер-энергетик маман болып, осы саланың дамып-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын, шалғайдағы малшы ауылға дейін жарық жеткізгенін күллі отырарлықтар ешқашан ұмытпайды. Он жылдан астам жемісті басшылық жасаған аудандық электр желілері мекемесін қуатты, үлкен ұжымға айналдырды. Тұңғыш ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтынбеков осы өңірде канал қаздырып, тіршілік нәрін әкелсе, Сағындық Қыдыр электр желісін тартып, жарық пен жайлылық жеткізді деп айтады отырарлықтар. 1981-1996 жылдар аралығында Шәуілдірдегі ең ірі автокөлік мекемесін жемісті басқарды. Заман талабына сай үлкен мекеменің меншік түрі өзгергенде де әділетті шешім қабылдануына ұйытқы болды. Сол жерден зейнет демалысына шықты. Зейнеткер атанған соң қарап отырмай шаруа қожалығын ашып, оның жұмысын жемісті жүргізді, біраз жастарды фермерлікке баулыды. Сонымен қатар елдегі рухани-қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, қасиетті Отырар өңірінің тарихы, этнографиясы, әдебиеті, өнері және тұтастай алғанда мәдениетін өркендетуге қажыр-қайратын, күш-жігерін аямай жұмсады. Отырар өңірінің шежіресіне, тасада қалған тұлғаларына қатысты тың деректерді мерзімді басылымдарда үзбей, тұрақты түрде жариялап отырды. 85 жасқа қараған шағында фәниден бақиға аттанған ел ардақтысы – «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Сағындық Қыдырұлы ағамыздың сан түрлі қыры бізді әлі күнге дейін қайран қалдырады. Тарихқа аты ойып жазылған киелі Отырар жерінің тарихы мен этнографиясын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің жазу мен ойлау қуаты айрықша еді. 2020 жылы жарыққа шыққан «Өмір өткелдері» және 2023 жылы басылып шыққан «Асулар» атты екі кітабы – осы сөзіміздің нақты дәлелі. Ең бастысы, өз өмірінде кездескен жандардың бәрінің шынайы тағдырын, өңірдің шағын ауылдарының шежіресін, тұлғаларын қасиетті қаламымен тасқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдырды. Бір сүйсінетінім, Сағындық ағамыз шұрайлы Шілік өңірін мекендеген аталардың шежіресін қолмен қойғандай етіп, ұқыптап жинап, тарихи оқиғалардың желісіне салып отырып, ғажайып кемелдікпен, білімдарлықпен жас ұрпаққа жеткізіп кеткені дер едім. Біздің ауылдағы, Шілік-Ақтөбе елді мекенінде, Ақтөбе, Бұзықтөбе, Сүйінбайарық, Беларық, Макібайарық, Тыма деген жер-су атаулары бар. Солардың барлығының тарихын Сағындық аға өте жақсы білетін-ді. Ғылыми негіздемемен айтып, түсіндіріп беруші еді. Кей кездері қандай да бір мәселе туралы ойлаған сәтте: «Қайран, Сағындық аға. Сіз өмірде болғанда осы мәселенің мәнісін сұрап алар едім» деп ойға шомамын. Бізге қазір Сіз сияқты кемеліне келген, ой-санасы телегей-теңіз қазыналы қария жетіспейді. «Қазақта текті әулет деген сөз бар. Текті деген сөздің арғы жағында тәрбиелі, иманды, білімді, тәртіпті деген мағына жатса керек. Текті әулеттің басында текті кісі тұрады. Ол өзінен тараған ұрпағын, ағайын-туысын, әулетін, керек болса ауылын, айналасын текті етіп тәрбиелейді. Тектілік оның жүрген жүрісінен, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, елмен қатынасынан айқын аңғарылады» деп жазады Сағындық аға «Асулар» атты кітабында. Осы ой-пікірінде айтып жеткізгендей, өзі де әулетін, ауылын, айналасын тектілікке тәрбиеледі. Отбасында өмірлік қосағы Тазагүл Әбікқызы анамызбен бірге 4 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөбере көрді. Бұл отбасы қалың елдің ықыласына бөленген Еркін Қыдыр, Уәли Қыдыр сияқты қаламы қарымды журналистерді берді. Бұл – бабалар жолын берік ұстанған, туған ауылынан тамырын үзбеген қазақы, текті адамның өмірінің жалғасы, көрген бақыты. Көзі тірісінде қолынан қаламын тастамай, ел мен жердің тарихын, бүгіні мен ертеңін хатқа түсіріп, артына өлмейтін, өшпейтін ұлы сөз қалдырған абыз ақсақалдың үшінші кітабы – елін сүйген перзентінің екінші мәңгілік өмірінің басталғанының белгісі деп ойлаймын. Артына өлмейтін сөз қалдырған абыз ақсақалдың жаны жұмақта болғай!
Әлімжан ҚҰРТАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері