Тарихи-рухани ескерткіштер – ұлттық брендіміз
Тарихи-рухани ескерткіштер – бізді шетке, өзгеге танытатын ұлттық брендіміз! Ендеше, оларды қамқорлыққа алып, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет.
Елімізде ұлтына ұран, халқына қорған болған тұғырлы тұлғалардың ізі аз емес. Мәселен, Қазақ хандығының алғашқы астанасы, ежелден қарт Қаратау мен Сырды қауыштырып, алуан мәдениеттерді тоғыстырған, руханияттың нәрлі ошағына айналған киелі өңір, шежіре дәстүрде аты Қазақпен қатар аталатын қазыналы Созақ – Қожа Ахмет Ясауидің арғы бабасы Ысқақ бабтың, Қарахан мемлекетін билеген Тамғаш Хасан Боғра (Қарабура) ханның мәңгілік мекені.
Академик Бартольд: «Хасан Тамғаш Боғра хан Қарахан дәуірінде медресе, кітапхана, аурухана салдырып, ғылым, өнер, мәдениет саласын биік белеске көтерген ірі қайраткер» деп бағалайды. Қарахан елінде ғалымдар мен әулиелерге жағдай жасап, өзі де рухани жолды ұстағандықтан, жұрт оны ұлы әулие санаған. Әйгілі Жүсіп Баласағұнның «Құтты Біліг» туындысы осы Боғра ханға арналып жазылды. Өкініштісі, Жүсіп Баласағұнның кім екені және қайда жатқаны әлемге аян, ал Боғра хан бүгінде ұмыт болған. Сондай-ақ мұнда Алтын Орда хандарына рухани ұстаз болған Баба Түкті Шашты Әзіздің (Баба Туклас), Керей-Жәнібек, Хақназар сынды алғашқы қазақ хандарының қорымы жатыр деп болжанады. Ол туралы: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде Созақ кентімен аттас қала жұрты бар, ол қазақ жерлерін біріктірудің бастапқы кезеңінде Қазақ хандығының тірек қаласы болған. Бұл қала хандық тұсында ірі сауда-қолөнер орталығы ретінде маңызды рөл атқарған, деп жазған академик Әлкей Марғұлан 1946 жылы қазба барлау жұмыстарын жүргізіп, көне шаһардың бес мәдени қабатын анықтаған болатын. Созақтағы XIX ғасырда негізі қаланған Шахи-Ахмет Ишан мешіті – ғажап ғимараттың бірі. Мешітті салған шеберлер Орталық Азия мен Еділ бойындағы сәулет өнерінің үйлесімін ұтымды бере білген. Алайда осы кешендердің көбі жойылған, енді бірі бастапқы келбетінен қатты ауытқыған, кейінгі демеушілер тарихи орындарды қалауынша өзгерткен. Төңіректеріне бай-бағландардың бейіттері орналасқан. Сол сияқты сансыз бабтар мекені Сайрамда қастерлі орындар қараусыз жатыр. VIII-IX ғасырдан қалған көне қорымның бір шетін базар басып барады. Мұнда 1917 жылға дейін 50-ден аса мешіт болған екен. Бұл беріге дейін сақталғандардың саны, ал жазба деректерде Сайрамда жүздеген мешіт болғаны айтылады. Солардың ішіндегі ең көнелері Ыдырыс хазірет, Қызыр хазірет және әл-Ғайб мешіттері. Сонымен қатар Қ.Ясауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ана, Абдул-Әзиз баб, Қызыр пайғамбар қабірлері Сайрамда сақталған. Бағзы Исфиджабтан жеткен осы тарихи-рухани нысандарды сақтау қажет. Сондықтан көне Сайрам мен Созақтағы рухани ескерткіштерді сақтау ісін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайына тапсыруды ұсынамыз. Әулие-ата мен Жетісу, Сыр бойы мен Арқа және өзге де өңірлерде жағдай осыған ұқсас. Мәселен, Қазақстандағы 25 мың ескерткіштің жартысына жуығы орналасқан Маңғыстау өңірінде мұралардың көбі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілгенімен, оларды қарауға маман жетіспейді. Мәдени қабаттарды «қара археологтар» мен бұзақылар түрлі вандализм арқылы бүлдіріп жатыр. Жеті жұрт көшкен маңғаз мекендегі қорымдардың қоршау аумағына заңсыз құрылыстар, бейіттер салынып кеткен. Оларға қарсы қолданыстағы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану» заңы қауқарсыз. Айыппұлы небәрі 30 мың теңге ғана! Ұлытауда Жошы кесенесінің жанына әлдебір қалталы жақынын жерлеп кеткен, енді нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу мүмкін болмай тұр. Киелі жерлер шырақшылардың күнкөріс көзіне, бақсы-балгерлердің ордасына айналған. Олардың кейбірі тарихи орынды сақтап отырғанымен, арнайы білім, ереже-қағидаттары мен стандарты жоқ. Тіпті, ұлтқа ұран болған Бекет ата – жекенің меншігінде! Пір Бекет – бір әулеттің ғана айбары емес, ол – бар қазақтың байрағы! Халықтың рухани қалпы мен салтын қалыптастырған мұндай тұлғалар мекені мемлекет қарауында болуға тиіс! Елімізде рухани ескерткіштерді қорғауға айрықша көңіл бөлу қажет. Өйткені біріншіден, олар біздің мәңгілік мұрамыз, баға жетпес байлығымыз! Екіншіден, рухани ескерткіштер – біздің таным-тарихымыз. Оны аңыз арқылы емес, кешенді зерттеу арқылы білуге тиіспіз. Сонымен қатар оларды сақтау үшін реставратор, консерватор сияқты мамандарды даярлау керек. Маман тапшы болғандықтан, Қ.Ясауи кесенесі бүліне жаздағаны белгілі. Үшіншіден, рухани орындар – ұлттың иммунитетін қалыптастырады. Сондықтан олар – тағылым мектебі болуы керек. Расында, дәстүрлі түсініктен алшақтап, өзгенің қаңсығын таңсық көріп адасып жүргендердің ақиқаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салты мен қалпында. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қалқанымыз – діңгекті дәстүр мен рухани бұлақ көздері зерделене бастаса, деструктивті теріс ағымдардың жолын жабуға септеседі. Бұл ретте, әлбетте, сананы сауықтыратын, адасқандарды айықтыратын рухани шаралар кешенін жүйелі жүргізу үшін мәйекті мәдениетіміз, телегей теңіз мол мұрамыз, ұлтымыздың айбынын асырған ұлағатты тұлғаларымыздың шарапатты жолы, солардың көзіндей киелі өлкемізде сымбат түзген ежелгі ескерткіштеріміз бен Қыдыр дарыған қасиетті орындардың орны бөлек. Төртіншіден, тарихи-рухани ескерткіштер – бізді шетке, өзгеге танытатын ұлттық брендіміз! Ендеше, оларды қамқорлыққа алып, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне ұсыну ісін жүйелеп, жеделдету қажет. Бесіншіден, киелі жерлер – рухани туризмнің ошағы. Мәселен, тарихи-рухани орындарына былтыр 7 млн-ға жуық турист тартқан Өзбекстан осы саладан 2 млрд доллар табыс тапқан. Мемлекет басшысы 2019 жылы Ұлытауда «Біз ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деп елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырғаны белгілі. Сондықтан киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды дамыту, жол салу, қонақүйлер, визит орталықтарын ашу, экологияны реттеу, ақпараттық насихат жұмыстарын арттыру, интернетпен қамтамасыз ету сияқты іргелі жобаларды жүйелі жүзеге асырған жөн деп ойлаймыз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Сенат депутаты