Жаңалықтар

Мемлекетке 22 млн теңге шығын келтірген басқарма басшысы сотталды

freepik

Прокурорлар Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Жетісу облысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.

Жетісу облысының прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы еріген судың шайып кетуінен қираған Кербұлақ ауданы Малайсары бекетіне апаратын жол қоғамның наразылығын тудырған.

Прокурорлық тексеру барысында аталған аумақта жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Осыдан кейін арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Тергеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттар жасалмағанын, ал сараптама ағымдағы жөндеу шаралары ретінде көрсетілгенін анықтады. Соның салдарынан су бұрудың сыйымдылық қуаты есептелмеген, жұмыс сапасыз жүргізіліп, оның салдары жолдың бұзылуына әкепсоққан.

Мемлекетке келтірілген шығын 22 миллионнан астам теңгені құрады.

«Өз кінәсін мойындағаннан кейін, сотталушының жасын және келтірілген зиянды толық өтелгенін ескере отырып, сот бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.