Жаңалықтар

Бүгін – Алғыс айту күні

Алғыс айту күні – бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке.

1 наурыз – елімізде Алғыс айту күні деп жарияланған.

Алғыс айту күні – бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Бұл кең құшақ құрмет – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне, халқымыз үшін айтулы ізгі дәстүрге айналды.

Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Жалпы, бұл күн қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш пен қайғыны қатар бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын сәті.

2016 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланғаны туралы жарлыққа қол қойды. Дәл осы 1 наурыз күні 1995 жылы елімізде Қазақстан халқы Асссамблеясы құрылған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 22 сәуірінде Ассамблеяның XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеуге не түрткі болғанын айтқан болатын.