Жаңалықтар

Шымкентте жолақы қымбаттай ма? – әкімдік жауап берді

Автобус. Фото: pixabay

Әкімдіктің баспасөз қызметі жолақының қымбаттамайтынын жеткізді.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық мәслихаттың наурыз айындағы сессиясының күн тәртібінен жолақыны көтеру мәселесін қарастыруды алып тастады. 

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде жолақының қымбаттайтыны туралы ақпарат тараған болатын. Онда электронды төлем 100 теңгені құраса, қолма-қол есептесу 200 теңге болатыны айтылды. Тіпті, бұл туралы ақпарат талқылау мақсатында «Ашық НҚА» порталынада жарияланған. 

Бүгін ресми ақпарат таратқан Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жолақының қымбаттамайтынын жеткізді. 

«Қоғамдық көліктердегі жолақыны көтеру маңызды мәселе және бұл жан-жақты зерделеуді талап етеді. Жол ақысын көтеру тасымалдаушылар тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарған, жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайларда ғана мүмкін болады. Алайда, азаматтардың кейбір санаттарына, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына жеңілдіктер беру мәселесі қарастырылады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған бағыттағы қазіргі жағдайларды мұқият зерделеп, қалалық мәслихаттың наурыз айындағы сессиясының күн тәртібінен жолақыны көтеру мәселесін қарастыруды алып тастау туралы шешім қабылдады» - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ әкімдік тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейтуді, автопарктерді жаңартуды жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Бұл ретте экологиялық ахуалды жақсарту үшін әлеуетті инвесторлармен электр автобустары мен маршруттарға қызмет көрсету және көліктің басқа да баламалы түрлерін енгізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл мәселелерді шешу және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау белгілі бір уақытты қажет етеді» - делінген ақпаратта.