Саясат

Мемлекет басшысы теміржол саласының ардагерлерімен кездесті

Кәсібиліктің арқасында теміржолшылар өздеріне жүктелген міндетті орындап келе жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының инновациялық бастамаларымен танысқаннан кейін, теміржол саласының ардагерлерімен жүздесті, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Олардың қатарында Қалтай Сәмбетов, Борис Есенаманов, Марат Хамзин, Болатбек Дүйсемәлиев, Қуаныш Котырев, Ескендір Рахметжанов, Оразғали Ахметбаев сияқты құрметті теміржолшылар болды.

Мемлекет басшысы аталған салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандармен теміржолдың даму перспективасы жөнінде пікір алмасты.

Өз кезегінде ардагерлер теміржол саласында кадр мәселесі көп нәрсені шешетінін айтты. Олардың пікірінше, темірдей тәртіп, еңбекқорлық, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын кәсібиліктің арқасында теміржолшылар өздеріне жүктелген міндетті орындап келе жатыр.

Сонымен қатар олар көлік саласы ел экономикасында жетекші рөл атқаратынын атап өтіп, соңғы жылдары жүк тасымалының көлемі ұлғая түскенін, арнайы Көлік министрлігін құру нәтижесінде саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.  

Ардагерлер биыл негізі қаланғанына 120 жыл толған, ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол тоқтаусыз жүре берсін деген тілекпен Мемлекет басшысына шойынжол қызметкерінің қолшамын тарту етті.