Қоғам

Директор қызметінен босатылды: Алматыдағы мектептердің бірінде оқушылар тапталып қалған

depositphotos.com. Оқушылар

Абырой болғанда ешбір оқушы зардап шекпеген.

Алматыдағы мектептердің бірінде гардеробтан киімдерін алуға барған оқушылар тар жерде қысылып, бір-бірін таптап кете жаздады. Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлады turkystan.kz.

Жағдайға қатысты қалалық білім бөлімі түсініктеме берді.

Sputnik.kz сайтының мәліметінше, оқиға 27 ақпанда №41 мектепте болған.

«Бұл мектепте екі ауысымда 1426 оқушы оқиды, жобалық қуаты 870 орын. Мектептің төменгі қабатында орналасқан гардеробта оқушылар шамадан тыс жиналған. Мұның себебі – көрсетілген күні оқушылардың киіну процесін дұрыс ұйымдастырмау», - дейді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Басшының айтуынша, мектепте бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Абырой болғанда ешбір оқушы зардап шекпеген.

Оқу процесін ұйымдастыруда бақылауды әлсіреткен мектеп директоры қызметінен босатылды.

Бұл мектептегі орын тапшылығы проблемасын шешу үшін 2023 жылы Самғау-2 шағын ауданда 2000 орындық жайлы мектептің құрылысы басталды, дейді Ләззат Жылқыбаева.