Спорт

Қазақстан спортшылары Сурдлимпиада ойындарына аттанды

bassport.kz

Қазақстан тарапынан осы қысқы ойындарға 26 спортшы қатысады

Бүгін,  27 ақпанда есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтетін XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына ұлттық құраманы ресми шығарып салу рәсімі Алматы қаласында өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Осымен 20 рет жалауы көтерілетін қысқы Сурдлимпиада ойындары Түркияның Эрзурум қаласында 2-12 наурыз аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыста тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 комплект медаль ойнатылады.

BasSport.kz сайтының дерегінше, Қазақстан тарапынан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады. Салтанатты рәсімде дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директорының міндетін атқарушысы Ержан Естаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Көк байрағымызды желбіретіп, халықаралық жарыста өнер көрсету - әр спортшы үшін теңдесі жоқ мүмкіндік. Осы сәтке жету үшін сіздер көп еңбек етіп, талай белесті бағындырдыңыздар. Жарысқа дайындалу мақсатында 6 республикалық жарыстан және 9 оқу-жаттығу жиындарын өттіңіздер. Ендігі жарыста лайықты өнер көрсетіп, өз біліктіліктерінді барынша көрсету өз қолдарынызда. Біз сіздерге сенеміз», - деді Ержан Есімханұлы өз сөзінде.

Оған қоса, шара барысында қысқы Сурдлимпиада ойындарының ашылу салтанатына еліміздің туын ұстап шығу мәртебесі шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Сұлтан Қожахметовке тапсырылды. Спортшыға туды Сиднейде өткен жазғы олимпиада ойындарының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов табыс етті.

«Шахматпен айналысқаныма 10 жылдан астам уақыт болды. Биыл алғаш рет қысқы сурдлимпиада ойындарына қатысқалы тұрмын. Бұл жарыста еліміздің туын ұстап шығу мен үшін үлкен абырой. Ел үмітін ақтап,үздіктер қатарында болуға барлық күш жігерімді саламын!», - деді Сұлтан Қожахметов.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы алғаш рет 2015 жылы қысқы Сурдлимпиада ойындарына қатысты. Ал, 2019 жылы Италияның Сондрио провинциясында өткен ойындарда Қазақстан өзінің алғашқы алтын медалін жеңіп, жетінші орыннан көрінді.