T-LIFE

Ауыз уылудың белгілері мен емі

Ауыз уылу. Фото: pixabay

Бұл ауру дәрумендердің жетіспеуінен, тазалық сақтамаудан, уланудан, жұқпалы сырқаттардан туындайды.

Медицина тіліндегі «стоматит» ауруы – ауыздың кілегейлі (шырышты)  қабығының қабынуы. Бұл ауру балалармен қатар ересектерде де жиі болады. Осы орайда сіздерге ауыз уылу неден пайда болатынын және оны емдеу жолдары жайлы ақпаратты ұсынамыз.

Үш түрі бар:

Қызыл иек ісініп қанайды, сілекей көп ағады, кейде ауыздан жағымсыз иіс шығады.

Шырышты қабық пен қызыл иектің әр жері күлдірейді. Сырқат адам қорғанып, тамақ іше алмай қалады.

Ауыз ішінде шыққан бөртпелер іріңдеп, шіри бастайды. Сөйтіп науқастың жағдайы ауырлайды.

Қалай пайда болады?

Бұл ауру дәрумендердің жетіспеуінен, тазалық сақтамаудан, қант диабетінен, ас қорыту ағзаларының, жүрек-қантамырлары ауруына, уланудан, жұқпалы сырқаттардан туындайды. Сондай-ақ тіс ауруларын дер кезінде емдемеуден, ыстық тамақтан күйіп қалудан да пайда болады.

Қалай емдеуге болады:

Ең алдымен дәрігерге көірніп, емдету керек. Диета сақтау қажет. Қышқыл, тұзды, ащы, тағамдарды пайдаланбаған жөн.

Алғашқы кезде дәруменді шай ішкен жақсы. Шырғанақ (жемісі) — 40 г; қарақат (жемісі) – 40 г; итмұрын (жемісі) — 50 г; қарлыған (жемісі) – 50 г. Қоспаның 10 ас қасығын 1 л қайнаған суға (термоска) қосып, 2 сағат тұндырып қояды да (жемістерді езу керек), сүзіп алады. Тамаққа дейін 30 минут бұрын ½ стақаннан күніне 3-4 рет ішеді.

Сырқат басталған кезде ауыз қуысын ашудаспен сүйкесе, ауру одан әрі күшеймейді.

Жараға айналған стоматит кезінде ақжелектің (хрен) сөліне жартылай су қосып, ауызды шаяды.

Дереккөз: Наурызбай Ақбай «Шипалы өсімдіктер термині» кітабынан.