Спорт

Недовесов Мексикадағы турнирдің финалында жеңіліп қалды

on.kz

Бұл қазақстандық теннисшінің биылғы маусымдағы ATP додаларындағы алғашқы финалы болатын

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Лос-Кабос (Мексика) ATP 250 турнирінің финалында жеңіліс тапты, деп хабарлады turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге соңғы бәсекеде жарыстың 4-ракеткалары, аустралиялықтар Макс Перселл – Джордан Томпсонмен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте аустралиялық жұп брейк жасап кетті – 7:5.

Екінші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді, бұл жолы да аустралиялықтардың асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:2).

Бір сағат 38 минутқа созылған бәсеке барысында А.Недовесов – Г.Эскобар 3 эйспен бірге 1 брейк-пойнтты пайдалана алды. Қарсыластары 5 эйс, 2 брейкке (6 брейк-пойнт) қол жеткізді. Бұл қазақстандық теннисшінің биылғы маусымдағы ATP додаларындағы алғашқы финалы болатын.