Қоғам

Жетісу облысында баланы қағып өлтірген әкім сотталды

iStock

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ

Жетісу облысында баланы өлтірді деп айыпталған ауылдық округтің әкіміне қатысты үкім шықты, деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Сотталушы 2,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қоғамда үлкен дау тудырған істі Ескелді аудандық соты қарады. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша тергеу жұмыстары жүргізілді.

Сотта анықталғандай, сотталушы 2023 жылғы 2 қарашада сағат 20.00 шамасында Ескелді ауданы Биғаш ауылында Hyundai Creta маркалы автокөлігін жүргізіп келе жатып, кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Бала алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған.

Жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты. Марқұм баланың ата-анасы моральдық және материалдық шығын толығымен өтелгенін айтып, оны кешірген. Олардың сотталушыға деген талаптары жоқ және оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Сот сотталушыны кінәлі деп тапты және ауырлататын мән-жайлардың жоғын және кінәні толық мойындағаны, жасаған ісіне шын жүректен өкінетіні, алғаш рет қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, моральдық зиян мен материалдық залалдың орнын толтырғаны, сотталушының асырауында кәмелетке толмаған бес баланың болуы, оның үшеуі кәмелетке толмағаны, олар үшін жалғыз асыраушы екені, жәбірленушілердің бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау туралы ұстанымдары ескеріліп, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолдана отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде, көлік құралдарын басқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, жаза тағайындады, - деп хабарлады соттағылар.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 2 қарашасында Кербұлақ ауданына қарасты ауылдық округтердің бірінің әкімі болып қызмет ететін 39 жастағы әйел Hyundai Creta көлігін жүргізіп келе жатып, 13 жастағы оқушыны қағып өлтірген болатын.

Оқиға көршілес Ескелді ауданындағы Биғаш ауылында болған. Факт бойынша тергеуді облыстық полиция департаменті өз өндірісіне алып, ерекше бақылауға алды.