Кванттық физикамен айналысатын әлемдегі жалғыз офтальмолог – қазақ
"Басқа елде жоқ бұл технология біздің елге бірінші болып жетсе деймін. Біз қашанға дейін дамушы ел болып жүре береміз? Біз де дамыған ел болайық. Біз де еңсемізді тіктеп, алдыңғы қатарда тұрайық. Ол үшін бізде бәрі бар ғой. Қаражат та, әлеует те. Ресурс та бар. Құдайға шүкір, кедей ел емеспіз. Тек осыны тиімді пайдалана білу керек".
Қарағандылық Мұхит Құлмағанбетов бір ай бұрын Гонконгтегі кванттық оптика зертханасының жетекшісі қызметіне тағайындалды. С.Асфендияров, Кардиф университеттерінде білімін жетілдірген офтальмолог маман 7 елден келген 7 маманмен бір топта әлемде жоқ құрылғыны жасақтап шығарған. Әрі ол 2018 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Донна Стриклендпен бірлесіп ғылыми жоба әзірлеуде. Алдағы уақытта Канада, Гонконг, Англияда жиған-тергенін елдегі жас мамандарға үйретіп, жеке клиника ашқысы келетін Мұхитқа хабарласып, әңгімелескен едік.
– Дәрігерлер отбасында тәрбиеленіп-өскен сіз бала кезден нейрохирург болуды армандаған екенсіз. Кейін офтальмолог мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды? – Медициналық университетке түскен кезде көп нәрсені біле бермейміз ғой. Елдің құлағында не жүр, соны таңдауға тырысамыз. Әр сарбаз әскерде жүргенде, жоғары шенді армандайды ғой. Сол секілді біз де өз саламыздағы ең беделді мамандықты игеруге тырысамыз. Ақ халатты киіп алып, қолға түрлі құрал ұстап, адамның ең күрделі органына ота жасау – менің ғана емес, медуниверситетке түскен әрбір студенттің арманы. Әсіресе, көп талапкер кардиохирург немесе нейрохирург болғысы келеді. Бастапқыда бұл қиял қалпында жүреді, сосын оқи келе әрбірінің қабілеті ұштала түскен кезде, медицинаның мүлде басқа саласына ден қояды. Хирург болуды мақсат еткен құрдастарымның бірі қан көргенде шыдамаса, енді бірі науқастың қайтыс болғанын жүрегіне жақын қабылдайды. Ал менің таңдауымды өзгертуге себеп болған бірнеше жайт бар. 4-курс оқып жүргенде маған дәрігерлер глаукоманың даму қаупі бар деген диагноз қойды. Сол кезден бастап мидан гөрі көздің құрылысын зерттеуді қолға алдым.
Оған қоса, бізді студент кезде түрлі ауруханаға, түрлі бөлімге жіберетін. Сол кезде науқастардың «Жанарымды алғанша, жанымды алсаң етті» дегенін жиі еститінмін. Әсіресе, егде жастағылардың дәрігердің алдында «Немеремнің түр-әлпетін, күлгенін көргім келеді» деп жылап отырғанын сан рет көрдім. Көзі онша көрмейтін және зағип жандардың осылай көз жасын көл қылып отырғанын бақылаған сайын көру қабілетінің маңызын терең түсініп, бұл фәнидегі басты арман көз жанарынан айырылып қалмау екенін ұғындым. Сөйтіп, сол жанарды «түзетіп» жүретін маман болуды мақсат еттім. Оған қоса, өз көзімнің саулығын ойлап, зерттеу жасағаным да ықпал етті. Соқыр болып қалмай тұрғанда әлемді аралағым келді. Бүгінде сол кезде діттегенімнің бәрі іске асты. Қазір мен – әлемді аралап жүрген офтальмологпын (күліп). – Кардиф университетінің (Ұлыбритания) грантын жеңіп алу тіпті британдықтардың өзіне қиынға соғып жатады. Ал сіз ол шәкіртақыны қалай иелендіңіз? – Студент кезде Ұлыбританияға конференцияларға барғанда Кардифте жұмыс істейтін профессорлармен танысқанмын. Олар «Бізге келіп оқы» деп үнемі шақыратын. Алайда ол кезде мен шетелге кетуді еш ойламадым. «Сәті келгенде көрермін» деп жүре бердім. Бірақ олар қайта-қайта хабарландыру жіберіп қоймады. Мейлі, бағымды сынап көрейін деп құжаттарымды тіркедім. Ақырында 600 талапкердің ішінде бағы жанған 7-еудің бірі атандым. Сөйтіп, Кардиф университетінің докторанты атандым. Ондағы профессорларым оқу бітірген соң сонда қалып, жұмыс істегенімді қалады. Оқу бітіруге жақын қалғанда Ұлыбританияның бірнеше университеті бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Алайда одан ертерек, 2-курста оқып жүргенімде Канададан жақсы бір ұсыныс келіп түскен еді. Ғылыми жұмыстарымды жіті зерттеген олар инженерия мен физикадан хабардар офтальмолог іздеп жүр екен. Оларға жай офтальмолог емес, инженер-офтальмолог керек болды. Ал мен Кардифте оқып жүргенде офтальмологиядағы автоэлектроника бағытын зерттеп, оптикалық құрылғылар құрастыруды үйренгенмін. Канадалықтар хабарласқан кезде оптикалық когерентті томограф құрастырып жүргенмін. Олар «Сенің жұмысың туралы естідік» деп жұмысқа шақырды. Алайда мен «Алдымен оқуымды аяқтап алайын» деп кідірте тұрдым. Сосын оқу бітірер кезде олар «Гонконгте жаңа зертхана ашылғалы жатыр. Егер келіссең, сені сонда жібереміз. Бірақ жылына бірнеше рет Канадаға келіп тұруға тиіссің. Сен бізге де керек мамансың» деп ұсыныс айтты. Ойлана келе, Канаданың орнына Гонконгке баруға келістім. Гонконгті таңдауымның басты артықшылығы – мұнда өз зертханамды жасақтауға және оның жетекшісі болуға мүмкіндік болды. Екіншіден, бұл елде жасап шығарған құрылғыңды коммерциялауға болады. Мемлекет, басқа демеушілер мұндай инновацияны қос қолдап қолдайды. Канададағы профессорлармен тығыз жұмыс істеймін, бірақ негізгі базам Гонконгте орналасқан. Жарты жыл Канадада, жарты жыл Гонконгте жүремін. Осылайша, екі елдің арасында шапқылап жүргеніме 2 жылдан асты. Биыл қаңтарда дәрежем жоғарылап, аға ғылыми қызметкер атандым. Әрі зертхана жетекшісі қызметіне бекітілдім. Әдетте, мұндай лауазымға қол жеткізу үшін 5-6 жыл кететін. Бағыма қарай, мен бұл межені 2 жыл ішінде бағындырдым. – Инженер-офтальмолог дегенді бірінші рет естіп отырмын. Түсінуімше, сіздердегі басты мақсат офтальмология мен физиканы бір-бірімен ұштастырып, тың нәрсе ойлап табу ғой? – Басты мақсат – кванттық физикадағы түсініктер мен теорияларды офтальмологиялық бағытта пайдалану. Бұл екі ғылым бұрын-соңды бір-бірімен ұштаспаған. Сондықтан біз осы бос тұрған нишаны толтырғымыз келді. Канадада мені жұмысқа шақырған профессорлар – кванттық физиктер. Олар қайтсе де, офтальмологияға «кіруді» мақсат етті. Ал ол үшін командаларына офтальмолог қажет болды. Мені болмай шақырғаны да сондықтан. Біз екі жыл ішінде Гонконг пен Канадада бірнеше ғылыми жұмыс істедік. 1 жыл бұрын үлкен жетістікке жетіп, көз ауруларына диагностика жасайтын кванттық құрылғы ойлап таптық. Жалпы, көзге диагностика жасайтын түрлі аппарат бар. Біз де сондай бір құрылғыны жасап шығардық. Бірақ онда біз кванттық физиканың негіздеріне сүйендік. Ол ғылымда кванттық фотон деген жаңа концепция бар. Мұның адамзатқа берер пайдасы өте көп. Қазір бұл концепцияны басқа ғылымдар пайдалануды қолға алды. Алайда біз – әлем бойынша оны офтальмологиялық бағытта қолданған алғашқы ғылыми топпыз. – Мұндай негізде жасақталған құрылғыларға әлем қызығып отыр ғой, демек. – Дәл солай. Ол құралдарға әлем қызығып отыр. Мысалы, мен қазір Ұлыбританияда жүрмін. Мұндағы ғалымдардың шақыруымен жұмысымды көрсету осында үшін келдім. Келесі айда Швейцарияға, одан кейін мамырда АҚШ-қа шақырып жатыр. Былтыр желтоқсанда өткен Азиялық инновациялық жарыста алтын медаль ұтып алдық. Ғылым әлемінде атағымыз бірте-бірте шыққан соң, көп ел мен университет «Бізге де көрсетіңіздерші», «Бізге келіп жұмыс істеңіздерші» деп хабарласып жатыр. – Әлеуметтік желідегі жазбаңыздан байқағанымдай, командаңызда «әлемді жарған ғалым» жұмыс істейді екен. Отандық БАҚ сіздің Нобель сыйлығының лауреатымен бірге жұмыс істейтініңізді жарыса жазды. – Біздің топта менімен қосқанда 7 маман жұмыс істейді. Жетеуіміз де 7 елден келгенбіз. Жетеудің 4-еуі – физик, екеуі – психофизик және біреуі – мен, офтальмологпын. Үшеуіміз Гонконгте жұмыс істейміз, ал қалған 4-еуі Канадада зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бір-бірімізге барып тұрамыз. Олар бізге жарты жылға келіп жұмыс істейді, біз Канадаға барып, жарты жыл зерттеу жүргіземіз. Біздің топпен бірнеше бағытта бірлесіп жұмыс істейтін бірнеше ғалым бар. Біз оларды коллаборант ғалымдар деп атаймыз. Соның біреуі – 2018 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Донна Стрикленд. Ол – 80-жылдары лазерлік коррекцияны ойлап тапқан мықты ғалым. Сол еңбегі 2018 жылы бағаланды. Ол көп елді аралайды. Былтыр жыл ортасында Гонконгке мемлекеттің шақыруымен келген болатын. Сол кезде біздің топпен танысқысы келіп, хабарласты. Біз оны зертханамызға шақырып, қонақ қылдық. Ол біздің жұмысымызға қызығып, бірлесіп жұмыс істейміз деп ұйғардық. Қазір ол ғалыммен бір ғылыми жобаны әзірлеп жатырмыз. Мұның қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетер. – Сіздер жасақтап шығарған әлемде жоқ теңдессіз құрал – көз ауруларының симптомдарын ерте байқайтын құрылғы туралы қысқаша айта кетсеңіз. – Қазір біз макулярлы дегенерация ауруының алдын алу шараларын қарастырып жатырмыз. Бүгінде медицинада қолданылып жүрген құралдар аурудың асқынып кеткен кезеңіне ғана диагностика жасай алады. Алайда қазіргі құралдар аурудың ерте басталған кездегі сиптомдарын көре алмайды. Сондықтан қазір көбі дәрігерге науқас күйінде барады. Өйткені симптомдар білінбейді. Еш жері ауырмайды. Ал мұны арнайы тексерістен өткен соң байқаған дәрігерлер «Сізде мына ауру түрі баяғыда пайда болған. Біз мұны тоқтата алмаймыз. Көз жанарыңыз бүгін әлде ертең немесе бірнеше жылдан соң көрмей қалуы әбден мүмкін» деген шешім шығарады. Бүгінде офтальмолог мамандардың басты проблемасы бірдей. Қанша жерден тәжірибесі мол болса да, аурудың симптомдарын ерте байқауға мүмкіндік беретін құралдың жоқтығы. Ал біз сондай құралды құрастырып, қолданысқа енгізіп жатырмыз. Алдағы уақытта әлемнің офтальмологтары мұны өз клиникасында қолданатын болса, көз ауруларының симптомдарын ертерек байқау мүмкіндігіне ие болады. Біз жасақтап жатқан құрал – өте бағалы. Себебі мұны ерте байқамаса, прогрессивті түрде соқырлыққа алып келеді. Емі жоқ. Ал мұндай жағдайға жеткізбес үшін дәрігер симптомдарды ерте байқай білуі керек. Ерте байқаған дәрігер оны түрлі тәсілмен емдеп, жазып алады. Біз адамның көзіне жасамас бұрын клиникаға дейінгі зерттеу жүргіземіз. Мұнда біз тышқанға эксперимент жасаймыз. Оның көзіндегі ішкі тор қабығы арқылы кванттық фотонды өткізіп, мұның зияны мен пайдасын жіті зерттейміз. Егер оң нәтиже берсе, кейін оның адамның көзін емдеуге қолданамыз. – Тағы сол әлеуметтік желідегі жазбаңызда «белгілі болғандай, әлемде кванттық физикамен кәсіби түрде айналысатын жалғыз офтальмологпын» деген жазуды оқып қалдым... – Иә, біздің топ – әлем бойынша кванттық физика мен офтальмологияны бір-бірімен «қабыстырған» ең бірінші әрі жалғыз топ. Әзірше. Көптеген шетелдік БАҚ офтальмологиялық мәселені кванттық физика көмегімен шешетін команда деп біз туралы көп жазған болатын. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен – ол командада медициналық білімі бар жалғыз офтальмологпын. Алайда ел ауызында жүрген бұл ерекшелікті жарияға жар салып, айта бергім келмейді. Өйткені бұл – уақытша нәрсе. 8 млрд адам мекен еткен әлемде қаншама офтальмолог бар. Ерте ме, кеш пе, мен секілді офтальмологтардың қатары көбейетіні айдан анық. – Есесіне, мамандығы дәрігер бола тұра, физиктермен миға қонбайтын эксперименттер жасап жүрген сіз – құнды қызметкерсіз. Несіне мақтанбасқа? – Мені онсыз да командаластарым солай айтады. Мен физиканың «тілімен» сөйлей аламын, ал физиктер офтальмологияның «тілін» білмейді. Сондықтан олар маған «Біздің командадағы ең құнды актив – сенсің» дейді. Олар менің тілімді, яғни медицина тілін үйренгісі келмейді. Олардың саны, тәжірибесі де көп. Ал мен – жалғызбын. Олармен бір тілде сөйлесіп, бір ғылыми зерттеу жасау үшін олардың «тілін» меңгердім. Кардиф, Гонконг, Канадада жүргенде кванттық физиканы, инженерияны үйрендім. Қазір де үйреніп жүрмін. Бәрін білемін деп айта алмаймын. Гүлді үнемі суарғандай, өзің де түрлі дерекпен қоректеніп отырмасаң, мүйізі қарағайдай ғалымдар ертесі-ақ басқа офтальмологты тауып алады. Бұл істе бәсекелестік қызып тұр. «Жалғыз Мұхит біледі. Күніміз соған қарап отыр» демейді. Өкшемізді басып келе жатқан жас офтальмологтар ертең-ақ сені қуып жетеді. Сондықтан күн сайын ізденіп, білімің мен біліктілігіңді арттырып отыру – басты міндет. Әйтпесе, бәсі биік бәсекеден тез ұтылып қаласың.
– «Офтальмологтан сұхбат аламын» дегенді естіген таныстарым бәрінен бұрын мына сұрақты қоюымды өтінген еді: Көз ауруына шалдықпас үшін не істемек керек? – Ол үшін кемі жылына бір рет офтальмологқа қаралып тұруы керек. Мойындайықшы, біз көзіміз ауырып, қызарып, жасаурап тұрса немесе мүлде көрмей қалса ғана аурухананың есігін жағалаймыз ғой. Ал симптомдары білінбейтін қаншама ауру денемізге жабысып алады. Ондай аурулар – орысша айтқанда «тихие убийцы». Үндемей келіп, көздің құрылымын бұзып жібереді. Ол сізге еш білінбейді. Оны дәрігерлер тек арнайы құрылғымен ғана байқай алады. Сондықтан құралайды көзге атқан мерген болсаңыз да, кемінде жылына бір рет офтальмологқа қаралып тұрыңыз. Олар сіз байқамаған симптомдарды байқап, дәрумендер жазып береді. Линза тағайындап беруі мүмкін. Бір қарағанда, бұл соншалық маңызды болмауы мүмкін. Алайда арамызда бір көзінің «жағдайы» нашар екенін байқамай келгендер де болған. Айтып тұрмын ғой, көзі ауыратын науқас өзінің ауырып жүргенін байқамайды. Сол үшін дәрігерге жиі қаралып тұру керек. Әрі құрамында А витамині бар сусындарды ішкен абзал. Ол дәрумендер ауруды тоқтатпайды, алайда көздің саулығын бірқалыпты ұстап тұруға септігін тигізеді. Сосын көз гигиенасын сақтау керек. Көзілдірік, линза тақсаңыз, жылына бір рет емес, бірнеше рет тексеріліп тұрыңыз. Жасанды көз тамшыларын пайдалану керек. Сонымен қатар көз бұлшықеттеріне күн сайын жаттығу жасап, «шынықтыру» қажет.
– Елге жиі келіп қана қоймай, келген сайын жастармен кездесіп, бар білгеніңізді ортаға салып жүргеніңізді байқадым. Командаңызбен жасақтаған құрылғыны «болашақта Қазақстанға алып келу арманым бар» деген жазбаңызды көзім шалды. Болашақта әлемнің аузын аштыратын осындай тың дүниелерді елге келіп, жасақтау, әріптес ғалымдарды ғылыми әлеуеті мол Қазақстанға шақыру ойда бар ма? – Әлбетте, ойда бар. Менің бұл мәселені қанша уақыттан бері көтеріп жүргенімді Гонконгтегі әріптестерімнен сұрасаңыз болады. Олар менің бұл өтінішімді тыңдап-тыңдап, шаршады. Оларға «Қазақстанға барайықшы. Үкіметке жобамызды ұсынайық. Құп көрсе, мұны сол жақта дамытайық» үнемі айтамын. Алайда олар – физиктер жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мамандар ғой. «Мынадай тиімді жобаны енді қолға алып жатқанда дамушы елдерге бару қисынсыз. Ол жердегі нарық кішкентай» дейді. Қазір қай елде аһ дегізетін бір технология шықса, сол елдің ғылыми беделі арта түседі. Қай елдің ғылымы, технологиясы күшті, сол мемлекеттің әлеуеті зор, болашағы кемел. АҚШ пен Қытай, Жапония мен Англия қанша жылдан бері ғылымы озық ел атағынан айырылып қалмау үшін өзара жарысып келеді. Қазір бізге Қазақстан түгілі, Ресей секілді ірі елдерге барып жұмыс істеу тиімсіз. Өйткені ол жақтан нарыққа шығу жағы қиындау. Әлемнің ірі инвесторлары ғылымда көп тәжірибесі бар елдермен ғана жұмыс істегісі келеді. Ол да дұрыс, себебі ақша алмасу оңай, серіктестер табу да қиынға соқпайды. Әрі мұны алдағы уақтытта коммерцияландыра алады. Бұл – бұрыннан келе жатқан механизм. Екіншіден, мұнда командам, инвесторлар бар. Канадада бақылап отыратын бастықтар бар. Барлығының келісімін алмай, бір өзім кетіп қала алмаймын. Біз бұл зерттеуді әу бастан көмектесіп келе жатқан елдерде ғана жасай аламыз. Бәрін орта жолдан тастап кете алмаймыз. Алайда өнім дайын болып, оны пайдалануға рұқсат беретін қағазды алған бетте дереу Қазақстанға алып келгім келеді. Басқа елде жоқ бұл технология біздің елге бірінші болып жетсе деймін. Ол кезде демеушілер де қарсы болмайды, команда да келісіп тұр. Осылайша, елдегі көз ауруына шалдыққандардың санын азайтуға өз үлесімді қосатын едім. Бұл – ешқандай да ақша табу, пайда көру емес, менің жеке амбициям. Өйткені жоғарыда айтып өткенімдей, елде жүргенде «Жанарымды алғанша, жанымды алсаң етті» деп жылап отырған қарияларымыздың талайын көрдім. Зейнеттің бейнетін көргісі келетін олар мұндай жағдайға жетпесе екен деймін.
Бастапқыда біз тек клиникалармен жұмыс істейміз деп ойлағанбыз. Ал қазір бізге мемлекеттер тарапынан ұсыныстар келіп түсіп жатыр. 2-3 елдің Денсаулық сақтау министрімен кездесіп үлгердік. Біреуі құрылғы дайын болған соң, 1 000 данасын сатып алғысы келетінін айтты. Қазақстан тарапы бұған қызықса, ұтары көп екені анық. Болашағым туралы сөз етер болсам, алдағы уақытта елге көшіп келетінімді үнемі айтып жүрмін. Қазір бірнеше жобамен айналысып жатырмын. Басқа бағытта да бақ сынап көргім келеді. Ең бастысы, елдегі білікті мамандардың басын қосып, Англия, Канада, Гонконгте үйренгенімді оларға көрсеткім келеді. Сонымен қатар Алматы мен Астанада жеке клиникамды ашуды көздеп жүрмін. Ол жай ғана клиника емес, хаб секілді болмақ. Тек клиникалық емес, ғылыми бағытта да жұмыс істейтін орталық ашу – негізгі мақсат. Онда өзімнің ғылыми жұмыстарымды іске асырып, әрі осында бірге жұмыс істеп жүрген коллаборатор ғалымдарды шақырғым келеді. Ол ғалымдардың қолданатын әдіс-тәсілін біздің жас мамандар өз көзімен көрсе деймін. Күрделі көз отасын жасаған алғашқылардың бірі болғым келетінін де жасырмаймын. Ол үшін алдымен стратегиялық қадам жасау қажет. Адами фактор жағынан мен көп нәрсе істей аламын, тек бір құрал емес. Сондықтан жас кезімде бар күшім мен әлеуетімді елдің игілігі үшін жұмсағым келеді-ақ. Қазір елде дәрігермін деп халықты алдап жүргендер қаншама? Біреуінің дипломы жоқ, енді біреуі оны сатып алған. Сапасыз медициналық көмек көрсетудің соңы өлімге әкеп соғып жатыр. Осындай жайттарды естіп-білген кезде, намыстанасың. Сондықтан болашақта тек білікті мамандар қызмет ететін халықаралық деңгейдегі орталық ашсам деймін. – Көпшілік елден бір кеткен ғалымның қайта келуі неғайбіл екенін алға тартады. Жайлы орнын тастап, жоғары жалақысын қиып келетіндеріне сеніңкіремейді. – Бәріміз де ауылдан шықтық. Шетте жүріп өзінше болып жүрген түгіміз жоқ. Елге қайтқымыз келеді-ақ. «Әлі уақытым бар. Әлі үлгеремін» дейтіндей өмір шексіз емес. Өзің ұшқан ұяны, туған жеріңді көркейту – шетте жүрген әрбір азаматтың көкейіндегі арман шығар. Әрі-беріден соң, біз қашанға дейін дамушы ел болып жүре береміз? Біз де дамыған ел болайық. Біз де еңсемізді тіктеп, алдыңғы қатарда тұрайық. Ол үшін бізде бәрі бар ғой. Қаражат та, әлеует те. Ресурс та бар. Құдайға шүкір, кедей ел емеспіз. Тек осыны тиімді пайдалана білу керек. Қаржыны халыққа, әлемге керек инновацияға, технологияға жұмсау керек. Сонда «Бұл ота тек Қазақстанда жасалады», «Мұның емін тек Қазақстаннан табамыз» деп елге жанына дауа іздеп, жанұшырып келетіндердің қатары көбейеді. Тіпті, медицинасы әлдеқайда дамыған Израиль, Германия, Жапониядан да келсін. Еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін дұрыс бағытта пайдаланса, шетелге кетіп қалған небір мықты ғалымдарымыз ойланбастан қайтып келер еді. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Фото: Мұхит Құлмағанбетовтың жеке қорынан