Беделі биік басылым
Басылым Мұстафа Шоқайдың түбі бір түркі жұртының отын өшірмеу идеясын, асыл арманын қайта жаңғыртты. Осы қасиетті идеология бүгінде Түркі жұртының қара шаңырағы – Túrkistan басылымының мұратына айналды.
1994 жылдың 28 қаңтарында жарық көрген Túrkistan газеті – қазақ ақпарат айдынан өз орнын ойып тұрып алған пәрменді басылымдардың бірі.
Басылымның алғашқы бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қаржы тапшылығына қарамастан жаңа газет шығарды. Бірінші санынан бастап-ақ тәуелсіздік тақырыбын ту еткен бұл басылым қазақтың ғасырлар бойғы қалың мұңын сейілту бағытында өткір-өткір мақалалар жариялады. Сол жылдары айлап жалақы алмай жүргендеріне қарамастан, елінің еркіндігі жолында бар күш-жігерін сарп еткен қазақ журналистерін Отан үшін от кешкен саптағы сарбаздарға теңегім келеді. Олар сол күндерден бастап-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату мақсатында ештеңеден қаймықпай, жанкешті күреске шықты, қалам-қаруларын оңды-солды сілтеді. Себебі жас қаламгерлердің алдында, көш бастаған қара нардай қасқайып, қазақтың біртуар азаматы – Қалтай Мұхамеджановтың өзі келе жатқан еді. Тек сол кісінің арқасында Túrkistan газеті Қазақстандағы іргелі басылымға айналды, қалың қазағымен қуана қауышты. Бұл газетте сол шақтың өзінде қоғамдық өмірдің барлық саласы – экономика, тарих, саясат, дін, өнер тағы басқа тақырыптар кеңінен қамтылды. Әсіресе, Қалағаңның өз қаламынан туған, дін мен ділді, тарихты тілге тиек еткен публицистикалық шығармалары талай жылдардан бері тұманға бөккен оқырман санасын ойран-асыр еткендей болды. Túrkistan газетінің журналистері басылым жарық көрген күннен бастап, күні бүгінге дейін тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен ұлтты рухтандыру жолында талмай ізденісте келеді. Газет бетінде қаншама күрмеуі қиын тақырыптар көтерілді, елдің тізгінін ұстаған азаматтармен бірге қаншама қоғамдық құбылыстар талқыланды. Халқымыздың даңқты перзенттерінің бұған дейін толық ашылмай келген көлеңкелі келбеттері жаңа қырынан жарқырай түсті. Túrkistan газеті арқылы қазақ қоғамында жаңа тұлғалардың жаңа бейнелері жасалды. Басылым Мұстафа Шоқайдың түбі бір түркі жұртының отын өшірмеу идеясын, асыл арманын қайта жаңғыртты. Осы қасиетті идеология бүгінде Түркі жұртының қара шаңырағы – Túrkistan басылымының мұратына айналды. Бұдан отыз жыл бұрын жарық көрген Túrkistan-ның алғашқы парақтарынан бері шолу жасасақ, оның негізгі мақсаты түркі әлеміне қатысты тақырыптарды қамту болғанын көреміз. Алғашқы жылдары газет саяси және рухани-мәдени мәселелерді негізгі тақырып етіп алса, 2000 жылдан бастап мазмұн-мағынасында көптеген игі өзгерістер пайда болды. Бұл ретте газеттің жаңа басшылығы 1995 жылы қабылданған ҚР Конституциясын темірқазық етіп ұстанды. Конституция бойынша мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінің кешегісі мен бүгінгісіне талдау жасады. Оны нақты жүзеге асыру жолында не жасау, қандай әдіс-тәсілдер қолдану керегін көрсетуге тырысты. 1997 жылы қабылданған «Тілдер туралы» заңды, 1991 жылы КСРО кезінде алғаш рет тек Қазақстанда қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңмен салыстыра, талдай келе, республикалық телерадиода қазақ тілінің қолдану жүйесін тек заң аясында жүргізу қажеттігіне баса назар аударды. Сарғайған газет тігінділерін парақтау кезінде осынау тақырыптарды жан-жақты қаузаған талай-талай талдамалы мақалалар көзімізге түсті және олар әлі күнге дейін өз маңызын жоймағанына куә болдық. Бұдан кейін Túrkistan басылымы 1996 жылы қабылданған «Мәдениет туралы» заңын, 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасын» басшылыққа ала отырып, ұлт тарихына қатысты тақырыптарға бет бұрды. Ұлт және ұлттық мәдениет жайындағы мақалалар циклі газет бетінде күн құрғатпай жарық көріп отырды. Бұлардың бәрі келе-келе ұлттық идеология елімізде қай бағытта жүзеге асуға тиісті деген мәңгілік тақырыптарға ұласты. Túrkistan газетінде осы уақыт аралығында театр, кино жайында жазылған мақалалар да жетерлік. Ал басылымда жарық көрген, көріп те жатқан – бизнес, экономика, әлеумет, ғылым, өндіріс тақырыбындағы шығармалар келешекте өз зерттеуін күтіп тұр.
Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің аға оқытушысы