Әлем мойындаған ғалым
Академик Рәтбай Мырзақұлов туралы сөз
Құдайға шүкір, бүгінде қазақтың «біздерде мынада тұлғалар бар!» деп көрсетуге тұратын перзенттері баршылық. Әсіресе, ғылымда. Соның бірі – Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұлов.
Білімге талпынған бала
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» демекші, жер шарындағы бар қазақтың қаны, тамыры бір. Сондықтан олардың бәрінің рухани әлемін «Қазақ» деген бір ауыз сөз, құжатындағы «ұлты – қазақ» деген бір ғана анықтама біріктіреді. Сол оларға таусылмас жігер, қажымас қайрат пен өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілік сыйлаудан тыйылған емес. Қазақтың тілі мен мәдениетінің тұтастығының беріктігі сондай, әлемнің екі шетінен келген екі қазақ отанынан жырақ бір жат елде кездессе де, бір-бірін заматта танып, сол бойда бірін-бірі мың жылдан бері білетін туыстар секілді шүйіркелесіп кете береді. Осынау ғажайып рух тұтастығы жер бетінде қазақ халқын әлі сақтап келеді, мәңгілікке дейін де солай бола бермек.
Тілдің бірлігі – елдің бірлігі. Ана тілінде білім алған, төл мәдениетімен сусындап өскен қазақтың бәрінің бір тілек, бір арман жолында тоғысуы сөзсіз. Қазақи ортада туып-өскен, санасына қазақтың салт-дәстүрін сіңіріп, соның уызына қанған Рәтбай Мырзақұловтың балалық шағы мен ғылым өріне шыққанға дейінгі ғұмырын саралап көрген адам біздің кейіпкеріміздің қандай жолдардан өтсе де, ұлтым үшін еңбек етемін деген талпыныстан бір сәт те таймағанын білер еді. «Менің жаным әманда сарсаң кесек, Ана тіл мен туған жер ортасында» деп Рәтбайдың ақын жерлесі Қалбай Әбдіраманов айтпақшы, оның ойында бала кезден жүрген бір сауал жүретін, «ұлтым – қазақ, Қазақстан деген ел бар, бірақ мен неге басқа елде туғанмын» деген. Оны ата-анасынан сұрайтын. Олар бұған «тарихи бір кездерде Бесқала аталған, бүгінде Қарақалпақстан атанып отырған елдің 1930 жылға дейін ажырамас Қазақстанның бір бөлшегі болғанын, 1929 жылы осы өздері тұрған Тақтакөпір ауданында Кеңес өкіметіне қарсы ең алғашқы көтеріліс болып, оның соңы қарақалпақ елін сол кезде қазақты билеп отырған Голощекин дегеннің Ресейдің құрамына беріп жібергенін, 1936 жылдан бастап өзбек елі құрамына қосылғанын» айтатын. Сонда Рәтбай өзі туған жерде де қазаққа қатысты талай-талай оқиға барын сезініп, көңіліне қуаныш ұялайтын. Сондықтан ол «әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп айта беретін үлкендердің әңгімесінен көп сырды ұққандықтан туған жерін де қорашсынған емес, Атажұртын да ұмытпады. Сол арман оны атажұртының ең жоғарғы оқу орнында білім алуға талпындыратын.
«Қыран көзін қияға салады» демекші, орта мектепте жаратылыстану пәндерінен үздік бағаға оқыған сары баланың қол созған биігі тым алыста еді. Ол кезде Қазақстанда шығатын газет-журналдарды КСРО-ның бар түпкіріндегі қазақтар жаздырып алып оқитын. Рәтбай да Атажұртынан келетін газет-журналға құмар еді, әсіресе, сол тұста теңдессіз ғылыми көпшілік журнал – «Білім және еңбек» десе ішкен асын жерге қоятын. Жыл сайын сол журналды жаздырып алып, бәрін ешкімге бермей жинап жүретін Рәтбайдың онан үйренгені көп еді. Қазақ тіліндегі ғылыми мақалаларды қызыға оқитын қияндағы қазақ ауылының оқушы баласының көзін ашып, танымын тереңдете түскен «Білім және еңбектің» әрбір беті даналыққа толып тұрғандай болып көрінетін. Сол тұста журналда физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі Жабағы Тәкібаев, физика-математика ғылымдарының докторы Өмірзақ Сұлтанғазин туралы жарияланған мақалаларды оқыған жас бала солардай ғалым болуды армандап, түндер бойы қиялына ерік беретін. 1954 жылы 1 ақпанында Қарақалпақ АКСР, Тақтакөпір ауданы, Калинин атындағы колхозда (1971-1994 жылдар аралығында Георгий Димитров атындағы кеңшар, 1994 жылдан бері қарай Қоңыраткөл ауыл азаматтары жиыны) дүниеге келген Рәтбай Мырзақұловтың ата-анасы Мырзақұл Қаражанов пен анасы Қағаз Пәрменова колхоздың жұмысшылары болатын. Анасы қаталдау болғанымен, әкесі Мырзақұл жұмсақ адам еді. Содан болар, ол кісінің өзіне зекіп сөйлегені, үйде дауыс көтергені не балаларын шапалақпен тартып қалғаны Рәтбайдың есінде жоқ. Отбасында үш ұл бір қыз болды, ағасы Мұратбай мен інісі Аңсатбайдың ортасында туған мұны, неге екені белгісіз, әкесі қасынан қалдырмайтын. «Ата балаға сыншы», бәлкім, әке жүрегі осы баласының болашақта үлкен адам боларын, ауыл-елдің атын шығаратын азамат боларын сезген де шығар, әйтеуір, бұған деген ықыласы бөлекше-тұғын. «Мына бала жақсы бала, тек бір айыбы сап-сары» деп қалжыңдап отыратын, өңі өзіне тартқан баласына мейірлене қарап.
Бастауыш сыныпта өздерімен көрші тұратын Қазына апайы оқытты. Қатал ұстаз болатын. Соның арқасында Рәтбай сабаққа алғыр болып өсті. Бастауыш сыныптан соң алгебра, геометрия, физика пәндеріне қызығушылығы күшті болды. Жоғары сыныпта Рәтбайды математикадан Сәйпен мұғалім оқытты. Оны математикаға қызықтырғанда осы ұстазы. Бірақ Шымбай қаласындағы екіжылдық мұғалімдер институтын бітірген Сәйпен мұғалім (Сейфолла Разбековті ауылдастары солай атайтын) неше жылдан бері 8-сыныпқа дейінгі математиканы оқытып келгендіктен, 9-10-сыныптың алгебрасын оқыту ол кісінің тәжірибесінде болмаған. Бұл жағдай ауылдағы мектеп онжылдыққа айналған соң мұғалімге де, оның оқушыларына біраз қиындық тудырған-ды. Сондықтан орта мектептегі осы бір күрделі пәнді игеру, негізінен, оқушылардың өздерінің зеректігіне байланысты болды. Сондай қиындықтан суырылып алға шығып, оқушы кезінде алгебраны өз бетінше жақсы игергендердің алдында Рәтбай болды.
Асқақ арман жетегінде
Рәтбайдың қатарластарынан бұрынғы оқушылар ауылдағы сегізжылдық мектепті бітірген соң, 9-10-сыныпты көрші Карл Маркс атындағы совхозда (қазіргі «Мүлік» ауылы) не Тақтакөпір ауданы орталығындағы мектептерге барып, туыстарының үйінде жатып оқитын. Ал Рәтбайлар 8-сыныпты бітіріп, 9-сыныпқа көшкен жылы Димитров совхозының орталығынан жаңа онжылдық мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, 1971 жылдың бітірушілері тұңғыш рет орта мектепті өз ауылында тәмамдады. Сөйтіп, туған ауылында алғашқылардың бірі болып онжылдық мектептің түлегі атанған Рәтбай үлкен арманды үкілеп, жоғарғы оқу орнының студенті атанбаққа бел буады. Ол кезде өзге елдегі қазақтар сияқты бесқалалықтарға да Алматы деген бір арман. Ондай арман Рәтбайдың жүрегін дүрсілдетеді. Ағасы Мұратбай мұны Алматыға балаларын оқуға апара жатқан кісілерге қосып жіберді.
Бала арманның жетегінде қазақтың бас қаласы – Алматыға алып-ұшып жеткен бала ҚазМУ-дың физика факультетіне құжат тапсырды. Алайда мандаттан сүрінген Рәтбай он бір балмен конкурстан өтпей қалды (оқуға қабылданудың ең төменгі шегі – он екі балл екен). Физикадан 4, математика – ауызша 4, жазбадан 3 бағасын алған баланың жолы болмады. Бірақ аталған факультеттің сол кездегі деканы Совет Исатаев Рәтбайға «Әзірше бара бер, егер оқуға түскен балалардың біреуі келмей жатса сені міндетті түрде шақыртып аламыз» деп мұның көңіліне үміт отын жағып қойды.
Ол кездің сөзімен айтқанда «оқудан құлап қалған» бала бейтаныс ортада не істейді? «Жолы болмаған» жігіттің ауылға қайтудан басқа жолы жоқ. Рәтбай да бір жағынан бауыр басып қалған әсем Алматысын қимай, екінші жағынан ертең ауылға барғанда алдынан шығатын «құлап қалыпты» деген сөзден қорынып, амалсыздан еліне беттеді. Ол кезде ауылда «оқудан құлап қалыпты» деген сөз сауатсыз, білімсіз дегенмен бірдей. «Құлап» келіп ауылда жүру сұмдық ұят. «Құлаған» баланың ата-анасына да елдің сөзі ауыр тиеді. Бірақ амал нешік. Жұрттың сөзі басылғанша, басыңды салбыратып, қолыңнан келсе, ауылдастарыңның көзіне түсуден қашып уақыт өткізесің. Не ауылдың сыртында егін ору секілді жұмыстарға кетіп, үйіңе қараңғы түсе келесің. Әйтеуір, оқу туралы әңгіме саябырсығанша күн өткізесің...
Тағдырдың салғанына мойынсұнғанмен, Рәтбайға да бұл кезеңнен өту оңай болмады. Алматыдан елге жеткенше үйіне қалай жұрт көзіне түспей баруды ойлап келген ол, Тақтакөпір ауданы орталығына келген соң, Қоңыраткөлге кеште баратын автобусқа отырмақшы болды. Автобустың да ең соңғы орындарының біріне отырып, ауылға жетпей, сырттағы көпірдің жанынан түсіп қалу керек деп ойлады ол...
Мезгіл қыркүйек айы. Көпірден түсіп қалып, ауылдың күншығысындағы «Лесхоз» ауылына қарай жүріп, оны айналып өтіп «Абат ауылға» – өзінің үйіне қас қарайған соң барып әзер келді. Жағдайды білген соң, үйіндегілердің көңіл күйлері түсіп кетті. Бір ауыр атмосфера пайда болды. Бейне қызы қайтып келген үй сынды. Өйтпегенде ше? Бала-шағаның аузынан жырып, анау Белоруссиядан кітап сатып алып беріп оқытқан мақтаулы ұлы, мектепте ең жақсы оқушының бірі деп мақталатын бала... оқуға түсе алмай келсе не болғаны?..
Рәтбай төргі бөлмеде тығылып жатыр. Күндіз жұрттың көзіне түсуге өзі жасқанады, көрсетуге ата-анасы да намыстанады... Солай бірнеше күн өтті. Бірақ үнемі жұрттан жасырынып өмір сүре алмайсың ғой, ақыры Рәтбай да ақырындап сыртқа шығатын болды. Ауылдың солтүстік шығыс жағында Мырзақұл ақсақалдың егін егетін меншік жері болды. Сол жерге малға қыстық азыққа деп жоңышқа егетін. Соны орып жатқан кез. Анасы Қағаз апайға еріп Рәтбай да соны орысуға барған. Үн-түнсіз жоңышқа орып жатады. Сөйте-сөйте қайтадан ауылдағы өмірге үйрене бастады. Тіпті, оқуға деген ынтасы суый бастады ма, қалай?.. «Оқудан құлап» үйіне келген күні «енді не істейсің?» деген ата-анасына «ақылы даярлық курсы бар екен, күзде қайта Алматыға барып соны оқысам, келесі жылы оқуға түсуге мүмкіндік бар екен» деп көңіл-күйі түсіп отырған ата-анасының көңіліне үміт сәулесін түсіріп еді. Ал қазір ауылда шөп орып жүріп, Алматыны еске түсіргенде, ойына кілең бір жағымсыз нәрсе келетін сияқты. Ана жерге барса да, мына жерге барса да, кассада отыратын өзге ұлт өкілдері – кілең көк көз сары әйелдер ауылдан келген балаларды тез танып қоя ма, не орысшасы нашар қазақтарды жақтырмай ма, бірдеңе сұраса арп ете қалатын. Өздері түйенің жарты етіндей жуан келеді. Ол кезде Алматының қазағы қала халқының 18-20 пайызындай-ақ. Қала қазақтарының көбі орысша сөйлейтін. Ал бұл қазақы ауылдан келген балаға, әрине, жаман әсер етеді... Осыларды ойлаған Рәтбай тіпті Қарақалпақстанда-ақ оқи берсем қайтеді деген ойға келген. Осыны жоңышқа орып отырып анасына жайымен айтып көрген. Бірақ өзі оқымаса да, оқығанның қадірін білетін намысқой ана қатты ашуланды. «Болсаң, дұрыс адам бол! Өйтіп жүнің жығылатыны бар, несіне басында әуре болдың? Біз отырмыз мында ұлымыз Алматыға оқуға кетті деп. Сенің мұндай жасық екеніңді білгенде, ештеңе күтпей тыныш отырар едік қой! Ағаң оқыған техникумды менсінбей кеткен өзің, енді не деп міңгірлеп отырсың? Еркек адамда намыс деген болмай ма? Бір рет жолым болмады деп өстіп еңсеңді түсірсең, кейін қалай адам боласың?» деп қатты-қатты айтып тастады. Анасының бетіне келіп көрмеген және мына сөзі сүйегінен өтіп кеткен Рәтбай «Болды, апа, енді қалайда Алматыға оқуға түсемін!» деп сөз берді.
Ұзамай не де болса нартәуекел деген 17 жастағы бала Алматы қайдасың деп қайтадан жолға шықты. Қандай қиындық көрсе де, мойынсұнбауға белді бекем байлап, қазақтың астанасына баратын ұшаққа түсте отырып, кеште Алматыға жетті. Ертеңіне барып даярлық курсына түсті, мұнда ҚазМУ-дың оқытушылары сабақ береді екен, соның бірі аталған оқу орындарының механика-математика факультетінде сабақ беретін ұстаз. Сол кісі оқу барысында Рәтбайдың қарым-қабілетін байқап, «осыны бітіргесін біздің факультетке кел, сенен жақсы маман шығады» деп марапаттап отыратын. Шынына келгенде, Рәтбай математиканы күшті оқитын, бірақ физик болғысы келді. Сондықтан ол оқытушысына «жоқ, физикаға тапсырамын» деп кесіп айтып, көңілін қалдырғысы келмейтін.
ҚазМУ-дегі алғашқы сәтсіздіктен сабақ алған Рәтбай даярлық курсында физика мен математикаға, әсіресе, математиканың жазбаша емтиханына қатты дайындалды. Есептерді көп шығарды. Қолынан кітап түспеді. Солайша, бір жылдай теориялық білімін жетілдіріп, 1972 жылы Рәтбай ҚазМУ-дың физика факультетіне қайта құжат тапсырғанда, емтихандар саны мен конкурстан өтудің ережесіне өзгеріс кіргізілгенін білді. Бұрынғы математика (ауызша, жазбаша), физикадан (ауызша) алынатын емтихандардың қатарына енді орыс тілінен диктант жазу қосылыпты, сондай-ақ конкурстық балға орта мектеп бітіру туралы аттестатындағы бағалардың орташа балы қосылатын болған екен. Сөйтіп, сынақ тапсыру басталып кетті. Алғашқы емтиханды физикадан тапсырып «3» алып қалса да, одан кейін математиканың «ауызшасынан» 5, «жазбасынан» 4, орыс тілінен 5 бағасын алған сары бала айды аспанға бір-ақ шығарды. Негізгі үш емтиханның екеуінен жақсы нәтиже көрсеткен абитуриентке бәрі назар аудара бастап еді. Өзге елдің бір қиырынан келсе де, талабы таудай қазақ баласына ұстаздарының мейірі түскен де шығар. Барлық сынақтардан осылайша аман-есен өткен Рәтбай төрт емтиханнан 18 балл жинап, оның үстіне аттестатының орташа балы 5-ке жетіп, 23 балмен (ең жоғары балл 25 еді) ҚазМУ-дың физика факультетіне оқуға түсті. Кеше ғана «әлдеқалай болады» деген уайыммен жүрген бала бүгін қуаныштан аяғы жерге тимей жүр! Енді қуанышты хабарды тезірек елге жеткізу керек. Алдымен осында тұратын, ауылдас көршісі Айбергеннің інісі Райымбек ағасына барып қуанышын бөлісті. Сосын Алматының бас поштасына барып, ауылына – ата-анасына телеграмма салды. Телеграммаға екі-ақ ауыз сөз жазды: «ҚазМУ-ге түстім!».
Шәкірттіктен ғалымдыққа дейін
Физика факультетінде Рәтбайлар екі қазақ, екі орыс және бір ағылшын тілін оқитын – бес топ болып оқыды. Олардың арасында Орынбек Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлектері көп болды. Олардың, әрине, басқалардан оқ бойы озық болатыны айтпаса да түсінікті. Олар тақтаға шығып тақылдап сабақ айтып жатқанда, басқалары үндемей отырады. Сол үндемей жай тыңдап отыратындардың арасында Рәтбай да бар. Әрине, үндемейтіндердің тыныштығы білімсіздік емес, кейбіреулері ұялшақ болса, кейбіреулерін аналардың мысы басады. Бірақ үнемі олай болмайды ғой. Бірде математикалық анализ сабағында, «Шек» деген тарауды өтіп болған соң, бақылау жұмысын жүргізді. Бақылаудың нәтижесі барлық есепті дұрыс шығарған екі-үш студент бар екенін көрсетті. Соның бірі Рәтбай болды. Әшейінде үндемей, сабақта тым-тырс отыратын Рәтбайдың қабілеті математикалық анализ сабағын жүргізетін оқытушыны таңғалдырды. Өйтпегенде ше? Арнаулы мектепті бітіріп келген балалардан қарапайым ауыл мектебін бітіріп келген баланың қабілеті артық болса таңданбай қайтеді? Содан ол оқытушы Рәтбайды мақтап, көтермелеп жүретін болды.
Міне, Рәтбайдың математикадан осы алғырлығы оның алдағы өмірінде – ғылымдағы жетістіктерінде үлкен пайдасын тигізді. С.Киров атындағы ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітіргеннен кейін Рәтбай еліне кетіп бір-екі жыл Нөкіс мемлекеттік университетінде жұмыс істеді. Дегенмен алысты көздеген талантты жасқа ондағы ағалары Алматыға барып жұмыс істеуге кеңес беріп, ол Алатаудың баурайына қайта келді. Сөйтіп, ғылымға біржола ден қойған жас ғалым 1981 жылы Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтына барып, алдымен ғылыми тәжірибе жинақтаушы, соңынан аспирант болып жеті жыл еңбектенді. Сонда жүріп ғылыми жетекшісі Владимир Маханьковтың басшылығымен алғашқы ғылыми мақаласының бірі Швецияның ғылыми журналында жарық көрді. Аспирантурамды бітіргеннен кейін 1988 жылы Мәскеудегі П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап Алматыға келді. Өзі оқыған білім ордасында ұстаздық жасады. Ғылымдағы өз тақырыбын тереңдете зерттеген ол, араға он үш жыл салып, 2002 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың ғылыми кеңесінде «Спиндік жүйелер және сызықтық емес физиканың көп өлшемді солитондық модельдерін зерттеудің дифференциалды-геометриялық тәсілдері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, мемлекет билігі елордаға көшкеннен кейін, Рәтбай Мырзақұлов та сонда барып, қазақ ғылымын дамытуға бел байлады, сөйтіп, 2006 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шақыруымен ондағы «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сол кезде университет аясында «Еуразиялық халықаралық теориялық физика орталығын» ашып, орталықты осы күнге дейін басқарып келеді. 2010 жылы
Р.Мырзақұлов профессор атағын алды. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулер үшін Қ.Сәтбаев атындағы сыйлығының (2010-2016 ж.ж.), «Еуразия мақтанышы» сыйлығының иегері (2010 ж). 2017 жылы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру туралы жарлыққа сәйкес бірінші категорияда «Қазақстандық іргелі ғылымның әлемдегі алдыңғы қатарлы деңгейге шығуға мүмкіндік туғызатын, нақты ғаламның қасиеттерін сипаттауға арналған гравитация теориясының дамуы» тақырыбындағы еңбегі үшін әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Ал шетелден алған сыйлықтарын тізіп шығу үшін бірнеше бетті толтыру керек.
Атағы әлемді шарлаған
Бүгінде ғылым, оның ішінде жаратылыстану саласының дамуы осыдан 30-40 жылғы деңгейінен көп алға кетіп қалды, өзгеше дамып жатыр. Заман өзгерді, баяғыдай ғылымды саясат құрсаулап тұрған жоқ, ғылыми еңбегіңді қайда қорғаймын десең, қайда жариялаймын дегенге кедергі болатын нәрсе атымен жоқ. Яғни, «күшті аламанда сыналады». Бұрынғыдай сенің ғалымдығыңа, ашқан жаңалығыңа бір елде баға берілмейді, әлемдік деңгейде мойындалуыңа ешкім кесе тұрмайды, мықты болсаң, күллі әлем сол сәтінде ашқан жаңалығыңды бірден таниды.
Бұрын кезегімен кандидаттық, соңынан докторлығыңды қорғап, профессор, академик атанып алған соң мұртыңды балта шаппай жүре беретін болсаң, қазір олай жайдан-жай жүре алмайсың. Ғылыммен үздіксіз айналысып, әлемнің мықтыларымен үнемі тайталасып жүрмесең, санаттан шығып қалуың дем арасында. Міне, бүгінгі ғылымдағы осы жылдамдық Рәтбай Мырзақұлов сияқты ғылымның тынымсыз адамына бақ болды десек қателеспеспіз.
Қазір баяғыда бір ашқан жаңалығыңды қырық жыл талғажау ете алмайсың, сол себепті үздіксіз ізденіс пен өсу ғана ғалымды алты құрлыққа түгел танытады. Бұл орайда ғалымдардың жазғандары импакт факторлы журналдарға жиі жарияланып, одан өзгелер жиі сілтеме алған сайын олардың Хирша индексі өсе береді. Мәселен, дәл қазір Рәтбай Мырзақұловқа қатысты деректерді алсақ, оның шетелдердің импакт факторлы журналдарына 291 ғылыми мақаласы жарық көріп, оның сілтеме индексі 7418-ге жеткен. Осының арқасында оның қазір Хирша индексі 47-ге жеткен. Бұл бойынша қазақ ғалымы Орталық Азияда бірінші орында тұр. Үндістанның Бхаратхидасан, Италияның Саленто, АҚШ-тың Калифорния және Жапонияның Нагоя университетінде дәріс берген Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының және Еуропалық жаратылыстану академиясының академигі (Германия) Рәтбай Мырзақұловтың ғылымдағы жетістіктерінің өзін санамалау да оңай емес. 2022 жылғы 3 қарашада жарияланған Elsevier ғылыми баспасының соңғы деректеріне сәйкес, Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастыратын «Әлемдегі ең беделді 2% ғалымдардың» (World's Top 2% Scientists) екі рейтингіне кірген Р.Мырзақұлов теориялық физиканың және математиканың, астрофизика, космология, дифференциалдық геометрия, гравитация, солитондар теориясы, дифференциалдық теңдеулер секілді бірнеше саласымен айналысады. Ол «Мырзақұлов гравитациясы» деп аталатын бірнеше теория ұсынды. Сонымен қатар ол «Мырзақұлов теңдеулері», «Мырзақұлов-Лакшманан теңдеулері» деген атпен танылған бірнеше дифференциалдық теңдеулер енгізді. Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай, шын мәнінде, бұл үздіксіз тер төгіп қана қоймай, сол тердің өтеуіндей ғылымға қосылған жаңалықтар. Сондықтан «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай, бүгінде ұлтының, мемлекетінің атын шығарып жүрген Рәтбай Мырзақұлов – қазақтың мақтанышы. Ақиқат үшін айта кетейік, осыдан тура он жыл бұрын бізде мынадай ғалым бар деп, қазақ еліне Мырзақұлов жетістіктерін көпшілікке баспасөзде алғаш жазған біз едік, шүкір, бүгінде бар қазақ оның атын біледі, жетістігін мақтан етеді.
А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ