Қырғыз парламентіндегі блогер жазбаларын бақылау жөніндегі заң жобасы кері қайтарылды
Қырғыз парламентіндегі блогер жазбаларын бақылау жөніндегі заң жобасы кері қайтарылды
Интернет қолданушылардың құқығы мен міндетін айқындайтын заң жобасын ұсынушылар Жогорку Кеңештен құжатты қайтарып алған. Бұл жөнінде құжат авторларының бірі, «Республика – Ата-Журт» фракциясының депутаты Алтынай Омурбекова мәлімдеді.
Оның сөздерінше, қоғамдық талқылау кезінде заң жобасына қарсы көптеген сындар айтылған. Бастамашыл топ өзара ақылдасып, кері қайтаруды шешкен. «Біз құжатты өзіміз тағы қарап шығамыз. Бұл жалған ақпаратты таратуға қарсы бағытталған еді. Біз блогерлермен, заңгерлермен кеңесіп, құжатты қайта жазып шығамыз», - дейді Омурбекова.
Аталған заң жобасы 3 наурызда қоғамдық талқылауға шығарылған. Әлеуметтік желілерде және БАҚ-та құжат сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін шектейді деген пікірлер айтылды.
Құжатта тәулігіне мыңнан астам жазылушылары бар адамдар блогерлер деп аталады деген. "Олар еркін ақпарат алуға құқылы, бірақ жазбаларына өздерінің аты-жөндері мен электронды пошталарын көрсетуге міндетті" деп көрсетілген. Сонымен бірге блогерлерді арнайы мемлекеттік реестрге енгізілетіні жазылған.
Кейбір заңгерлер қырғыз депутаттары ұсынған заң жобасын былтыр Ресейде қабылданған заңмен теңестірді.