Шығармашылығымды шыңдаған ұстахана
Túrkistan газеті – жастығым өткен, рухани тұрғыдан жетілген, шығармашылық тұрғысынан шыңдалған, менің ұстаханам. Бүкіл журналистік карьерам осы газетпен байланысты.
Túrkistan газетінің сараптамалық бағыты, не нәрсеге де сыни көзқарасы менің бүкіл даму жолыма әсер етті десе де болғандай. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі бес-он жылда отандық баспасөзде, әсіресе, мерзімді басылымда тың серпілістер болды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ресми органы болып «Ана тілі» апталығы шықты. Оның өзі баспасөз нарығындағы ерекше құбылыс еді. Іле-шала Túrkistan газеті оқырманға жол тартты. Басылымның Túrkistan аталуының өзі тегіннен-тегін емес. Ол бүкіл түркі жұртының жоғын жоқтаушысына айналуды мақсат етті әрі сол мақсаттың үдесінен шыға білді деп ойлаймын. Осындай ірі басылымның 15 жылы менің шығармашылығыммен байланысты болуы менің мақтаныш сезімімді оятады. Сол бір балаң жылдардың (тәуелсіздіктің де алғашқы баспалдағы, менің де жастық шағым еді) естелігіне бойласам, неше бір картина көз алдымда сырғи бастайды.
Túrkistan-да жазылып, шешімін тапқан түйткілдер
...«Қазақ Елі» еларалық газетінде қызмет істеп жүрген кезім еді. Кімнен естігенін қайдам, Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов, газеттің негізін қалаушы) менің төте араб жазуындағы мұраларды оқи алатынымды естіпті. Ол кезде ұялы байланыс деген атымен жоқ заман ғой, жұмыс телефоным шыр ете түсті. – Túrkistan газетіненбіз, Қалағаң сізбен сөйлесем дейді, – деді хатшы апай. Сосын қосты. Ағайдың дауысы тым жұмсақ екен: – Айналайын, бір өтінішім бар еді, редакцияға келіп кете аласың ба? – деді. Ондай үлкен адам өтініш айтып тұрса, қалай жерге тастайын, тізгін ұшымен келдім. Ол кезде Túrkistan газеті Бөгенбай батыр мен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы екіқабатты ескі ғимаратта отыратын. Қалтай аға маған бірнеше көне мұраларды беріп, кириллицаға аударып беруімді өтінді. Ол кезде менің ендігі тағдырым осы газетпен байланысты болады деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді. Алайда көп күттірмеді, нақты қанша уақыттан кейін екенін білмеймін, нарық деген жалмауыз көп газеттің тағдырына балта шапты. Солардың бірі «Қазақ Елі» газеті болды. 1998 жылдың көктемінде газеттің қаржылық жағдайы қиындап кетті-ау деймін, біраз қызметкерін қысқартты, қалғандарымызды кезекпен ақысыз демалысқа жібере бастады. Айлап айлық, қаламақы алмайтын болдық. Кәдімгі жұмысы бар қайыршыға айналудың аз-ақ алдында едік. Үкімет те қарап отыруды жөн көрмеген секілді, «қазақ басылымдарының басын қосып, бір ірі холдинг құрылмақшы екен» деген сыбыс тарады. Ақысыз демалыста жатсақ та, сол ірі құрылымның құрылуын күттік. Өкінішке қарай, «Қазақ Елі» газеті «Қазақ газеттері» ЖШС-ның құрамына кірмей қалды. Үкімет бұл газетті жабуды дұрыс санаған екен. Сөйтіп, біз автоматты түрде жұмыссыз қалдық. Амал жоқ, «Қазақ газеттерінің» президенті болып тағайындалған марқұм Жұмабек Кенжалин ағамыздың алдына бардым. Ол кісі мені Túrkistan-ға бағыттады. «Бір есік жабылса, екінші есік ашылады» дейді ғой қазақ. Бір жағынан «Қазақ Елі» газетінің жабылуы менің журналистикадағы жолымның басқа арнаға түсуіне себепші болған секілді. Túrkistan-ға 1999 жылдың қараша айында келдім. Сол кездегі газеттің жауапты хатшысы Көлбай Адырбекұлы аға мені ертіп келіп, өзі отырған кабинеттен орын нұсқады. Байқаймын, көбі менің жұмысқа келгенімді жарата қоймаған секілді. Сөйтсем, Túrkistan газетінің өзі бірнеше ай көлемінде қаржысыз отыр екен. «Өзіміз жарымай отырғанда, жаңа адамдарды неге ала береді...» деген күңкілді де естіп қалдық. Десе де, газеттің сол кездегі бас редакторы Шамшидин Паттеев жарғақ құлағы жастыққа тимей, газетті қаржыландырудың жолдарын іздеді. Тапты да. Газет мен келгенде А2 форматымен, төрт беттік болып жарық көретін. Көп ұзамай сегіз, сосын он екі бетке көшті. Сөйтіп, Қазақстандағы айтулы, ірі форматты, сараптамалық басылымға айналды. Газетте жұмыс істеген әрбір қызметкердің өз қолтаңбасы болды. Әуелі мен мәдени-рухани мәселелерді жазудан бастадым, келе-келе әлеуметтік, саяси проблемаларды індете жазуды мақсатқа айналдырдым. Біздің жазған әрбір материалымызға жоғарыдағы құзыретті тұлғалар жауап қайтаратын. Ұмытпасам, 2002 жылы болуы керек, біз әскери комиссариаттан әскери билет алуға бардық. Советтер одағы келмеске кетсе де, біздің қолымызға КСРО-ның қызыл әскери билетін табыстады. Бұл біздің намысымызға жаман тиді. Әскери билеттің суретін салып, «Әскер де КСРО-ны қимайды екен» деген шағын мақаланы газеттің бірінші бетіне жариялап жібердік. Кері байланыс көп күттірген жоқ, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов келесі нөмірде-ақ жауап беріп, елімізде қағаз тапшылығынан ескі құжаттарды ауыстыра алмай жатқандарын тілге тиек етіпті. Ал Әскери комиссариат сол күннен бастап, ескі үлгідегі СССР-дың құжаттарын беруді кілт тоқтатыпты. Менің індете жазған тақырыптарымның бірі – білім мәселесі. 2003 жылы Білім және ғылым министрі болып келген Жақсыбек Құлекеев осы салада біраз реформа жасады. Соның бірі – ҰБТ еді. Алғашқы жылдары ұлттық бірыңғай тестілеуде білім гранттары қазақ және орыс топтарын бітірген түлектерге теңдей 50/50 принципімен бөлініп келді. Алайда қазақ мектебін бітіруші түлектердің үлес салмағы анағұрлым көп болатын. Біз осы мәселені жыл сайын көтерумен болдық. Жақсыбек Құлекеев мырзамен жасаған сұхбатымызда да білім гранттарын мектеп түлектерінің үлес салмағы бойынша бөлу мәселесі жайында әңгімелестік. Министр келесі жылдан бастап пайыздық үлес салмақтың ескерілетінін айтып, ресми жауап берді және уәдесінде тұрды. Сөйтіп, мектеп түлектері алдындағы бір әділетсіз шешімнің дұрыс жолға түсуіне ықпал еттік. Тағы бір мәселе – Қазақстанға қоныс аударған қандастар мәселесі. Бұл мәселені індете жазып жүріп, қандастарға кезек күттірмей азаматтық беру мәселесін шешуге мұрындық болдық. Азаматтық туралы заң 2002 жылы қабылданды. Сөйтіп, келгеніне он жыл болса да, азаматтық ала алмай сергелдеңге түсіп жүрген жүздеген мың отбасының проблемасы шешілді. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады. 2011 жылы «Жаңаөзен оқиғасына» саясаткерлердің газет беттерінде бұл оқиғаға Қарақалпақстан, Өзбекстаннан келген оралмандарды кінәлі етуі, тарих доңғалағын кері айналдыруға түрткі болды. Сөйтіп, 2012 жылы «Азаматтық туралы» заңға өзгертулер енгізіліп, оралмандар төрт жылсыз азаматтық ала алмайтын болды. Сонымен қатар олар басқа шетелдіктермен бірдей төлем қабілетін растауға мәжбүр етілді. Осы саясатқа түбегейлі қарсылық танытып, тұрақты жазуымыздың арқасында, 2014 жылы заң қайтадан либералданды. Қандастардың азаматтық алу процесі бұрынғыдай жылдам әрі тез жүзеге асырылатын болды. Дәл сол жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған, марқұм Бердібек Сапарбаев ағамыз «Нұрлы көш» бағдарламасын жасап шықты. Бұл жоба да өте жақсы бастама болды, әсіресе, қандастарды солтүстік облыстарға арнап қоныстандыру идеясы жақсы қолдау тапты. Амал не, жемқорлықтың салдарынан оның да ғұмыры ұзаққа бармады. Сол кезде мен Бердібек Сапарбаев ағамыздан бірнеше рет сұхбат алған екенмін.
Дидағаңның тағылымы
Дидахмет Әшімханұлының атына, даңқына ертеректен қанық болып жүргеніммен, етене таныстығым, араластығым Túrkistan газетіне қызметке орналасқан күннен басталды. Оған дейін, шынын айтсам, ол кісінің шығармаларын да оқымаған едім. Дидахмет аға менің рухани өсуіме, жетілуіме тікелей бағыт-бағдар беріп, зор үлес қосты. Біз ол кісіні – Túrkistan газетінің идеологы, идея генераторы дейтінбіз. Өзі ұсақ-түйекті жазуды жаны сүймесе де, бізге үнемі жаңа айдарлар ашып беретін. Сол кісінің ақылымен газетте «Олар қазақ мектебінде оқыған», «Ол және ол туралы» атты айдарлар аштық. Осы айдарларды жүргізу барысында қазақ тарихында ойып орын алатын талай тұлғалар жайында жазуға мүмкіндік алдым. Болатхан Тайжан, Герольд Бельгер, тіпті тұлғалық қасиеті қайшылыққа толы Әліби Жангелдин, Айтан Нүсіпхан… Айта берсең, бұл тізімді біраз созуға болады. Соның ішінде маған ерекше әсер еткен бірнеше тұлға болды. Олар – Айтан Нүсіпханұлы, Герольд Бельгер және Болатхан Тайжан болатын. Дидағаң біздің саясатты, бір күндік арзанқол дүниелерді жазғанымызды қолдамайтын. Руханияттың негізі ретінде – әдебиетті, мәдениет пен ұлттық рухты көретін. Әрі осы мәселелерді жазғанымызды құптайтын. Шетелдің әлем-жәлем, руханиятымызды лайлайтын даңғаза музыкасын ұнатпайтын. Бірде Алматы қаласында өтетін «Азия дауысы» конкурсы туралы жазып келдім. Дидағаң қабылдамады. Ал біздің осы конкурсқа ақпараттық демеуші болғанымызды естігенде, кәдімгідей ренжіді. Өйткені бұл даңғазалар біздің ұлттық кодымызды бұзып, рухани тұнығымызды лайлайды деп түсінетін. Дидағаң ұнататын жанрдың бірі – естеліктер еді. Жазушылардың, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің естеліктерінде, өзара жазысқан хаттарында тарих бар деп түсінетін. Әрі сол естеліктерге қол жеткізсек, бізден мықты жан жоқтай сезінетін. Ең алғаш көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына орай, оның үлкен ұлы Арыстан ағамен сол Дидағаңның нұсқауымен сұхбат алған едім. Қасым Аманжолұлының туғанына 100 толуына орай оның қызы Дариға Аманжолованы тауып сұхбаттастық. Міне, ұлы тұлғалардың көзі, тірі шежірелерді тауып, олардың сыр-сұхбатын тыңдаудың өзі бізге қаншама ғибрат сыйлады деңізші. Өзі де естелік жазуға құнтты екенін айтатын. Бізге де күнделік жүргізіп отыруды аманаттайтын. Бірақ бізге Дидағаңдай ұқыпты болған қайда?!
Дипломат әрі демократ Шәмші аға
Шамшидин Паттеев ағамыз біздің қаржылық мәселемізге бас ауыртумен жүгіріп жүретіндіктен, ол кісіге жиі жолыға бермейтінбіз. Алайда әрбір бейсенбі сайын өтетін «летучкамызда» біраз мәселені талқылап, идеяларына қанығушы едік. Газеттің әрбір санын мұқият оқып, ұнатқан, ұнатпаған ойларын ортаға салатын. Келесі нөмірді талқылайтынбыз. Сол кезде Шәкеңнің айтқан бір сөзі менің өмірлік кредома айналған секілді. «Журналист үнемі идеямен жүруі керек. Тапсырмамен жұмыс істеген журналист журналист емес. Өзіндік тақырыптарың және қағидаларың болсын» дейтін. Бұл идея бәрімізді өз бетінше ізденуге, тың тақырыптар табуға жетеледі. Шәмші аға газет шығып жатқан күндері мақалалардың барлығын тыңғылықты оқитын. Саяси мәселелерге орай бір сөйлеміңді немесе абзацыңды қысқартуға мәжбүр болса, өзіңді шақырып алып, ескертетін. Келісіміңді сұрайтын. Біз мемлекеттің ақпараттық саясатын түсінгендіктен ол кісімен амалсыз болса да келісетінбіз. Қызметкерлерін еш уақытта алаламаған, ешкімге басымдық бермеген, тек істеген еңбегің үшін ғана адал бағалаған Шәкеңнің Túrkistan газетінің атының дүрілдеуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісі біздің бойымызда медиаменеджментті ғана емес, сонымен қатар ақпаратты синтездеу, анализдеу, сүзгілеу, сынай білу мәдениетін де қалыптастырды. Қазір де «Мінбер» сайтына материалдар жариялай отырып, Шәмші ағаның ұстаханасын жадымда ұстауды әдетке айналдырдым. Пропаганда, манипуляция немесе біреулерге қарадай жала жабу, біржақты қаралау мәселелерінен бойымызды аулақ ұстадық. Бұл нөмірде біреуді сынасақ, келесі нөмірде міндетті түрде сын садағына ілінген адамның өзіне мінбер беретінбіз. Журналистиканың объективтілігін де, жан-жақтылығын да үйретті. Көп қазақ газеттерінің батылы бара бермейтін, қазақтың саяси оппоненттері Сергей Дуванов, Петр Своик, т.б. тұлғалармен сұхбаттар ұйымдастырдық. Біз үшін ішкі цензура, тыйым салынған тақырып аз еді. Қызметкерлерін үнемі қолдап, қиын-қыстау кезеңде де қорғап қалуға жанын салатын. Мәселен, бір Мемлекеттік хатшыны сынағаным үшін, мені жұмыстан шығаруға жоғарыдан бұйрық алған екен. Ол кездегі министр Дархан Мыңбай да, газеттің бас редакторы Шамшидин Паттеев те мені жұмыстан қууға үзілді-кесілді қарсы болыпты. Мен жұмыс істеген Túrkistan туралы шағын естелік осылай болды. Газеттің ғұмыры ұзақ, айтары көп болсын. Оқырманы көбейе берсін.
Есенгүл Кәпқызы, SDU-дың ассистент профессоры, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі